"Ең жоғары лауазымды тұлға": жаңа Конституцияда Қазақстан президенті туралы не айтылған
Опубликовано:
Читать на русском
Қазақстанның жаңа Конституциясында елдің ең жоғары лауазымды тұлғасы – президенттің барлық өкілеттігі көрсетілген, деп хабарлайды жаңа Ата заңның жобасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Жаңа Конституция жобасында президент туралы үшінші бөлімде жазылған.
42-бап
- Қазақстан Республикасының президенті – мемлекет басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, Қазақстан атынан ел ішінде және халықаралық қатынастарда өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға.
- Қазақстан Республикасының президенті – халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі.
- Қазақстан Республикасының президенті мемлекеттік биліктің барлық тармағының үйлесімді әрі кедергісіз жұмыс істеуін, билік органдарының біртұтас Қазақстан халқының алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді.
43-бап
1. Қазақстан Республикасының президентін Қазақстан Республикасының кәмелетке толған азаматтары конституциялық заңға сәйкес жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жеті жыл мерзімге сайлайды.
Конституцияға сәйкес бір адам бір реттен артық Қазақстан Республикасының президенті болып сайлана алмайды.
2. Қазақстан Республикасының президенті болып тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді жетік меңгерген, Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын, жоғары білімі бар және мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымда кемінде бес жыл жұмыс істеген Қазақстан Республикасының азаматы сайлана алады.
3. Қазақстан Республикасы президентінің кезекті сайлауы оның өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейінгі екі айдан кешіктірілмей өткізіледі және Қазақстан Республикасы Құрылтайының жаңа құрамын сайлау мерзімімен тұспа-тұс келмеуге тиіс.
4. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың елу пайызынан астам дауысын алған кандидат сайланды деп саналады. Кандидаттардың ешқайсысы елу пайыздан астам дауыс санын ала алмаса, ең көп дауыс санын алған екі кандидат қайта дауысқа салынады. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауыс санын алған кандидат сайланды деп саналады.
5. Осы баптың 1-тармағының ережелері өзгермейді.
44-бап
- Қазақстан Республикасының президенті: "Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, өзіме жүктелген Қазақстан Республикасы Президентінің мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін", – деп халыққа ант берген сәттен бастап қызметіне кіріседі.
- Ант беру сайлау қорытындысы жарияланған күннен бастап бір ай ішінде Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының, Конституциялық соты, Жоғарғы соты судьяларының, экс-президенттерінің, сондай-ақ қоғам өкілдері мен шақырылған шетел азаматтарының қатысуымен өткізіледі. Конституцияның 51-бабында көзделген жағдайда Қазақстан Республикасы президентінің өкілеттігін қабылдаған тұлға Қазақстан Республикасының президенті өз еркімен орнынан түсуіне, денсаулық жағдайына қарай өз міндеттерін жүзеге асыруға қабілетсіздігінің дендеуіне немесе лауазымынан кетірілуіне байланысты мерзімінен бұрын лауазымынан босатылған не қайтыс болған күннен бастап жеті күн ішінде ант береді.
- Қазақстан Республикасы президентінің өкілеттігі жаңадан сайланған Қазақстан Республикасы президенті қызметіне кіріскен сәттен бастап, сондай-ақ Қазақстан Республикасы президентінің өз еркімен орнынан түсуіне, денсаулық жағдайына қарай өз міндеттерін жүзеге асыруға қабілетсіздігінің дендеуіне немесе қызметінен кетірілуіне байланысты мерзімінен бұрын лауазымынан босатылған не қайтыс болған жағдайда тоқтатылады. Қызметінен кетірілгендерден басқа, Қазақстан Республикасының барлық бұрынғы президенттерінің Қазақстан Республикасының экс-президенті атағы болады.
45-бап
- Қазақстан Республикасының президенті өкілді органның депутаты болып сайлануға, өзге де ақы төленетін лауазымды атқаруға және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға құқылы емес.
- Қазақстан Республикасының президенті өз өкілеттігін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болуға құқылы емес.
- Қазақстан Республикасы президентінің жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметші лауазымында, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшы лауазымында болуға құқылы емес.
46-бап
Қазақстан Республикасының президенті:
- Қазақстан халқына елдегі жағдай мен Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы жолдау жасайды;
- депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен берілген Құрылтай келісімімен Қазақстан Республикасының вице-президентін тағайындайды; Қазақстан Республикасының вице-президентін лауазымынан босатады, оның өкілеттігін айқындайды. Құрылтай Қазақстан Республикасының вице-президентін тағайындауға келісім беруден қайта бас тартқан жағдайда Қазақстан Республикасының президенті Құрылтайды таратады;
- Қазақстан Республикасы Құрылтайының кезекті және кезектен тыс сайлауын тағайындайды; Құрылтайдың бірінші сессиясын шақырады және оның депутаттарының Қазақстан халқына беретін антын қабылдайды; Құрылтайдың кезектен тыс сессиясын шақырады; Құрылтай ұсынған заңға бір ай ішінде қол қояды, заңды халыққа жария етеді немесе заңды не оның жекелеген баптарын қайта талқылап, дауысқа салу үшін қайтарады;
- Құрылтайда өкілдігі бар саяси партиялар фракцияларымен консультациядан кейін Қазақстан Республикасы премьер-министрінің кандидатурасын келісім беру үшін Құрылтайдың қарауына ұсынады; депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен берілген Құрылтай келісімімен Қазақстан Республикасының премьер-министрін тағайындайды; Қазақстан Республикасының премьер-пинистрін лауазымынан босатады; премьер-министрдің ұсынуымен үкімет құрылымын айқындайды; Құрылтаймен консультациядан кейін премьер-министр ұсынған үкімет мүшелерін тағайындайды; сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер министрлерін дербес тағайындайды; үкімет мүшелерін лауазымынан босатады; үкімет мүшелерінің антын қабылдайды; аса маңызды мәселелер бойынша үкімет отырыстарына төрағалық етеді. Құрылтай Қазақстан Республикасының премьер-министрін тағайындауға келісім беруден қайта бас тартқан жағдайда Қазақстан Республикасының президенті Құрылтайды таратады;
- Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының төрағасын, Жоғарғы сотының төрағасын, Ұлттық банкінің төрағасын, Бас прокурорын, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын, Орталық сайлау комиссиясының төрағасын, Жоғары аудиторлық палатасының төрағасын, Жоғары сот кеңесінің төрағасын, Мемлекеттік күзет қызметінің бастығын, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілді тағайындайды және оларды лауазымынан босатады;
- Қазақстан Республикасының президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарды құрады, таратады және қайта құрады, олардың басшыларын тағайындайды және лауазымынан босатады;
- Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдік басшыларын тағайындайды және кері шақырып алады;
- депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен берілген Құрылтай келісімімен Конституциялық соттың он судьясын сегіз жыл мерзімге, Орталық сайлау комиссиясының алты мүшесін бес жыл мерзімге, Жоғары аудиторлық палатаның сегіз мүшесін бес жыл мерзімге тағайындайды; оларды лауазымынан босатады. Құрылтай Конституциялық сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауға келісім беруден қайта бас тартқан жағдайда Қазақстан Республикасының президенті Құрылтайды таратады;
- Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы болып табылады, Қарулы Күштердің жоғары қолбасшылығын тағайындайды және лауазымынан босатады;
- жалпыхалықтық референдум өткізу туралы шешім қабылдайды;
- адамның және Қазақстан Республикасы азаматының құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті, мемлекеттің егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету үшін Конституциялық сотқа күшіне енген заңның немесе өзге де нормативтік құқықтық актінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 93-бабында көзделген жағдайда қорытынды беру туралы өтініш жібереді;
- Қазақстан Республикасының атынан келіссөздер жүргізеді және халықаралық шарттарға қол қояды; ратификациялық грамоталарға қол қояды; Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің, сондай-ақ халықаралық ұйым басшыларының сенім және кері шақыру грамоталарын қабылдайды;
- Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларын, құрметті атақтарды белгілейді;
- Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттайды, құрметті атақтарды, жоғары әскери атақтарды, сыныптық шендерді, дипломатиялық дәрежелерді, біліктілік сыныптарын береді;
- Қазақстан Республикасының азаматтығы мәселесін, саяси баспана беру мәселесін шешеді;
- кешірім беруді жүзеге асырады;
- Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына, ішкі саяси тұрақтылығына, азаматтарының қауіпсіздігіне тікелей қатер төнсе және бұл мемлекеттік конституциялық органдардың жұмыс істеуін бұзуға алып келсе, Қазақстан Республикасының премьер-министрімен және Құрылтайының төрағасымен ресми консультациядан кейін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында немесе жекелеген аймақтарында төтенше жағдай енгізуді, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін қолдануды қоса алғанда, осы мән-жайлар талап ететін шараларды қабылдайды;
- Қазақстан Республикасына қарсы агрессия жасалған не оның қауіпсіздігіне сырттан тікелей қатер төнген жағдайда Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында немесе оның жекелеген аймақтарында әскери жағдай енгізеді, ішінара не жалпы жұмылдыру жариялайды, бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Құрылтайына дереу хабарлайды;
- өзіне бағынатын Мемлекеттік күзет қызметін құрады;
- Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігін құрады;
- Қауіпсіздік кеңесін, өзге де консультативтік-кеңесші органдарды, сондай-ақ Жоғары сот кеңесін құрады;
- Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
47-бап
1. Қазақстан Республикасының президенті Конституция мен заңдар негізінде және оларды орындау үшін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында міндетті күші бар жарлықтар мен өкімдер шығарады.
2. Қазақстан Республикасының президенті Құрылтай өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылып, ол уақытша болмаған кезеңде Қазақстан Республикасының конституциялық заң күші немесе заң күші бар жарлықтар шығарады.
3. Қазақстан Республикасының президенті қол қойғанға дейін заңдарға Құрылтай төрағасы мен премьер-министр алдын ала қол қояды және оларға заңдардың Конституция мен заңдарға сәйкестігі үшін жауаптылық жүктеледі. Үкімет бастамасымен шығарылатын Қазақстан Республикасы президентінің актілеріне премьер-министр алдын ала қол қояды және оған актілердің Конституция мен заңдарға сәйкестігі үшін жауаптылық жүктеледі.
48-бап
1. Қазақстан Республикасының президентіне, оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиісуге болмайды.
Мемлекетке опасыздық жасауды қоспағанда, президент өкілеттігін атқару барысындағы әрекеті үшін Қазақстан Республикасының президенті қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тартылмайды.
2. Қазақстан Республикасының президенті мен оның отбасын қамтамасыз ету, қызмет көрсету және күзету мемлекет есебінен жүзеге асырылады.
3. Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасының экс-президенттеріне де қолданылады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2337992-eng-zhogary-lauazymdy-tulga-zhanga-konstitutsiiada-qazaqstan-prezidenti-turaly-ne-aitylgan/