"Шұғыл ретке келтіру керек": Тоқаев үкімет пен Ұлттық банкке инфляцияны төмендетуге қатысты тапсырма берді
Опубликовано:
Мемлекет басшысы үкіметтің кеңейтілген отырысында елде инфляцияның шарықтап кетуіне жол бермеу керек екенін айтты. Президент үкімет пен Ұлттық банкке нақты тапсырма берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі инфляцияны ойға қонымды, қалыпты деңгейге түсіру қажет екенін баса айтты.
"Оның шарықтап кетуіне жол бермеу керек. Инфляцияның не себепті жоғары болып тұрғаны белгілі, кеселдің себебі анықталды. Енді осы мәселені шешу керек. Бірақ ұсынылатын шаралар елдің дамуына кері әсерін тигізбеуі қажет. Дәл осы тұста түрлі пікір айтылып жатыр.
Үкімет пен Ұлттық банкке бірлесіп нақты іс-қимыл алгоритмін әзірлеуді тапсырамын. Осы маңызды жұмысқа барлық мекеме өкілдері мен сарапшылар қатысуға тиіс.
Тағы да қайталап айтамын: қолайсыз ахуалды шұғыл ретке келтіру қажет. Биылдан бастап үш жыл қатарынан инфляцияны төмендету үшін нақты шаралар қабылдау керек. Бірлескен іс-қимыл бағдарламасын сапалы орындау айрықша маңызды.
Мәселені шешудің орнына бос сөзді көбейтіп, қажетсіз "жол карталарын" әзірлеу – жауапкершіліктен қашу деген сөз", - деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ондай жағдайда қатаң шара қолданылатын алдын-ала ескертті.
"Халықтың табысы артса ғана, нақты нәтижеге қол жеткіздік деп санауға болады", - деді мемлекет басшысы.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз