"Әркім өз білгенін жасағанды қою керек": Тоқаев үкіметке бюджет бағдарламаларына ревизия жүргізуді тапсырды
Опубликовано:
Мемлекет басшысы үкіметке биыл 1 мамырға дейін бюджет бағдарламаларына ревизия жүргізіп, мемлекет есебінен қаржыландырылатын жобаларды іріктеу механизмін жетілдіру тапсырды. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Президенттің айтуынша, фискалдық саясаттың тиімділігіне, ең алдымен, бюджетті ретке келтіріп, қаржы тәртібін қатаң сақтау арқылы қол жеткізуге болады.
"Мемлекеттің тиімсіз шығындарын қысқарту үшін қолданыстағы бюджет бағдарламаларын бастан-аяқ қайта қарау қажет. Бұл – өте маңызды міндет. Мұны орындауды созбалаңға салмаңыздар. Бұл істе Қаржы және Экономика министрліктері қатаңдық пен табандылық танытуы керек.
Бюджет қаржысын игерудің қазіргі критерийінен бас тартып, мемлекеттік инвестицияның тиімділігін басқаруды күшейткеніміз дұрыс.
Үкімет пен әкімдер бюджеттің игерілмей қалуынан қауіптеніп, жобаларға қаржы бөлу тәжірибесін доғаратын кез келді. Ең сорақысы, мұндай шешімдер субъективті түрде қабылданып, қаржы таңдаулыларға ғана беріледі.
Тоқетері, әркім өз білгенін жасағанды қою керек. Енді мұндайды мемлекет мүддесіне қасақана қарсы әрекет ету деп қарастырамыз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Президенттің пікірінше, бюджет қаржысы азаматтарымызға нақты пайда әкелетін және ұлттық экономиканың дамуына септігін тигізетін жобаларға берілуге тиіс.
"Үкіметке биыл 1 мамырға дейін бюджет бағдарламаларына ревизия жүргізіп, мемлекет есебінен қаржыландырылатын жобаларды іріктеу механизмін жетілдіру тапсырылады. Бұл квазимемлекеттік секторға да қатысты.
Мен жолдауда бұл мәселе туралы айттым: бюджеттік шығындардың ашықтығын қамтамасыз ету үшін, яғни қаржының қайда, қалай және не үшін жұмсалып жатқаны айқын болуы үшін цифрлық теңгені белсенді пайдалану қажет", - деді мемлекет басшысы.
Президент қазіргі таңда бұл тәсіл мемлекеттік сатып алу жүйесінде, субсидиялау кезінде, сондай-ақ Ұлттық қордан ірі жобаларға қаражат бөлу барысында тиімді қолданылып жүргенін атап өтті.
"Бұл құралды басқа да салаларға енгізіп, аясын кеңейту керек", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз