"Сөзімді толық түсінбегендеріңіз байқалады": Тоқаев үкімет мүшелеріне кітап оқуға кеңес берді
Опубликовано:
Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында шенеуніктер оның соңғы сұхбатын " ықылас қойып оқымағанын", өйткені интернет оларды ұзақ мәтіндерді оқудан алыстатқанын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жазалаушы менталитеттен арылатын кез келді. Салық органдары мен салық төлеушілер арасында серіктестік және өзара сенім қағидаты орнығуға тиіс. Мемлекет пен бизнестің тиімді ықпалдастығын жолға қою керек.
"Бұл жөнінде жақында Turkistan газетіне берген сұхбатымда айттым. Үкіметтің кейбір мүшелерімен әңгімеден ұққаным, оны бәрі бірдей ықылас қойып оқымаған секілді. Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысындағы сөзімді де толық түсінбегендеріңіз байқалады. Интернет ұзақ мәтіндерді оқудан алыстатты. Оның үстіне кітаптар мен мақалаларды оқымай-ақ, мазмұнын тыңдай салатын мүмкіндік пайда болды. Бірақ бұл мемлекеттік қызметкерлерге жараспайтын әдет. Оқу керек. Әйтпесе, зейнет жасына жеткен кезде, ойлану қабілетінен айырылып қаласыздар", - деді президент үкімет мүшелеріне.
Банктер, агрегаторлар мен маркетплейстер салықтық әкімшілендірудің әрекет ету аясына толықтай еніп, салық агенттері міндетін атқаруға тиіс.
Сонымен қатар мемлекет басшысы Ұлттық тауарлар каталогы мен Отандық тауар өндірушілері реестрін жедел іске қосып, тауарларды цифрлық таңбалау жүйесін кеңейткен жөн екенін айтты.
"Бірақ тауар таңбалауды жоспарланған өндіріске зиянын тигізбей жасау керек. Министрліктер қабылдаған жаңа ережелер мен шешімдер шетелдік және отандық компаниялардың қызметіне кері әсер етпеуге тиіс. Мұндай жайт еліміздегі инвестициялық климатты нашарлатады. Отандық және шетелдік компаниялар бұл мәселеге алаңдаушылық білдіріп, маған хат жазып жатыр", - деді президент.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2341751-sozimdi-tolyq-tusinbegenderingiz-baiqalady-toqaev-ukimet-mushelerine-kitap-oquga-kenges-berdi/