Тоқаев Михаил Шайдоровты қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы атануымен құттықтады
Опубликовано:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Шайдоровты Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы атануымен құттықтап, ІІ дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Президент атлеттің отандық спорт тарихында мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш рет алтын медаль иеленуін тарихи маңызы зор жетістік ретінде атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Шайдоровқа жоғары шеберлігі, жеңіске деген ерік-жігері үшін алғыс айтты.
Мемлекет басшысы барша спорт сүйер қауым мен ел азаматтары спортшының айтулы жетістігін мақтан тұтатынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Шайдоровты II дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттау туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ жаттықтырушыларға, тиісті министрлікке атқарған жұмысы үшін ризашылық білдірді.
Президент Олимпиада чемпионына толайым табыс пен жеңіс тіледі.
Еске сала кетейік, Италиядағы XXV қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасында жүлдегерлер анықталды. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Михаил Шайдоров өзінің еркін бағдарламасында рекордтық 198.64 ұпай жинап, алтын медальді жеңіп алды.
Турнирдің қорытындысы бойынша 24 қатысушының ішінен 1-орын 291.58 ұпаймен қазақ спортшысы Михаил Шайдоровқа, 2-орын 280.06 ұпай алған жапон спортшысы Юма Кагиямаға, сондай-ақ 3-орын 274.90 ұпай алған тағы бір жапон атлеті Шун Сатоға бұйырды.
Осылайша ел тарихында алғаш рет қысқы Олимпиада ойындарында бір спорт түрінен екі жүлде бұйырды. Бұған дейін мәнерлеп сырғанаудан 2014 жылы Сочи Олимпиадасында Денис Тен қола жүлде алған болатын.
Айта кетейік, Қазақстан атынан Олимпиаданың алтын жүлдесін сонау 1994 жылы Лиллехаммер Олимпиадасында шаңғышы Владимир Смирнов алған еді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2343537-toqaev-mihail-shaidorovty-qysqy-olimpiada-oiyndarynyng-chempiony-atanuymen-quttyqtady/