Тоқаев Қазақстанда президент сайлауы қашан өтетінін айтты
Опубликовано:
Мемлекет басшысы жаңа Конституция жобасына қатысты референдумда дауыс бергеннен кейін журналистердің бірқатар сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Журналистер қойған сұрақтардың бірі вице-президент лауазымына қатысты болды.
"Кейбір сарапшылар "Конституциялық реформа – билік транзитіне, президент сайлауына дайындық" деген пікір айтып жүр. Жалпы, вице-президент лауазымы не үшін қажет? Осыған қатысты пікіріңізді білсек деп едік", - деді Jibek joly телеарнасының тілшісі Зұлқарнай Ермұрат.
Мемлекет басшысы вице-президент лауазымы туралы әртүрлі әңгіме айтылып жүргенінен хабардар екенін айтты.
"Шын мәнінде, бірқатар шет мемлекетте вице-президент лауазымы бар. Кейбір сарапшылар "Қазақстанда билік ішінде бәсеке өршіп, түрлі үрдістер жүреді, елге зиян келеді" деген пікір білдіруде. Бұл мәселеде қоғамға зардап келетіндей қорқыныш жоқ.
Вице-президент лауазымы біздің билік институттарын нығайтады. Келешекте бәрі айқын болады. Мемлекет басшысы ретінде бұл лауазымға, жалпы бүкіл реформаға үлкен үміт артып отырмын. Ал президент сайлауы қазіргі Конституцияға сәйкес 2029 жылы өз мерзімінде өтеді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2354175-toqaev-qazaqstanda-prezident-sailauy-qashan-otetinin-aitty/