"Сіздің мемлекетке деген құрметіміз бөлек": Тоқаев Арменияның сыртқы істер министрін қабылдады
Жарияланған күні:

Мемлекет басшысы Арменияның сыртқы істер министрі Арарат Мирзоянды қабылдады, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел президенттерінің былтыр Қазақстан мен Арменияға жасаған сапарлары өзара қарым-қатынасты жан-жақты дамытуға айтарлықтай серпін бергенін атап өткен.
"Сіздің Астанаға алғашқы ресми сапарыңыз екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту тұрғысынан маңызды. Біздің армян халқы мен сіздің мемлекетке деген құрметіміз бөлек", - деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз Бейбітшілік туралы келісім жобасы бойынша келіссөздердің аяқталып, Ереван мен Баку арасындағы мемлекетаралық қарым-қатынастың жандануын қолдайтынын жеткізген. Президенттің пікірінше, бұл айтулы оқиға Армения мен Әзербайжан арасында бейбіт келісім орнатуға негіз қалап, аймақтың Қазақстан және Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастығын белсенді түрде дамытуға, сондай-ақ қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етеді.

Өз кезегінде Арменияның сыртқы істер министрі қонақжайлық танытқаны үшін ризашылығын білдірген.
"Біз сіздің екі ел арасындағы ықпалдастыққа қатысты ұстанымыңызды қолдаймыз", - деді Арарат Мирзоян.
Ол Армения мен Қазақстанның Сыртқы істер министрліктері және басқа да ведомстволары Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр Ереванға жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру бойынша жұмыс істеп жатқанын жеткізген.
Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты байланысты ілгерілету перспективасы қарастырылған. Қазақстан президенті отандық бизнес өкілдерінің Арменияға тауар тасымалын 350 миллион долларға дейін ұлғайтуға дайын екенін мәлімдеген.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Әзербайжан мен Армения арасындағы Бейбіт келісім бойынша келіссөздердің аяқталуына байланысты мәлімдеме жасаған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/universe/2230973-sizding-memleketke-degen-qurmetimiz-bolek-toqaev-armeniianyng-syrtqy-ister-ministrin-qabyldady/
Жарияланымға реакцияңыз?
Пікірлер жүктелуде