Тоқаев Бельгия мен Финляндия лидерлерімен кездесті: Король Филипп президентке ізгі тілек жолдаған
Опубликовано:
Читать на русском
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-та Финляндия президенті Александр Стубпен және Бельгия премьер-министрі Барт де Вевермен кездесті, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ақорданың хабарлауынша, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Финляндия президенті Александр Стубб екіжақты және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады.
Қазақстан президенті жоғары деңгейдегі жемісті саяси диалог екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыруда маңызды рөл атқаратынына тоқталды.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия басшысының Қазақстанға жасайтын алдағы сапары қос елдің сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық әлеуетін танытуға ықпал ететініне сенімді екенін айтты.
Кездесуде әлемдегі қазіргі геосаяси ахуалға баса мән берілді.
Мемлекет басшысы сондай-ақ БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы аясында Бельгия Корольдігінің премьер-министрі Барт де Вевермен кездесті.
Тоқаев Қазақстан Еуропа Одағындағы маңызды серіктестерінің бірі саналатын Бельгиямен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға баса мән беретінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия Қазақстанның ең ірі он инвесторының қатарына кіретініне назар аударды. Былтыр екіжақты тауар айналымы жарты миллиард долларға жуықтады.
Әңгімелесу барысында экономикалық ынтымақтастықты одан әрі арттыруға зор әлеует бар екені атап өтілді. Әсіресе аса маңызды минералдарды игеру, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік-логистика, жасанды интеллект, қаржы, туризм және білім беру салаларындағы серіктестікке мүмкіндік мол.
Барт де Вевер екіжақты күн тәртібін талқылауға уақыт тапқаны үшін Қазақстан президентіне алғыс айтып, Король Филипптің ізгі тілегін жеткізді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/universe/2289714-toqaev-belgiia-men-finliandiia-liderlerimen-kezdesti-korol-filipp-prezidentke-izgi-tilek-zholdagan/