Тоқаев Газа секторындағы қақтығысты тоқтату туралы келісімді қолдайды
Опубликовано:
Мемлекет басшысы Газа секторындағы қақтығысты тоқтату және тұтқынға алынған адамдарды босату туралы келісімді қолдайды. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мысырда өткен жанама келіссөздер барысында қол жеткізілген Газа секторындағы қақтығысты тоқтату және тұтқынға алынған адамдарды босату туралы келісімді қолдайды.
Мемлекет басшысы Мысыр, Қатар, Түркия елдерінің араағайындық қызметі табысты болғанын, сондай-ақ Таяу Шығыста бейбітшілік орнату жөніндегі келіссөздерге президент Дональд Трамп бастаған АҚШ тарапының ерекше үлес қосқанын атап өтті", - деп жазды Руслан Желдібай Telegram-дағы арнасында.
Айта кетелік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан АҚШ президенті Дональд Трамптың Газа секторындағы қақтығысты тоқтатуға арналған жан-жақты бітімгерлік жоспарын қолдайтынын мәлімдеген еді.
Ал бүгін Трамп Израиль мен ХАМАС Газадағы бейбітшілік жоспарының бірінші кезеңі аясында келісімге қол қойғанын хабарлады.
Келісім бойынша ХАМАС кепілге алынған барлық тұтқынды босатуға міндетті, ал Израиль "берік, ұзақ және мәңгілік бейбітшілікке бағытталған алғашқы қадам" ретінде өз әскерін келісілген шепке дейін әкетуі керек.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/universe/2295216-toqaev-gaza-sektoryndagy-qaqtygysty-toqtatu-turaly-kelisimdi-qoldaidy/