jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Гүлмира Ерубаева
    Гүлмира Ерубаева
    Контент-ресечер

    Тоқаев Сердар Бердімұхамедовті "Алтын Қыран" орденімен марапаттады

    Қасым-Жомарт Тоқаев және Сердар Бердімұхамедов
    Қасым-Жомарт Тоқаев және Сердар Бердімұхамедов. Фото: pixabay.com

    Мемлекет басшысы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Түрікменстан президентін "Алтын Қыран" орденімен марапаттады, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

    Салтанатты рәсімде Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедовтің жаңа тұрпаттағы беделді саяси қайраткер, Түрікменстанның мемлекеттілігін, әлеуметтік-экономикалық әлеуеті мен халықаралық аренадағы орнын дәйекті түрде нығайтып келе жатқан прогрессивті, мықты көшбасшы ретіндегі рөлін атап өтті.

    "Сіз түрікмен халқының ұлт көшбасшысы, аса құрметті Гурбангулы Мяликгулыевич Бердімұхамедовтің келешекке арналған стратегиялық бағдарын сенімді түрде жалғастырып келесіз. Сіздің салиқалы басшылығыңызбен Түрікменстан экономикасы керемет қарқынмен дамуда. Еліңізде өнеркәсіп, көлік инфрақұрылымы белсенді түрде жаңғырып жатыр.

    Энергетикалық әлеуетті нығайту және технологиялық трансформация бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Баянды бастамаларыңыздың арқасында бауырлас Түрікменстанда ірі әлеуметтік жобалар жоспарлы түрде жүзеге асырылып, ғылым-білім саласы соны серпін алып, халықтың әл-ауқаты жақсара түсті. Бұл жетістіктің бәрі шынайы құрметке және жоғары бағаға лайық", - деді президент.

    Мемлекет басшысы Ашхабадтың дипломатия, бейбітшілік пен тұрақтылық мекені ретіндегі халықаралық беделі мен мәртебесін арттыру жолындағы Түрікменстан басшылығының күш-жігеріне ерекше тоқталды.

    Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Түрікменстанның 2025 жылды Халықаралық бейбітшілік және сенім жылы деп жариялау туралы бастамасын БҰҰ Бас Ассамблеясының қолдауы елдің жауапты әрі белсенді ұстанымын көрсетеді.

    Мемлекет басшысы Түрікменстан президентінің бауырлас елдер арасындағы достықты, өзара түсіністік пен стратегиялық серіктестікті нығайтуға қосқан үлесіне жоғары баға берді.

    "Қазақ-түрікмен қарым-қатынасының келешегі жарқын екеніне сенімдімін. Бүгінгі келіссөздер қорытындысы осыған айқын дәлел. Қол жеткізілген уағдаластықтардың табысты жүзеге асырылуы көп жоспарлы серіктестігімізге тың серпін беріп, қазақ-түрікмен ынтымақтастығының жылнамасындағы жаңа кезеңге жол ашатынына күмән жоқ", - деді мемлекет басшысы.

    Сердар Бердімұхамедов Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік наградасы – "Алтын Қыран" орденімен марапаттағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және қазақстандықтарға алғыс айтты.

    "Бұл марапатты Түрікменстан халқына көрсеткен құрметіңіз, елдеріміз арасында ғасырлардан жалғасып келе жатқан берік достық пен тату көршіліктің белгісі ретінде қабылдаймын. Екі мемлекет халықаралық аренада тығыз әрі нәтижелі ықпалдастық орнатқан.

    Ынтымақтастығымыз өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуде өзара түсіністіктің, бірліктің және қолдаудың жоғары деңгейін көрсетіп келеді", - деді Түрікменстан президенті.

    Естеріңізге сала кетейік, кеше Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов Астанаға мемлекеттік сапармен келді. Мәртебелі мейманды әуежайдан Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды.

    Бүгін Ақордада Сердар Бердімұхамедовті қарсы алу рәсімі өтті. Кейін Қазақстан мен Түрікменстан президенттері келіссөз жүргізді.

    Тоқаев Сердар Бердімұхамедовті "Алтын Қыран" орденімен марапаттады

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.