jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Айтолқын Адырбай
    Айтолқын Адырбай
    Қазақ редакциясының шеф-редакторы

    Тоқаевтың Пәкістанға мемлекеттік сапары: жалпы сомасы 200 миллион долларға жуық 30-дан аса келісім жасалды

    Тоқаев Пәкістанда өтіп жатқан бизнес-форумда сөз сөйледі
    Тоқаев Пәкістанда өтіп жатқан бизнес-форумда сөз сөйледі. Фото: Ақорда

    Пәкістанда мемлекеттік іссапармен жүрген президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Пәкістан бизнес форумына қатысты. Онда ол цифрландыру екі ел арасындағы сауда және инвестициялық ынтымақтастық салалары бойынша прогрестің негізгі факторына айналатынын айтты. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.

    Мемлекет басшысы өз сөзінде осы маңызды іс-шараны ұйымдастыруға бастамашы болғаны үшін Премьер-министр Шахбаз Шарифке алғыс айтты.

    "Пәкістанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарым екіжақты ынтымақтастықтың айтулы тарихи кезеңіне айналды. Біз серіктестігімізді стратегиялық деңгейге көтеруге арналған Бірлескен декларацияға қол қойдық. Бүгінгі бизнес форум барысында жалпы сомасы 200 миллион долларға жуық 30-дан аса келісім жасалды. Бұл бауырлас халықтарымыздың сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастығын одан әрі нығайтуға тың серпін береді. Шын мәнінде, серіктестігіміз ұдайы кеңейіп келеді. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы екі есеге жуық өсті. Қазақстанда Пәкістан капиталының үлесі бар 200-ден астам компания құрылыс, ауыл шаруашылығы, тағам өнеркәсібі, индустрия және басқа да көптеген салада жұмыс істейді. Осы оң үрдіске арқа сүйей отырып, екіжақты сауда көлемін 1 миллиард долларға дейін ұлғайтуды көздейтін өршіл мақсат қойдық", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Президент Үкіметке екі елдің бизнес құрылымдары арасындағы, соның ішінде Қазақстан мен Пәкістан Үкіметаралық комиссиясы аясындағы ықпалдастықты жандандыруды тапсырғанын жеткізді.

    "Қазақстан Орталық Азиядағы экономикасы ірі ел ретінде өңірлік өсімді қамтамасыз етуге және тың мүмкіндіктерге жол ашуға үлкен үлес қосып келеді. Былтыр экономикамыз 6,5 пайызға артып, нәтижесінде ішкі жалпы өнім көлемі 300 миллиард доллар межесінен асты. Ал жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім көлемі 15 мың долларға жетті. Бұл біздің нарықтың орнықты және экономикалық әлеуеті жоғары екенін көрсетеді. Біз институционалдық құрылымдарды дәйекті түрде жетілдіру арқылы өркендеп келеміз. Экономикалық стратегиямыз сауда мен инвестицияны әртараптандыруға, инновацияларды ынталандыруға және білімге негізделген даму моделін ілгерілетуге бағытталған. Мен жетекшілік ететін Шетелдік инвесторлар кеңесі Қазақстандағы ашықтық, әділдік қағидаттарына және іскерлік климатты ұдайы жақсартуға бейіл. "Бір терезе" қағидатымен жұмыс істейтін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа инвесторлар мен бизнеске арналған үдерістерді айтарлықтай жеңілдетеді", – деді Мемлекет басшысы.

    Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық қаржы орталығы инвестиция, инновация және корпоративтік қызмет көрсету салалары бойынша өңірдегі жетекші орталық саналатынына тоқталды

    "Бүгінде 100-ге жуық елден 5 мыңнан астам компания осы платформа аясында табысты жұмыс істеп жатыр. Ерекше атап өтетін жайт, экожүйеге Пәкістанның 11 компаниясы қосылған. Қатысушылар қатары алдағы уақытта да көбейеді деп сенеміз. Қазақстан, сондай-ақ өңір нарығына шыққысы келетін пәкістандық кәсіпкерлерге сенімді әрі ашық мүмкіндіктер ұсынамыз. Тұрақты инвестициялық құрылымды ұдайы жетілдіріп отырамыз", – деді Президент.

    "Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстан мен Пәкістанның географиялық орналасуы стратегиялық тұрғыдан маңызды. Екі ел де өңірлік және жаһандық байланыстың басты буыны бола алады.

    "Еуразия жүрегінде орналасқан Қазақстан құрлық арқылы сауда-саттықта елеулі рөл атқарады. Еуропа мен Қытай арасында құрлық жолдарымен тасымалданатын жүктің 85 пайызы біз арқылы өтеді. Қазіргі уақытта Транскаспий халықаралық көлік бағдарын немесе Орта дәлізді дамыту елімізді трансконтиненталдық сауданың ірі орталығына айналдыратын негізгі фактор ретінде қарастырамыз. Сондай-ақ транзит ағынын анағұрлым тиімді үйлестіруді көздейтін Smart Cargo бірыңғай цифрлық басқару платформасын әзірледік. Бұл ретте «Қазақстан темір жолы» ұлттық операторы, "Қазпошта" акционерлік қоғамы мен Пәкістанның ұлттық логистика корпорациясы және Pakistan Post компаниясы арасында келісімге қол қойылуын құптаймын. Олардан мультимодальды көлік шешімдерін ілгерілетуге және елдеріміздің порт инфрақұрылымын бірлесе пайдалануға жол ашатын нақты қадамдар күтеміз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Форумда президент Пәкістан үкіметінің озық цифрлық шешімдер енгізу жөніндегі шараларына жоғары баға берді.

    "Премьер-министр Шахбаз Шариф Пәкістан экономикасын болашақта бәсекеге қабілетті ету үшін цифрлық трансформацияның маңызды рөл атқаратынын ұдайы айтып келеді. Қазақстан бұл көреген ұстанымды құптайды әрі екі ел үшін де цифрлық инновациялардың әлеуеті зор деп біледі. Біз алдағы бірнеше жылда толық цифрлық елге айналу жөнінде өршіл мақсат қойдық.

    Оған қол жеткізу үшін өңірдегі алғашқы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құрдық. Инновацияның, зерттеу мен технологиялық прогрестің жетекші платформасы ретінде қызмет ететін Халықаралық Жасанды интеллект орталығын аштық. Alatau City кешенді құқықтық, цифрлық және қаржылық экожүйе қалыптастырады. Бұл еліміздегі қалаларды дамытуда маңдайалды жоба болмақ. Сонымен қатар экономиканың инновациялық және перспективті секторларында орнықты дамытуды ынталандырып, қаржы тартады.

    Былтыр екі суперкомпьютерді іске қостық. Бұл ауқымды дербес тілдік моделдерді әзірлеу және Қазақстандағы технологиялық прогресті жеделдету ісінде маңызды қадамға айналды. Біздің күш-жігеріміз ұлттық, тіпті жаһандық деңгейдегі ірі IT компаниялардың құрылуына ықпал етті. Мысалы, қазақстандық InDrive платформасы Пәкістанда кеңінен пайдаланылады. Былтырғы көрсеткіш бойынша, қосымша Пәкістандағы такси нарығының 60 пайыздан астамын иеленген. Осылайша, қала ішіндегі қозғалыста бірінші орынға шыққан. Пәкістандық серіктестерді IT және инвестиция салаларындағы мүмкіндіктерімізді пайдалануға шақырамын", - деді президент.

    Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы серіктестік жаңа кезеңге қадам басқанын және экономикада екіжақты күн тәртібінің барлық саласын қамтитын байланысты тереңдетуге мол мүмкіндік бар екенін атап өтті.

    Еске салсақ, мемлекет басшысы Пәкістанға мемлекеттік сапармен 3 ақпанда барған. Сапар аясында көптеген құжаттарға қол қойылды. Оның ішінде Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы арасында стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларация да бар.

    Тоқаевтың Пәкістанға мемлекеттік сапары: жалпы сомасы 200 миллион долларға жуық 30-дан аса келісім жасалды

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.