Тоқаев "Адамзат бауырластығы" сыйлығын тапсыру рәсімінде бейнеүндеу жолдады
Опубликовано:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанға мемлекеттік сапары аясында шейх Заид атындағы "Адамзат бауырластығы" сыйлығын тапсыру рәсіміне қатысушыларға бейнеүндеу жолдады, деп жазады Ақорда.
Мемлекет басшысы Абу-Дабиде өткен салтанатты іс-шарада көрсетілген бейнеүндеуінде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинянды шейх Заид атындағы "Адамзат бауырластығы" сыйлығына ие болуымен құттықтады. Қазақстан президенті бұл марапат олардың парасатты көшбасшылығына берілген баға екенін атап өтті.
"Әзербайжан мен Арменияның бейбіт келісім жолында қол жеткізген жетістігі тарихтың бетбұрыс кезеңі саналады. Бұл қадам диалог жүргізіп, жауапкершілік пен ұстамдылық таныта білсек, ұзақ жылдарға созылған қақтығыстың да түйінін тарқатуға болатынын дәлелдейді. Мемлекеттердің жік-жікке бөлінуі ұлғайып, өзара қарым-қатынастарға көптеп сызат түсе бастаған заманда бұл тәжірибенің маңызы зор. Өйткені аталған мысалдан татуласудың әлсіздік емес, мықтылықтың белгісі екенін көреміз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент үндеуде Қазақстан тарапының мемлекетімізге артылған сенімді, соның ішінде Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт келісімдердің негізгі бір кезеңін Алматыда өткізу туралы шешімді жоғары бағалайтынын жеткізген.
"Бұл жағдай "сындарлы диалог – орнықты дамудың кепілі" деген ортақ көзқарасымызды айғақтайды. Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі және одан тысқары жерлердегі бейбітшілікті, сенім мен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бастамаларды дәйекті түрде қолдап келеді", - деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев сыйлықтың бейбітшілікті нығайту ісінде айрықша рөл атқаратынына назар аударып, аталған құндылықтарды ұдайы ілгерілеткені үшін БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянға ризашылығын білдірді.
" Шейх Заид бен Сұлтан Әл Нахаянның толеранттық, өзара құрмет пен бейбіт қатар өмір сүру идеалдарына негізделген өшпес өсиет-өнегесі осы марапатта көрініс тапқан. Бұл қағидаттар нақты саяси нәтижеге ұласып отыр. Әзербайжан мен Армения арасында бейбітшілік орнап, ынтымақтастықтың жандануы осы қастерлі аманатқа жаңа мазмұн дарытып, оның аймақтан тыс жерлерде де өзекті екенін көрсетті. Халықаралық қатынастардағы пәрменді құрал ретінде дипломатияға сенімді күшейте түсті", – деді президент.
Қазақстан президентінің пікірінше, Әзербайжан мен Армения басшыларының бейбітшілік орнатуға деген шынайы ниеті миллиондаған адамға үміт сыйлады, тату көршілік қатынастар мен тұрақтылық жаһандық күн тәртібінде әрдайым маңызды екенін әлемдік қауымдастыққа анық аңғартты.
Шейх Заид атындағы "Адамзат бауырластығы" сыйлығы – 2019 жылы тағайындалған тәуелсіз халықаралық марапат. Оның мақсаты – бейбітшілікті, өзара түсіністікті нығайтуға, сондай-ақ халықтар мен мәдениеттер арасындағы ынтымақ пен татулықты дәріптеуге елеулі үлес қосқан тұлғаларды ынталандыру.
Әр жылдары Рим Папасы Франциск, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, IMAD қауымдастығының негізін қалаушы әрі экстремизммен күрес бойынша белсенді Латифа Ибн Зиатен, Иордания Королі II Абдалла, Патшайым Рания және басқа да қайраткерлер сыйлық лауреаттары атанған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/universe/2339682-toqaev-adamzat-bauyrlastygy-syilygyn-tapsyru-rasimine-qatysushylarga-beineundeu-zholdady/