Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақ мәдениетінің ордасы – Қарағандыда Тәуелсіздіктің 30 жылдығы несімен есте қалды

Опубликовано:

Тоқаев Қарағандыда
Фото: Ақорда

Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қарағанды облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен «Мәдениет порталы» ақпараттық агенттігінде тұңғыш рет «Тәуелсіздік: Сөз бен Сурет» атты ақындар мен суретшілер арасындағы республикалық байқаудың дүбірлеп өткені баршамызға аян.

Бұрын-соңды елімізде болмаған мега жобаның басты мақсатты - Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесі қарсаңында республикадағы суретшілер мен ақындардың шығармаларын әйгілендіру, насихаттау; Суретшілер мен ақындар шығармашылығы арқылы Қарағанды облысының тарихи тұлғаларын, мәдени ескерткіштерін, сакралды орындарын, табиғатын, Тәуелсіздік кезеңінде өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың есімін асқақтату; Өнер альянсын /поэзия мен сурет үндестігін/ таныту; Оқырман жұртшылықтың жаңашыл ортасын қалыптастыру болып табылды. 

Екі кезеңнен тұрған байқаудың кіл процесіне тек қана қатысушылар мен қазылар алқасы емес, барша «Мәдениет порталының» оқырмандары куә болды. Яғни, кез-келген оқырман яки көрермен байқауға қатысқан шығармаларды еш қиындықсыз оқи алды. Бұл дегеніміз «бармақ басты, көз қысты» емес, барлық шешім мен қарарлар ел алдында қабылды деген сөз. Әрбір жеңімпазды қазылар алқасымен бірге, барлық оқырман таңдады деуге әбден құқылымыз. Бұл арқылы аталған байқау өз адалдығы, әділдігімен ерекшеленді.

Сонымен, қоғамда резонанс туғызып, төрт айға созылған жобаның жеңімпаздары Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай Қарағанды облысы, Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрында марапатталды. Басы жеңімпаз суретшілердің көрмесімен басталып, «Тәуелсіздік: Сөз бен сурет» кітап-альбомның тұсаукесерімен жалғасты. Артынша ақындар мен суретшілердің шығармалары жайлы арнайы түсірілген видеороликтер тамашаланды. Классиклық марапаттаулардан барынша ада, модерндік сипатта көркем бір кештің куәсі болған көрермендер жадында бұл марапаттау көпке дейін сақталып қалды. Кештен кейін жобаның жалпы форматына, процессі мен прогресіне өз ризашылығы мен таңдасынын білдірген зиялы қауымның қарасы қалың болды. Тіпті жобаның жалғасуын қалап, басқа облыстардан ұсыныстар да түсіп жатты.Жә, еліміз аман, жұртымыз тыныш болса, мұндай байқаулардың әлі талайын жасармыз. Қазақстанның барлық облыстарының музейлерінде осы жобаның жеңімпаз суретшілер мен ақындардың шығармалары тұрса нұр үстіне нұр емес пе?! Осы орайда, жобаның шымылдығын ашқан кеншілер мекені Қарағанды облысына алғысымыз шексіз. Еліміз үшін елеулі жылдың ішінде Қарағанды облысының аталған жобадан бөлек, мәдениет саласына қосқан үлесі ұшан теңіз. Десе де, «құрғақ қасық ауыз жыртады» демекші, облыстың расында жасаған жұмыстарына шолу жасап көрмекпіз. Сонымен Қарағанды облысы мәдениетінің хәл-күй, мән-жайы қандай? Осы сұраққа біздің мақаланы оқығаннан кейін, өзіңіздің оң бағаңызды береріңізге сеніміміз мол. Ендеше, мархабат!

Мәселен ки, облыстық алты алашқа дүркіретіп айтар басты жаңалықтардың бірі, «Жошы хан» тарихи-мәдени кешені ашылуы еді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауға келген сапарында Алтын Орданың негізін қалаушы Жошыханға әлем назарын аударуға, оның кесенесін туризм нысанына айналдыруға және Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеуі туралы айтқан болатын. 

2020 жылдан бастап Жошы мазарының қасына Жошыхан тарихи-мәдени кешені құрылысы басталды. Бұл кешен өңіріміздегі этнотуризмнің дамуына үлкен серпін берері анық. Аталған кешен аяқталғаннан кейін, Президенттің өзі ат басын бұрып, тарихи-мәдени кешенін аралап көрді. Президентке Жошы хан кесенесі, мұражай, Жошы хан ескерткіші, жорық шатыры және қонақ үйден тұратын кешеннің заманауи технологиялық мүмкіндіктері мен қордағы құнды жәдігерлер таныстырылған еді. Тіпті Мемлекет басшысы "Келесі жылы шетелдің және еліміздің белгілі ғалымдарын шақырып, Алтын Ордаға байланысты үлкен халықаралық конференция өткізу керек" деген болатын. Көріп отырғанымыздай мұның барлығы мәдениет саласына облыстың аянбай еңбек етіп келе жатқанының бір көрінісі деп білеміз. 

Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы мен Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі ашық аспан астында орналасқан «Талды тарихи-археологиялық паркі» туристік бағытының презентациясын өткізді.

Туристік бағыттың негізігі мақсаты: Қарағанды облысының тарихи-мәдени мұрасын сақтау және насихаттау; Қарағанды облысы аумағында Қазақстанның мәдени мұра нысандарын танымал ететін қазіргі заманғы бәсекеге қабілетті туристік өнімді қалыптастыру; Құрылған Талды тарихи-археологиялық паркін ғылыми, тарихи және туристік археологиялық кешен ретінде насихаттау.

Ауыз толтырып айтатын келесі бір іс-шара –«Қылқалам ұшындағы құдірет!» 2021 жылы 23 қарашада Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің ұйымдастыруымен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Семей ядролық полигонының жабылуына 30 жыл толуына орай антиядролық қозғалыстың белсендісі, АТОМ жобасының Құрметті елшісі және Нобель сыйлығының номинанты, суретші Кәріпбек Күйіковтің «Қылқалам ұшындағы құдірет» атты көрмесінің ашылу рәсімі өтті.

Кеншілер мәдениет сарайында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ермановтың 70-жылдық мерейтойына арналған Республикалық ақындар айтысы өтті. Ақындар айтысында қазақ еліне белгілі айтыскер ақындар бақ сынасты. 

Әділ қазылар алқасының құрамында: Еңбек ері, ҚР халық әртісі, қазылар алқасының төрағасы - Асанәлі Әшімов; ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері - Алтынбек Қоразбаев; ҚР Еңбек сіңірген қайраткері - Жанарбек Әшімжан; ҚР Еңбек сіңірген қайраткері - Ғалым Жайлыбай; ҚР Еңбек сіңірген қайраткері - Серік Ақсұнқарұлы; «Мәдениет қайраткері» белгісінің иегері - Асан Қойлыбай; Қ.Мырзалиев атындағы орталықтың директоры - Бауыржан Халиолла; ҚР Еңбек сіңірген қызметкері - Мереке Құлкенов; Ақын, ҚР Мәдениет қайраткері - Ануар Омаров; ҚР Еңбек сіңірген қайратқері - Ұлыкбек Есдаулет төрелік етті. Қазылар алқасының шешімімен жүлде иелері дипломдар, гүл шоқтары және ақшалай сертификаттар табыс етілді.

Қарағанды – Қасым, Қасым –Қарағанды. Осы тұрғыдан алып қарағанда, «Жырға айналған ғұмыр» әдеби-сазды кешінің орны бір төбе. 2021 жылдың 19 қарашасында Нұр-Сұлтан қаласының «Астана» концерт залында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың 110 жылдығына арналған «Жырға айналған ғұмыр» әдеби-сазды кеші өтті. 

Сахна төрінде еркіндікке ғашық, бостандыққа құштар, азаттықты аңсаған ақынның өлеңдері оқылып, көркем өнердің телегей теңізі – Қасым Аманжоловтың өмірінен алынған көріністер ұсынылды.

Аталмыш мерейлі кеште Қарағанды облысының Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігі, Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театырының әртістері, Нұр-Сұлтан қаласының филармониясы, Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева, Қазақстан эстрада жұлдыздары Клара Төленбаева, Гаухар Жүсіпова, Саят Әбдіғали және «Жарқын» халық би ансамблі өнер көрсетті.

Мұнымен бірге, 2021 жылдың 6 қазан күні «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен қазақ поэзиясының алыбы, дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың 110-жылдық мерейтойына орай «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ...» атты республикалық дәстүрлі ХІ Қасым Аманжолов оқулары өтті. 

Байқау аясында Қасым Аманжоловтың 110-жылдық мерейтойы аясында «Бір нәзік сәуле» атты кітаптың тұсау кесері өтті. Қасымның азаматтық тұлғасы, қуатты поэзиясы жайлы жазылған құнды деректер бүгінге дейін «Qasym» сериясымен 3 кітап болып жарық көрген. Төртінші мәрте шығып отырған «Бір нәзік сәуле» атты «Qasym» cериясымен жарық көрген ноталар жинағы. Жаңа кітаптың мазмұнының ерекшелігі Қасымның бұрын соңды енбеген өлеңдері осы кітапта. Мұнымен бірге, ақынның мерейтойына арнайы «Абай» атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлының бастамасымен, облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің қолдауымен «Қасым үйінің» ашылуы еді. 

Сонымен қатар облыста Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков сынды Алаш арыстарының мерейтойлары аясында қыруар жұмыстар атқарылды.Солардың бірі һәм бірегейі Қарағандыдағы Октябрь ауданына Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның есімі берілді. Салтанатты ашылуы Қарағанды қаласы, Майқұдық шағын ауданындағы Мәдениет сарайы алаңында болды. Жиынға келген жұрт шашу шашып, әнмен әрлендірді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Алаш арысының 155 жылдық мерейтойына тартудың ең озығы осы болса керек.

Айта кетейік, аудан 1938 жылы қаланың солтүстік бөлігінде құрылған. 1961 жылға дейін Сталин деп аталды. Содан кейін ол Октябрь деп аталды. Оның ауданы – 22,4 мың га, халқы – 227 мың адам. Құрамына Майқұдық, Пришахтинск, Сұрыптау кіреді.

Әлихан Бөкейханның ерен еңбегін елі ешқашан ұмытпайды. Дәл осы мақсатта Қарағанды облысы Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық-академиялық қазақ драма театрында Қанат Жүнісовтің «Ұлтқа қызмет» атты тарихи драмасы сахналанды. Туындыда ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан және Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков сынды Алаш алыптарының азаттық жолындағы күресі баяндалды. Тарихи драманың авторы Қанат Жүнісовтың айтуынша, аталмыш драма "Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жазылған. Бұл Алаш жайлы, Алаш қайраткерлері жайлы. Әлихан Бөкейхановтың 155 жылдығы, Жақып Ақбаевтың 145 жылдығы, Әлімхан Ермековтің 130 жылдығы негізге алынды". 

Тарихи драма Патша үкіметі құлап, Ақ пен қызылдың айқасы басталып кеткен кезеңді суреттейді. Дәл сол дүрбелеңде Әлихан Бөкейхан бастаған бір топ зиялылар Алашорда үкіметін құрып, кезінде айрылып қалған мемлекетті қалпына келтіру үшін жүргізген күрестері – туындының негізгі мазмұнына арқау болды. Автор драма шынайы болу үшін оны жазу барысында белгілі әдебиеттанушылармен, тарихшылармен кеңескенін айтады.

Облыста мәдени іс-шаралар толастар емес. Мысалы, «Ұлтқа қызмет» атты тарихи драманың қойылымынан үш күн бұрын, яғни 13-желтоқсан күні Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қарағанды облысы Ұлытау ауданында орналасқан Болған ана кесенесінен табылған жәдігерлер негізінде жасалған археологиялық жаңғыртпаның тұсаукесері өтті. 

Ерте заманнан бері белгілі болған кесененің нақты археологиялық жұмыстары 2018 жылы Қарағанды қаласы әкімдігінің бастамасымен жүргізілген. Қазба жұмыстары барысында өте құнды археологиялық олжалар табылды. Табылған заттардың ішінде алтын ыдыс, сырға, ер-тоқымның қалдықтары, айна және кішкентай тар пышақ түріндегі кездік бар. Жібек матадан тігілген шапанның табылуы бұл қазба жұмыстарының тағы бір ерекшелігін нақтылады. 

Ғылыми-сараптамалық жұмыстардың нәтижесінде тарихи тұлғаның нақты өмір сүрген уақыты анықталып, генетикалық тұжырымдар жасалды. Болған ана кесенесінен табылған антропологиялық деректер негізінде Қазақстандағы алғашқы гипер-реалистік мүсін дайындалып, шапаны мен қосалқы жәдігерлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Мұнан бөлек, «Арқаның аңызы, Алаштың абызы» кешті айтпай өтуге болмас. Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында дарынды драматург, ақын Софы ағамыздың 80 жылдық мерейтойына арналған «Арқаның аңызы, Алаштың абызы» атты шығармашылық кеш қарағандылықтарға ерекше сезім сыйлаған-тын. Аталмыш іс-шара аясында театр фойесінде Н.В.Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы С.Сматаев шығармашылығының көрмесін ұйымдастырды. 

Кітап көрмесіне 60-қа жуық кітаптар мен мерзімді басылымдардың мақалалары және фотосуреттер қойылды. Оның ішінде Софы Сматаевтың «Елім-ай» роман-трилогиясы, «Әзіл-әзәзіл» пьесалар жинағы, «Жылдарым-жырларым» үш томдық шығармалар жинағы және ақынның тағы да басқа еңбектері ұсынылды.

Дәл осы секілді, Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театрында Қазақстанның Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері Серәлі Қожамқұловтың 125 жылдық мерейтойына арналған Жанат Хаджиев атындағы театр форум-фестивалі өтті.

Театр фестивалінің негізгі мақсаты театр мамандарының заман талабына сай кәсіби шеберліктерін арттыру, өнер ұжымдары арасындағы байланыс пен ынтымақтастықты әрі қарай дамыту, тәжірибе алмасу, театр мәдениетін өзара байыту, шығармашылық қатынасты нығайту мен Серке Қожамқұловтың асыл мұрасын насихаттау болып табылады.

Сондай-ақ аталмыш іс-шара аясында театрдың 50-ші театр маусымының және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серке Қожамқұловтың 125 жылдығына арналған «Қазақ сахнасының ірі тұлғасы» атты көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Көрме барысында Халық әртісінің эксклюзивті жеке қолданыста болған заттары, сахналық киімдері және құнды суреттері көрсетілді.

Қазақ халқының ұлттық болмысы мен бай мұрасын насихаттауға өлшеусіз үлес қосып, қазақ халқының мәдениеті мен шығармашылығын сақтау, төл қол өнерімізді дамыту, туған өлкеге деген сүйіспеншілікті арттыру, қазақтың ұлттық ойындарын жаңғырту мен насихаттау мақсатында  «Сарыарқаның көшпелі мәдениеті» облыстық фестивалі Қарағанды облысының ерекше іс-шарасы десек артық айтқанымыз емес. Фестивальдар мұнымен түгесілмейді. «Ұлы Жібек жолындағы фестивальдар» турасында айтпасақ тағы болмас. 

Ұлытауда материалдық емес мәдени мұраны сақтау мен дамытуға арналған алғашқы Қазақстандық қоғамдық форум ашылды. Қазақстан ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Конвенциясына 2011 жылғы желтоқсанда қосылды. Өткен онжылдықта Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасы бүкіл әлемде мойындалды. Мәдени мұраның он бір элементі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік тізіміне енгізілген, оның ішінде: Наурыз, қазақша күрес (ұлттық күрес), қыран құстармен дәстүрлі аң аулау, Қорқыт мұрасы, Киіз үй жасау және қазақ күйлерін дәстүрлі орындау, көктемгі жылқы өсірушілер мерекесі. Өткен жылы тізім қазақтың ежелгі тоғыз құмалақ ойынымен толықтырылды.

Қатысушыларға материалдық емес мәдени мұра ұлттық комитетінің Төрағасы академик Мырзатай Жолдасбеков пен Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығының басшысы Олжас Сүлейменов сөз сөйледі. Форумды Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Қазақстан Ұлттық комиссиясының бас хатшысы Әлия Байсабаева қарсы алды.

ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен Ұлытаудағы Ұлы Тағзым қоғамдық қорының қатысуымен ұйымдастырылған форумда қазақстандық қолөнершілерді дамыту және қолдау, өлкетану мұражайлары қызметінің жаңа бағыттары, сондай-ақ қазақстандық дәстүрлі білім тасымалдаушылардың ЮНЕСКО-ның «Ұлы Жібек жолындағы фестивальдар» атты жаңа жобасына қатысуы мәселелері талқыланады.

Мұнан бөлек, 2021 жылдың 11-16 қазан аралығында Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне арналған көрнекті театр сыншысы, ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, профессор Әшірбек Сығай атындағы «СЫН-ШЫН БОЛСЫН....» атты республикалық театрлар фестивалі өтті.

Фестивальдер легі мұнымен толастамайды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Қарағанды қаласы, Кеншілер мәдениет сарайының сахнасында Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен «Сарыарқа Самалы» атты І Республикалық бард фестивалінің орны ерекше. 

Мәдениет саласына қосқан үлесі үшін де шетелдерден алған мараттары мен алғыс хаттары да жетерлік. Мысалы, еліміздің Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлынан Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Қайроллаұлы Жұмакеновке ерекше алғыс хат келіп жетті. Мәтінде еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында Түркияның «Алания, Конья, Хатай, Газиантеп және Ыстамбұл қалаларында «Ұлы Дала әуендері» атты мерекелік концерттің жоғары деңгейде өткізілуіне және қазақ мәдениеті мен өнерін танытуға қосқан үлесімізге ерекше алғыс жолданған. 

Осы секілді Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрі Моңғолияның мәдениет министрі Сампилдондов Чулуунның алғыс хатымен марапатталды. Қаңтар айында Моңғол мемлекетінің елшілігі «Mongolian culture – Mongolian children» қорының ашылуын 13 мемлекеттің қатысуымен үлкен онлайн шара ретінде өткізген болатын.

Айтулы шарада Моңғолияның атақты композиторы Шаравтың "Сэрсэн тал" шығармасын Қазақстан, Моңғолия, Ресей, Қытай елдерінің танымал оркестрлерімен бірге Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрі дирижер Ерлан Бақтыгерейдің дирижерлік етуімен орындап жоғары деңгейде өнер көрсетті. Осы мәдени шараға қатысқан оркестр ұжымына Қазақстандағы Моңғолия елшісі Баттулга мырза Моңғолияның мәдениет министрінің алғыс хатын Қарағанды облыстық Дүниежүзі Қазақтарының қауымдастығы және "Отандастар қорының" басшысы Меруеш Башайқызына тапсырған. Бүгін Меруеш Башайқызы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Қайроллаұлының қолына табыстады. Халықаралық мәдени байланыс мұнымен тәмамдалып қалмайды. Қарағанды қаласының «Сарыжайлау» кинотеатырында Қазақстандағы «ВИСЛА» атты IV поляк фильмдері фестивалі мен «Шахтер» орталық стадионында өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша ерлер арасындағы XVI Әлем чемпионатының және әйелдер арасындағы VII Әлем чемпионаты айтқан сөзімізге дәлел. 

Бұлармен бірге Қарағанды облысы «Тәттімбет атындағы VIII республикалық байқауын» дүбірлетіп өткізді. Аталмыш іс-шара бір ортаға күй білгірлерін, орындаушылық шеберлік саласындағы мамандар мен сарапшыларды жинады. Байқаудың жас қатысушылары Қарағанды, Нұрсұлтан, Алматы, Шымкент, Талдықорған, Атырау, Қостанай, Павлодар, Семей, Өскемен, Қызылорда қалаларынан келді.

Теміртау тарихи-өлкетану музейінде Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің қорынан сәндік-қолданбалы өнер көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Теміртаулық көрермен алғаш рет бірегей, ауқымды көрмені көре алды, ұсынылған жәдігерлер XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басына жатады.

Бұл жинақтың інжуі - ұлттық киіз және тоқылған кілемдер: көне және қазіргі заманғы шеберлер жасаған сырмақтар, текеметтер, алашалар.

Ағаштан жасалған бұйымдардың қызықты үлгілері - ер-тоқымдар жиынтығы, тұрмыстық заттар.Құю, нақыштау, қаралтымдау және қалыптау көмегімен қолмен жасау тәсілімен жасалған қазақ зергерлік өнері кеңінен ұсынылған. Көрмеде М. Қалқабаев, О. Әбеуов, Ж. Калкин, Л. Бойкова, Л. Косова сияқты танымал шеберлердің қолынан шыққан 65 сәндік-қолданбалы өнер заттары қойылды.

Жұлдызды іс-шара ретінде ел есінде қалған, Қарағанды қаласы Орталық демалыс саябағындағы «Шахтерлар даңқы» алаңында «Жұлдызды белгінің» ашылу салтанатын айтуға болады. 

Құндылықтар сөйлейді: 20000-шы жәдігер!!! Осындай тақырыппен Жезді кентіндегі М.Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінде ерекше кездесу өткенін айта кету керек. Кездесуге зиялы қауым өкілдері, өлкетанушылар қатысты. Музей қорына 20000-шы экспонатты тіркеу рәсімі мәдени-тарихи білім беруге арналған музейлік жобаларды таныстырудан басталды. 

Кездесуде Жезқазған қаласы мен Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері С.Қожамсейітов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Д.Жұманов, Қарағанды обл. мәдениет басқармасының бас маманы А.Есмағанбетова, аудандық мәслихат депутаты А.Құрмансейіт, ардагерлер Р.Төрегелдин, Ш.Үмбетовтер сөз сөйледі. Музей қорына қабылданған 20000-шы жәдігер – сүйекті кебежені өткізуші Ш.Жанбосынов атасынан қалған мұраның тарихымен таныстырды.

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, металлургтер династиясы Айтенов Жакуда Айтенұлы мен Битенов Айтмағанбет Битенұлына арналған «Елінің елеулі азаматтары» жобасы аясындағы «Әкелер салған сара жолмен» атты көрме ұйымдастырылды. 

Жобаның мақсаты – еңбек ардагерлерін ұлықтап, жастарды аға буын өкілдерінің өмір жолына сай тәрбиелеу, металлургтердің еңбегіне құрметпен қарау, өлкеге деген сүйіспеншілікті оятуды мақсат етіп, ұзақ жылдар бойы осы салада еңбек етіп, ерен еңбектің үлгісін көрсеткен ардагер мыс балқытушылар, бүгінде металлург мамандығын ата кәсібі ретінде жалғастырып отырған ұрпақтарымен кездесу өткізу.

Дәл осы секілді 2021 жылы 5 наурызда Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің көрме залында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ауыл шаруашылығы саласының майталманы, еңбек ардагері Қасымбеков Жұмаділда Қасымбекұлына (1946-2020 жж.) арналған «Елінің елеулі азаматы: ұрпаққа үлгі» атты көрме ұйымдастырылды. 

«Елінің елеулі азаматы: ұрпаққа үлгі» жобасының ерекшелігі – Ұлытау-Жезқазған өңірінің дамуына және оның қалыптасуына үлестерін қосқан Ұлы Даланың ұландарын еске алу және олардың өнегелі өмір жолдарын насихаттау.

Мәдениет үшін маңдай терін төгетін Қарағанды қаласында Қазақстан Республикасының халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші Жүсіпбек Елебеков атындағы дәстүрлі әндер орындаушыларының конкурсы өткенін де мақтанышпен айтуға болады. Конкурста Қарағанды облысы, Нұр-Сұлтан қаласы, Алматы, Шымкент, Талдықорған, Тараз, Ақтөбе, Көкшетау, Петропавл, Павлодар, Семей өңірлерінен келген жас орындаушылар халық әндері мен дәстүрлі әндерден бақ сынады. 

Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында облыстың өнер адамдары ұмыт қалмады. Қарағанды облысы әкімінің сыйлығымен 21 номинация бойынша 24 лауреат марапатталды. Жеңімпаздарға дипломдар, ақшалай сыйлықтар және байқаудың нышаны – «Қобыз» мүсіні табыс етілді. 

Қарағанды облысындағы ерекше жобалардың бірі, карантин кезінде құрылған «Театр бойынша кезекші» онлайн жобасының идеясын дамыта отырып, Халықтар Достығы орденді Қарағанды мемлекеттік К.С.Станиславский атындағы орыс драма театры «Мельпомена ғибадатханасында эльф қанаттарында серуендеп тамашалау» жаңа онлайн-жобасын жасағаны үлкен еңбек. 

Жоғарыдағы баянымызға дәйек болған жұмыстар атқарылған еңбектің бір парасы ғана. Қарағанды облысында мәдениетіміз үшін түрлі бағыттарда ұйымдастырылып, жүзеге асып жатқан іс-шаралар көз қуантып, көңіл толтырады. Осындай іс-шаралардың бас-қасында жүріп, халқы үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан «елі мақтаған ер» облыс әкімі ұлтын сүйген азамат Жеңіс Қасымбек. Алдағы уақытта да Қарағанды облысы қазақ мәдениетінің қайнар бұлағы, шамшырағы болып қалатынына сенеміз. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1949229-qazaq-madenietinin-ordasy-qaragandyda-tauelsizdiktin-30-zyldygy-nemen-este-qaldy/

pixel