RU

Дастан Оразбеков Төреғалиды "плагиатшы" деп айыптады

"Сырласу" бағдарламасына қонаққа келген әнші Дастан Оразбеков Төреғали Төрәліге қарата сын айтты. Эфирде әріптесінің өнерін "плагиатқа" теңеген Дастан жанкүйерлердің сынына қалды.

Әншінің пікірін талқыға салғандар екіге жарылды. Бірі Дастанның сөзін қолдап жатса, енді біреулері Төреғалидың өнеріне шаң жуытпады.

"Көзі қарақты көрермен, өз құндарыңызды неге түсіресіздер? Дастанға 80 адам жиналса да жанды дауыста ән айтты. Ал Төрештеріңіз 3000 адамды жинап алып, фонаграммада ән салды. Әндеріне сөзім жоқ. Қазақи жақсы әндер. Талғамға сай ән таңдайды, бірақ халықтың алдында тер төкпейді. Халық билеттің құнына қарамай кешке ағылады, ал ол... өте өкінішті. Дастан оны тікелей жамандамады, сын айтты. Әрбір сынды көреалмаушылық деп түсінсек өнер дамымайды. Халық үшін жасап жатырмыз деген жаттанды сөз. Ал, Дастан өзіндік үні бар, харизмасын қалыптастырған. Сөйлеуге толық қақысы бар", - деп ақтады әншіні ғаламтор қолданушысы.

Ал енді бірі мұндай пікірге қарсы жауабын беріп үлгерді, тіпті "Орда" тобының әншісі сенімін ақтамағанына ренжіді.

"Дастан, сіз маған ұнайтын едіңіз! Бірақ, Төреғалиға сын келтіріп, сіз туралы пікірім өзгерді! Төреғали - айтыскер ақын, жап-жақсы жігіт! Ол өзгенің әнін ұрламас еді. Көре алмайсыз!", - деп кейіді Бағдат Жадыра есімді қолданушы.

Ал әншінің сөзі үлкен дауға ұласқанын байқаған кей жазылушылар сөз таластырушыларды сабырға шақырды.

"Дастан дұрыс айтты. Артық ештеңе айтпады. Оның қадір-қасиеті туралы әңгіме айтудың қажеті жоқ. Әр әншінің өз тыңдарманы бар. Төреғалиды да жаман демеймін. Қазақ сахнасында жақсы әншілер біреу ғана болмау керек шығар. Барлығы талантты. Дастан да, Төреғали да тілін шайнап жүрген Сайлаубектен жақсы. Бірі тойды көтеріп жүрсе, екіншісі шетелде қазақ намысын қорғап жүр", - деді тағы бір ғаламтор пайдаланушысы.

Әншінің өзі Инстаграммындағы парақшасына сөзіне дәлел болатын Төреғалидің "Төрешім" әнінің видеосы мен түпнұсқасын орналастырды. Алайда толастамаған пікірлерден соң, бірнеше сағаттан кейін видеоны алып тастады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1045890-toreghalidy-plagiatshy-dep-synaghan-das/