Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Плагиаттан басы бәлеге қалған әншілер (видео)

Опубликовано:

Шетел әндерін қазақ тіліне аударып орындау отандық өнерпаздарға жаңалық емес. Бұған дейін қырғыз, армян, араб, түрік әндерін қолды қылған біраз әнші алдымен тыңдарманмен, кейін тілшілермен әшкере болды.

Плагиатпен айналысып жүрген әртістерді Baistars.kz еске алды.

Даудың басы румын әншісі Мандинганың әні болды. Төреғалидың тойдың сәнін келтіріп жүрген «Төрешің» әні дәл осы әннің көшірмесі болып табылады.

Дегенмен, румындардың әндерін қолды қылып жатқан тек Төреғали ғана емес, жақында «Алау» тобының орындауындағы «Гүл әпше» әнінің де түпнұсқасы румындардікі болып шықты. Бұл әннің төңірегінде де біраз дау туып, нәтижесінде бейнебаянды көрерменге таныстырған арна оны эфирден беруден бас тартты.

Бұл дауға қатысты топтың продюсері Баян Есентаева, әннің көшірме емес, кавер екенін айтып, шәкірттерін қорғап алмақ болды.

Соңғы кездері кавер, ремикс, римейк атауларын алға тартып, өздерін ақтап алатындар көбейді. Мысалы, «Лашын» тобы мен Серік Ибрагимовтың орындауындағы «Әсем ән» де продюсер Алтынбек Рақметовтың айтуынша молдован әнінің кавер нұсқасы.

Қазақстанда хит әнші саналатын Ернар Айдардың да плагитқа жиі баратыны байқалып жүр. Оның «Бейкүнә жүрек» әні армян әншісі Сильва Акопянға тиесілі. Ернар Айдар жеке концертін тіпті осы әннің атауымен атаған.

Ернар Айдар әнді қойып, бейнебаян сюжетін ұрлауды да ұят көрмейді. Оның жақында шыққан «Сен маған ұнадың» әніне түсірілген бейнебаяны ресейлік Доминик Джокердің «Такая одна» бейнебаянының тұп-тура көшірмесі.

Бұған дейін қазақ әншілерінің көбі алысқа бармай, көрші қырғыздардың әндерін қазақшаға аудара салып орындауды әдетке айналдырған еді. Ал енді, шетелдің танымал емес, ұмытылған, ескі әндерінің шаңын қағып-қағып, әрлеп орындауды қолға алыпты.

«Индиго» тобы да жаңа құраммен эстрадаға аяқ баса салып көшірмеге жол берді. Олардың дебюттік «Тойла» әні тыңдармандар арасында жылы қабылданғанмен, бұл ән марокколық әнші Асма Лмнаварға тиесілі болып шықты.

Дильназ Ахмадиева мен Мақпал Исабекова былтыр бірігіп бейнебаян түсіріп, оның тұсаукесерін өнерпаздар арасында дүркіретіп өткізген еді. Барлығы дерлік екі өнерпаздың орындауындағы әнді ұнатып, құттықтауларын жаудырып жатты. Алайда көп ұзамай, бұл ән де шетелдік әннің көшірмесі екені анықталды.

Ән ұрлаған әншілер жайлы, туындылар жайлы айтылып та, жазылып та жатыр. Дегенмен, оны еститін құлақ, қаперге алған өнерпаздардың саны азаймай келеді. Бәлкім, осы өнердегі «ұрлықты» тыю үшін де осындай даудың керегі болған шығар. Әнді жарыққа шығарудың қаншалықты зор еңбек екенін оны жазған сазгер ғана біледі. Осыны лайықты бағалай білу де әншінің өресінің биік екенін көрсетеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1054915-plagiattan-basy-balege-qalghan-anshile/

pixel