RU

Қарлығаш Мұхамеджанова: Табысқа жету үшін тамыр-таныстың қажеті жоқ

Соңғы кезде актриса Қарлығаш Мұхамеджанова бірнеше жыл қатарынан сұранысқа ие. Көпшілік оның бұл жетістіктерін әке-шешесінің танымалдылығымен байланыстырады.

Алайда актриса барлығының қажырлы еңбек пен табанды мінез арқасында келгенін айтады. Бұл туралы Майя Бекбаеваның “Жан сырым” атты бағдарламасында айтып берді, деп жазады stan.kz.

Қарлығаш Мұхамеджанованы режиссерлер бір туындыдан екіншісіне жарыса шақырады. Алайда актриса әр ұсынысқа ерекше талғампаздықпен қарайды.

“Мен танымал әрі тамаша актерлермен, режиссерлермен жұмыс істеп үлгердім. Мысалы, бұл жолы Нұртас Адамбаевпен жұмыс істедім. Осыған дейін жасап жүрген дүниелерім басқа болғандықтан, мен үшін комедия жанры өзгеше болды. Осы уақытқа дейін өзімді комедия жанрында сынап көргім келгендіктен, мен өте бақыттымын”, – деп актриса әлі де тәжірибе жинап жатқандығын айтты.

Қарлығаш Нұртас Адамбаев, Сергей Снежкин, Фархат Шарипов, Егор Кончаловский сынды режиссерлермен жұмыс істеген.

Қоржынындағы 20 фильмнің әрқайсысында қазақ қызына тән болмысын көрсете білген. Көпшілік мұндай табыстылығын анасы Нұржамал Үсенбаева мен қоғам қайраткері, композитор әкесі Төлеген Мұхаммеджановпен байланыстырады.

Алайда актриса бастапқыда әке-шешесінің кино саласына баруына қатты қарсы болып, әзірдің өзінде көп қолдау көрсетпейтіндігін жеткізді.

“Білесізбе, көп нәрсе айтуға болады, бірақ соның өзінде ата-анамның менің орныма сынамадан өтпейтіні, менің орныма кастингке бармайтыны, режиссерлермен көп уақыт дайындық жүргізбейтіні белгілі ғой. Олар мен үшін кадрға түспейді. Бұл жерде өзгенің фонограммамен айтқанын өзіңдікі дей салатын жер емес… Меніңше, барлық сұрақтың жауабы осы”, – деп бүгінгі табысына ата-анасының еш қатысы жоқ екенін айтты.

Актриса мұндай алып-қашпа сөздерге еш ренжімейді екен. Ренжімеуінің себебі де бар.

“Осылай ойлаулары да табиғаттың заңы ғой. Адамда белгілі бір көмек болса ғана табысқа жете алады деген стереотип қалыптасып қалған сияқты. Меніңше, қазіргі таңда бұл маңызды емес. Дәл қазір білім мен кәсібилік бағаланады… Мүмкін бұрын басқаша болған шығар.  Бірақ қазір адамдар өзі ісінің мамандарымен жұмыс істегісі келеді”, – дейді.

Актриса елбасы туралы түсіріліп жатқан “Так сложились звезды” фильміне де түскен болатын. Ол жерде танымал актер, әріптесі Берік Айтжанов та бар. Аталған фильмнің режиссері Сергей Снежкинмен жұмыс істеу әрбір қазақ актеры үшін қиынға соқты.

“Тақырыптың өзі ауыр болғандықтан барлық актер толықтай берілгісі келді әрі барынша тырысып бақты. Құрметті режиссер Сергей Олегович те жақсы дүние жасағысы келгендіктен қатты уайымдап, осыған сай бізге жоғары талап қойды… Маған елбасымыздың кіші қызын сомдау мүмкіндігі бұйырды. Түсірілім алаңында өзімді ысқышқа (губка) теңедім. Жақсы тәжірибені бойыма сіңіргім келді. Үлкен мектептен өттім деп ойлаймын”, – деп Қарлығаш Мұхамеджанова да түсірілім алаңына бармай тұрып іштей қатты уайымдағанын жеткізді.

Бүгінгі таңда Қарлығаш расымен де өз ісінің маманы. Бұған көз жеткізу үшін ол қатысқан туындыларды қарап шығу жеткілікті. Үнемі жүзі жадырап, күлімсіреп жүретін актрисаның да жүрегінде мұң сыйлайтын дүниелер бар. Бұл мұң өзін кішкентайынан баққан сүйікті әжесінің қайтыс болуымен байланысты болса керек.

Қуанышына орай, қатты қиналып, күйзеліске түскен сәтте киноға шақырту алып, жұлдызы жанған. Актриса кішкентай кезінде балет бишісі болуды армандаған екен.

Қарлығаш мансап жолым тоқтап қалады немесе киноға шақырту алмаймын деп қорықпайды. Өйткені жасыл ақша да, гүл шоғы да, көңілін аулаған жанкүйерлері де оның басын айналдыра алмайды. Әр нәрсеге талғампаздықпен қарап, жары мен үш жасар қызына көңіл бөліп үлгереді.

Актриса кәсіпкер жары Бекболатпен ортақ достары арқылы танысқан. Қарлығаш жарын батылдығы үшін ұнатып, қазір өзіне көп қолдау көрсететінін айтады. Мұнымен қатар, актрисаның өмірінде достарының алатын орны бөлек екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1064648-qarlyghash-mukhamedzhanova-tabysqa-zhetu/