RU

Алаяқтардың құрбаны болған отандық әншілер

Танымал әншілер неге жиі алаяқтардың құрбаны болады? Әнші Толқын Забированың ашуын кім туғызып жүр? Ал әнші Өктем Алтаевтың атын жамылып баспана мен темір тұлпарға қол жеткізген кім? Бұл сұрақтарға 31 арна тілшілері жауап іздейді.

Толқын Забирова

Әнші Толқын Забированың атынан белгісіз біреу күмәнді байқау ұйымдастырып, қомақты ақша тауып жүр. Мұны инстаграм желісінен көрген әнші, өз көзіне өзі сене алмады.

"Көбісі айтады, осы лайк арқылы бір бизнес жасайды деп, жарнама салады, одан өздері ақша табады. Енді жарайды, таба бер, өзіңе жақсы болса жасай бер, оған ешқандай қарсылығым болмаған. Бірақ, осы айфонды ойнатпағанда, әрине, солай жалғаса беретін еді. Ашуымды келтірді", - дейді әнші Толқын Забирова.

Белгісіз қолданушы әлеуметтік желіде Толқынның атынан парақша ашып, оны бір жылдай қолданған. Тіпті 22 мың оқырман да жинап үлгерген. Толқын бұл жәйттан хабардар болғанымен, алаяқ қолданушының соңғы жасаған әрекеті әншінің шыдамын тауысып, ашу-ызасын бір-ақ тудырды.

"Маған қоңырау шала береді. Жұмыста болсам мазалап. Айфонды қалай алып кетуге болады деп мазалайды", - деп жалғастырды Толқын.

Аса сабырлы әнші жалған аккаунт иесін іздеп тауып, құпия сөзін өзіне қайтарып алады. Осылайша, енді әншінің әлеуметтік желісіне ешкім жалған ақпарат салып қол сұға алмайды.

Өктем Алтаев

Дәл осындай жағдай тек Толқынның басынан ғана өтпеген. Жақында әнші Өктем Алтаев та алаяқтардың  құрбаны болды. Ел сүйіп тыңдайтын "Қарындасым", "Жұмбақ қыз", "Ақ сәулем" атты хит әндерін ұрлап, содан мол пайда тапқан.

"Менің өз басымда ондай жағдайлар көп болды. Менің фонограммамды қойып, дауысыма келтіріп,  фонограммамен кабак, ресторандарда өлең айтып, қыруар ақша тауып, үй алып, астына көлік мінген жігіттер де болды", - дейді ол.

Тіпті, әншінің дайын фонограммасын пайдаланып қана қоймай, оп-оңай гастрольдік сапарларға да  шығып жүрген. Алайда, әнші достарының арқасында оны қолға түсірген.

Әнші ондай пысық жігіттің есімін жақсы біледі. Тіпті ол Өктемді қадірлеп бірнеше рет тойына да шақырған.

"Серік деген жігіт. Сарыағаштың жігіті. Көйлегін киіп қуандық, бірақ өнер деген халықтікі ғой, менің әндерім кәдеге жарап жатса, бір адамның жағдайын түзеп жататын болса, маған ол да қуаныш. Менталитет сондай, мен оған ештеңе айтқан жоқпын", - дейді Өктем.

Бақыт Шадаева 

Әнші Бақыт Шадаева еш уақытта келеңсіз жайтқа тап болып көрмепті. Он жылдай сахнадан көрінбей кеткен әнші өз көрерменін сағынғанын айтады. Мемлекеттік жұмыстан әзірге бас тартқан өнер иесі сағынышын басу үшін Алматыда бейнебаян түсіріп, өнерін қайта қолға алды.

Өнер жұлдыздары жиі алаяқтардың құрбаны болып жатады. Мәселен, Мәдина Садуақасованың атынан біреулер тұшпараның бетін жарнамаласа, актриса Әсел Сағатова, продюсер Баян Есентаева, Халық әртісі Роза Рымбаева арықтаудың жолдарын  көрсетіп, көк шайды  сатып алуға үгіттеген.

Алайда, артынан оның өтірік екені анықталды. Жақында алаяқтар Халық әртісі Мақпал Жүнісованы да мазалаған. Тоғыз жыл бұрын әуежай қызметкерлерімен дауласқан видеосын басып алған белгісіз біреулер ғаламтордан өшіру үшін әншіден қомақты қаржы талап еткен. Соңғы уақытта осындай жолмен пайда табатындар көбейгені рас.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1077022-alayaqtardynh-qurbany-bolghan-otandyq/