Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Отандық жұлдыздардың өзінен айнымайтын бауырлары кімдер?

Опубликовано:

Қазақ өнер әлемінде туысқан жұлдыздар жетерлік. Бір қарағанда, олардың келбетінен өзара ұқсастықты байқауға болады. Әйтсе де, бір-біріне мүлдем ұқсамайтын ағалы-інілі, әпкелі-сіңлілі әртістер де бар.

Жұлдыздардың біртуғандарына  қаншалықты ұқсайтынын NUR.KZ Stan.kz-ке сілтеме жасап, назарларыңызға ұсынады.

Кәмшат және Алтынай Жолдыбаевалар

Халық Кәмшат Жолдыбаеваны жақсы таныса да, туған сіңлісі Алтынай туралы көп біле бермейді. Алтынай ән айтпаса да, бір кісідейін театр сахнасында жұртты өнерімен тамсандыра біледі. 2015 жылы "Адасқандар" телехикаясында басты рөлді сомдады. Бастапқыда бұл рөлге Кәмшат Жолдыбаеваны шақырған екен. Әншінің түсірілімнен қолы босамағандықтан, рөл сіңлісіне бұйырған.

Айдана және Ермек Меденовтер

Айдана - “KешYou” тобының экс-солисі әрі сәнгер. Жақын күндердің бірінде сұлуық салонын ашты. Ал ағасы Ермек Меденов SuperStarKZ жобасының финалисі, саксафоншы әрі композитор.

Құралай мен Мерей Нұрқаділовалар (әкелері бір)

Құралай Нұрқаділова елімізге танымал сәнгер әрі суретші. Өзіне тиесілі “Құралай” атты сән үйі бар. Kazakhstan Fashion Week және Мәскеу мен Екатеринбург қалаларында өтетін сән апталығының тұрақты қатысушысы. Ал Мерей Нұрқаділова - әнші Мақпал Жүнісова мен Заманбек Нұрқаділовтың қызы. Аналары бөлек болғанымен, екеуінің әкесі бір.

Наиля Зайытова мен Әділ Лиян

Белгілі продюсер Әділ Лиян мен “КешYou” тобының экс-солисі Нәиля Зайытова бір ана мен әкеден тумаса да, етене жақын туысқандық байланыстары бар. Әділ бір кездері туысқан қарындасы өнер көрсеткен Bionic тобының продюсері болған, қазір Нәиля жеке орындаушы ретінде танымал.

Мәди Рымбаев пен Әли Оқапов

Ағайынды Мәди мен Әлидің тегі бөлек. Мұнымен қатар, әнші Әлидің сыртқы келбеті әкесі Тасқын Оқаповқа тартса, Мәди анасына ұқсаған. Ағайындылардың сырт келбеті мен мінез-құлқы бір-біріне ұқсамаса да, олар бір кеменің басын ұстап, өнер әлемінде қатар жүзбек.

Алтынай мен Талғат Жорабаевтар

Әншінің туған бауыры Талғат ән айтып қана қоймай, “Ханталапай” атты фильмге түсіп, өзінің бағын сынап көрген.

Қымбат пен Қарақат Әбілдиналар

Қымбат Әбілдина – алғаш 2000 жылдың күзінде шығарыла бастаған республикалық “Айгөлек” журналының бас редакторы. Көпбалалы отбасында дүниеге келген Қарақат - Әбілдина эстрадамыздың белгілі әншісі, дәстүрлі өнердің насихаттаушысы.

Қайрат Нұртас пен Ақерке Тәжібаева (бөлелер)

Қайрат Нұртас пен Ақерке Тәжібаеваны барлығы таныса да, олардың жақын туысқан екенін ешкім біле бермейді. Қос жұлдыздың аналары біртуған. Бірі - эстрадамыздың танымал әншісі, екіншісі - қобыз аспабын жетік меңгерген күйші. Екі өнерпаз бір кездері “Алматы түні” әнін бөлісе алмаған болатын.

Бағым Мұхитденова мен Баян Есентаева

Халық Бағымға қарағанда, Баян Есентаеваның жас көрінетінін жиі айтады. Екеуі де Shine production компаниясында қызмет істеп, жұлдыздарды үлкен сахнаға әзірлейді. 2016 жылдың күз айында аталған компанияны Астана қаласына көшіріп, еліміздің бас қаласында шәкірт тәрбиелеуді қолға алып жатыр.

Рүстем мен Дана Нұржігітовтер

Дана Нұржігіт - белгілі тележүргізуші, ал Рүстем - KZ тобының солисі. Тележүргізушінің “Дара жол” атты жобасы бар, Рүстем Нұржігіт қазіргі таңда жеке орындаушы ретінде танымал.

Ақкенже Әлімжан мен Нұрлан Әлімжан

Нұрлан Әлімжанды елбасының рөлін сомдағаннан кейін қазақ елі ғана емес, аталған фильм көрсетілген шетелдерде де танитын болды. Түрлі рөлді сомдап үлгерген актер ән де айтады. Ал Ақкенже Әлімжанның да өзіндік тыңдармандары бар. Ол да ағасы секілді актерлік шеберлікті меңгеріп, қазіргі таңда ән айтып жүр. Қос жұлдыздың аналары бөлек болғанымен, әкелері бір.

Айсәуле Бақытбек пен Айару Бақытбек

Баян Есентаеваның үлкен қызы қазіргі таңда шетелде білім алып жатыр. Болашақта анасы секілді танымал адам болмаса да, журналистика саласында мықты маман болғысы келетінін жиі айтады. Ал үш жасынан ернін қызыл далаппен бояғанды ұнататын бойжеткен аспаздық өнердің қыр-сырын меңгеріп, әлемдік деңгейдегі сән көрсетілімдеріне қатысып үлгерген.

Байғали Серкебаев пен Жәмилә Серкебаева

Байғали Серкебаев “А-Студио” тобының белгілі мүшесі, қазақстандық музыкашы әрі көптеген әннің авторы. Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясында білім алған. Ал Жәмиля Серкебаева – скрипкашы.

Рүстем мен Дастан Оразбековтер

Ағайындылар “Орда” тобында көптеген жыл бірге өнер көрсеткен. Алайда белгісіз себептермен Рүстем Оразбеков топтан кетеді. Дастан ағасының әулеттің қамын ойлап, бар уақытын туған-туысқандардың жағдайын жасауға арнайтынын айтады. Ал Дастан Оразбеков дәл қазір аталған топта өнер көрсетеді. Мұнымен қатар, жақында Turkiss тобын халыққа таныстырып, продюсерлікті қолға алды.

Айым Алтынбекова мен Ілияс

Айым Алтынбекова небәрі 18 жасында театрдың танымал актрисасы Лидия Кәденнің жалғыз ұлына тұрмысқа шыққан. Ару мектеп оқушысы болғандықтан, жолдасы құда түсу үшін екі жыл уақыт күткен екен. Ал бауыры Ілияс Mysterions тобының беделді мүшесі.

Есболат пен Ерболат Беделхановтар

Ағайындылар бірігіп “Орда” тобында өнер көрсетеді. Ерболат Беделхан өткен жылдың желтоқсан айында Ninety one атты топ құрып, продюсерлікпен айналысқан болатын. Ал Есболат Беделхан әншілікпен қатар, режиссерлікті қолға алған.

Сандуғаш Стамғазиева мен Рамазан Стамғазиев

Ағалы-қарындас дәстүрлі өнердің насихаттаушысы.

Айсұлу мен Әбдуәлі Әзімбаевтар

Актриса халыққа “Әсел және оның достары” телехикаясы арқылы танылған. Қиялына ерік беріп, жұмысына толықтай берілуді жөн көреді. Жас актрисаның туған бауырының мінезі әпкесіне қарағанда, әлдеқайда ерекше. Айсұлу Әзімбаева өнерге жан-тәнімен берілген жан болса, Әбдуәлі - арман-қиялға берілуді ұнатпайтын жан. Әбдуәлі бірнеше аспапты ешкімнің көмегінсіз өзі меңгерген екен.

Естеріңізге сала кетсек, осыдан бұрын танымал тұлғалардың өзіне қатты ұқсайтын "сыңарлары" жайлы жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1089772-otandyq-zhuldyzdardynh-ozinen-aynymay/

pixel