"Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп" сөнген тұлғалар (фото, видео)
Жарияланған күні:
Қазақтың маңдайына бітіп, кең дүниеге сыймай кеткен саңлақтар өнерде аз емес. Өмірден тым жас кеткен дарын иелерін NUR.KZ Baistars.kz-ке сілтеме жасап, назарларыңызға ұсынады.
Оразалы Жарылқасынұлы Досбосынов 1975 жылы қарашаның он бесінде Райымбек ауданына қарасты Текес ауылында дүниеге келген. Айтыстың "Құлмамбеті" атанған ақын 30 қараған шағында бақилық болды.
2005 жылы қарашада Оразалы Досбосынов Алматы облысы Шонжы ауылынан келе жатқанда көлік апатына ұшырап көз жұмды.
Оразалы Досбосыновтың жары әнші Ажар Түзелбекқызы ақынның артынан алты жылдан соң кете барды.
2011 жылы «Анаға хат», «Сағындым сені» атты әндерімен халыққа танымал болған әнші Ажар да жол апатына ұшырады. Ол мінген көлік Алматы-Талдықорған трассасының бойында талға соғылған.
Әнші Қапшағай ауруханасында көз жұмды. Екеуінің артында Нұрайша, Нұрсұлтан есімді ұл-қыздары қалды.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Сиднейде өткен Олимпиаданың бокстан чемпионы Бекзат Саттарханов Сейілханұлы 1980 жылы 4 сәуірде Түркістан қаласында дүниеге келген.
2001 жылдың басталуына санаулы минуттар қалғанда Шымкент қаласы жанындағы Темірлан қаласы маңында автокөлік апатына ұшырады. Небәрі 20 жасында әлемді мойындатқан Бекзат Саттарханов көлік апатынан мерт болды.
Бөлебай Руслан 1985 жылы Қызылорда облысы Шиелі кентінде дүниеге келген.
"Қазақстан» Ұлттық телеарнасының "Таңшолпан»"бағдарламасының жүргізушісі әрі әнші 2009 жылы 16-шілде күні жол көлік апатынан көз жұмған еді. Журналист небәрі 24 жасында өмірмен қош айтысты.
Русланды ажал құштырған көлікте “BR” тобының әншісі Бауыржан Бегимбетов, әнші Нұржан Халжан сонымен қатар 4 жолаушы бар болатын. Бауыржан да сол жол көлік апатынан қаза тапты.
«Гүлімсің», «Ең алғашқы махаббат», "Мүмкін емес" хит әндерінің орындаушысы Нәби Аймұратовтың өмір жолы кенеттен үзілді.
Әнші 2009 жылы Қызылорда облысының Шиелі ауданынан Алматыға қарай әнсапардан қайтып келе жатқан жол апатынан қайтыс болды. Артында аяулы жары мен оны сүйіп тыңдайтын елі жоқтап қалды.
Алтынай Байтоқанова 1972 жылы бұрынғы Жезқазған облысының Жезді ауданында дүниеге келген. Журналист, телерадио жүргізушісі, цирк менеджері, бағдарлама жүргізушісі, сондай-ақ әлемнің бірқатар елдерінде иллюзионист болып еңбек еткен.
Соңғы жылдары «Гүлдер» мемлекеттік ансамблінде жұмыс істеді. Әлемнің ең үздік сиқыршыларының алғашқы ондығына кіретін Алтынай Байтоқанова 41 жасында 2013 жылы 30-наурызда ауыр науқастан айыға алмай ауруханада көз жұмды.
2005 жылы Superstar.kz жобасы арқылы танылған Анна Шейдер адам қолынан қаза тапты. Жобадан соң, Анна танымал бизнесмен Георгий Барминмен кездесе бастады.
2008 жылдың қыркүйегінде екеуін Алматы қаласында ұйымдасқан қылмыстық топ ұрлап, өлтіріп кетті.
Жендеттер Шейдер мен Барминді тұншықтырып өлтіріп, иесіз бір үйдің бақшасына көміп кеткен. Олардың денелерін тек 2009 жылдың 7 қаңтарында дəретхана қазу кезінде тауып алған. Көп уақыт өтпей жендеттер ұсталып, өз жазаларын алды.
М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының актері Шалқар Үркімбаев 29 жасында белігісіз жағдайда көз жұмды.
Актер 3-қабаттағы грим бөлмесінің балконынан секіріп кеткендігі, не біреудің қасақана итергені белгісіз. Шалқар көрерменнің сүйікті актері болған еді.
2015 жылы мамыр айында Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық театрының талантты актерлері Гауһар Шарипова мен Мухитдин Шынтаев қайтыс болды.
Көз жұмған актерлер ерлі-зайыпты еді. Екеуінің жансыз денесі Алматыдағы жастар театрында табылған болатын.
Қылмыстық істерді тергеу кезінде белгілі болғандай, ерлі-зайыптылар ұрсысып қалған, ұрыстың соңында Мухитдин Гауһарды өлтірген, содан не істегенін түсінген Мухитдин өз-өзіне қол салған.
X-Factor жобасының түлегі Ангелина Цой 2014 жылы қайтыс болды. Әнші Алматыда 600 мың теңге төлеп, жекеменшік емханада босанғаннан кейін көз жұмған.
Астананың Медициналық университетінің студенті Ерасыл Əубəкіров X-factor музыкалық жобасының 5-бөліміне "Стиляги" триосымен қатысып, елдің назарын өзіне аударған еді.
2014 жылы топ финалға жеткен кезде тәлімгерлері Дильназ Ахмадиевадан "жоқ" деп естігеннен кейін жарыстан шығып қалады. Ерасыл Астана қаласында да музыканы тастамады.
Шығыс Қазақстандық жігіт сабақтан кейін Астана қаласының түнгі клубтарында ән айтып, жүргізуші болып өнерін көрсетіп жүрген. 23 жасар Ерасылды әбден ұрып, денесін қаскөйлер қарға көміп кеткен.
Актриса Гүлжанар Сазанбайқызы биыл 18-наурызда ауыр дерттен көз жұмды. Ол "Алдараспан" театрының негізін Нұржан Төлендиевпен бірге қалаған. ОҚО әзіл-сықақ және сатира театрында да қолтаңбасын қалдырып үлгерді.
Сонымен қатар, актриса бірнеше телевизиялық жобаларға түсіп, "Шаншар" , "Шымкент-шоу" әзіл-сықақ театрларында да өнер көрсетті. Оралхан Бөкей атындағы көркем сөз оқу байқауының бас жүлде иегері. Облыстық Қазақстан-Шымкент телеарнасында бірнеше жыл тележүргізуші болып қызмет атқарды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1091118-quyryqty-zhuldyzday-zharq-etip-songen-t/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.