RU

Меруерт Түсіпбаева: Ажырасқан соң, отбасылы адамға ессіз ғашық болдым

Әнші Меруерт Түсіпбаева Stan.kz-ке берген сұхбатында осы күнге дейін айтылмаған сырымен бөлісіп, халық арасында жүрген қауесет сөздің нүктесін қойды.

Әншілік пен актриса мамандығын қатар алып жүрген Меруерт Түсіпбаеваның қазақ сахнасында жүргеніне 20 жыл толды. Осыған байланысты әртіс шығармашылығындағы жетістіктері мен жеке өміріндегі сәтсіздігін де баяндап берді.

"Меніңше, бұл екі мамандықтың аса айырмашылығы жоқ. Өйткені әнді жүрекпен айтады. Қазақ эстрадасында жүрген 20 жылда 20 хит ән шығардым. Өнерге алғаш 1996 жылы қадам бастым. Осы күнге дейін әндерімді сұрайтын жандар бар", - дейді Түсіпбаева.

Ән қоржынында қандай әндері бар екенін ұмытып жататын Меруерт әндерінің хитке айналуына актерлік қабілеті көмектескеніне сенімді. Туындыларын сезініп, жүрекпен жылап айтқандықтан, лирикалық әндері тыңдармандарына жетті деген ойда.

"Мен көбінесе автобиографиялық әндерді орындаймын. Күйеуіммен ажырасқан соң “Ақ жауын” атты әнді жаздырып, бейнебаян түсірдім. Ажырасу оңай емес, қатты қиналып, күйзеліске түскен болатынмын. Осы әнім жарыққа шыққан соң, жанымда тыныштық орнады", - дейді әнші.

Түсіпбаеваның тағдырына тікелей қатысы бар әні жалғыз бұл емес. “Мұңым менің” атты әнде де үлкен “тарих” жатыр.

“Ажырасқан соң шексіз ғашық болдым. Абай атамыз айтқандай, махаббат деген нағыз дерт қой. Сол бір аяулы жанға деген сезімім өзіме дерт болып жабысты. Сүйген адамымның отбасы болғандықтан, қоштасуға мәжбүр болдым. Өзіме ән керектігін айтып ақын Жаңагүл Қадыроваға өлең жаздырдым. “Мұңым менің” атты өлеңнің 30 пайызы өзіме тиесілі. Сол әнді дүниеге әкелген кезде перзент босанғандай, шерімді сыртқа шығарып, әбден тарқаттым. Бейнебаян түсіріліп жатқан кезде де қатты жыладым. Бәлкім бейнебаянға кірмей қалған шығар”, – деп Меруерт Түсіпбаева өміріндегі қуаныш пен қайғыны қатар салған оқиғаны еске алды.

“Соңғы кездері жаздырып жатқан әндерімнің біреуі де тыңдарманның жүрегіне жетіп жатқан жоқ. Оны мойындаймын. Мүмкін шынайы махаббаты сезінбей жүргендігімнің әсерінен болар", - деп шерін тарқатты әнші.

"Құдды тәніңде жасырынып, сыр бермейтін сары аурудай. Сары аурумен ауырған кезде дәрігерлер науқасқа ем-дом жүргізіп, оның жазылғанын айтады. Ең өкініштісі, жазылсаң да, қан тапсырып, өзге біреуге донор бола алмайсың. Өмір бойы қаныңда ақау болады. Актриса ретінде жылына екі кино, екі телехикаяға шақырып жатса, мен соны қанағат тұтып, әншіліктен бас тартар едім", – деп мұңын шақты Түсіпбаева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1100057-meruert-tusipbaeva-azhyrasqan-sonh-otb/