Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Абай Бегей тойдан қалмайтын әншілердің көшін бастады

Жарияланған күні:

Қазақ эстрадасының жұлдыздары тойға шыға ма? Өнер иелерінің арасын «Той бизнес» пен «Шоу бизнес» дейтін екі түрлі ұғым алшақтатып жүрген жоқ па? Тойға кімдер көп шығады, кімдер тойға шықпайды?

Осыған орай төмендегі сұрақтарымызды дайындап, тойдың қазанында қайнап жүрген бірнеше асаба-шоумендерге сұрау салдық деп жазады toibiznes.kz сайты.

1. Тойда танымал эстрада жұлдыздарынан кімдерді көп кезіктіресіз? Ол жұлдыз неліктен үлкен сұранысқа ие?

2. Тойда танымал эстрада жұлдыздарынан кім аз шығады? Себебі неде?

3. Танымал емес қандай өнер иелерін көп кезіктіресіз? Оларды халық несімен бағалайды?

4. Тойға мүлде шықпайтын эстрада жұлдызын атап көрсете аласыз ба? Тойға шықпауының себебі неде?

Ерлан Құлшынбаев, асаба: 

1) Бүркіт пен Аиша, Серікбол Сайлаубек, Абай Бегей, Сейфуллин Жолбарыс, Айгерім Қалаубаева, «Меломен» тобы, Нұрлан Еспанов, Нұржан Қалжан, Алтынбек Тәшімбетов. Олардың әні халыққа ұнайды. Қазір экранға көп шыққандарды емес, әні көп таралған, ұнайтын әншілерді көп шақырады.

2) Әр әншінің өз тыңдарманы болады деп ойлаймын. Нақты мынау аз шығады деп айта алмаймын. Тойды айтылатын әні аз әнші аз шығатын шығар мүмкін.

3) Танымал емес десем ол кісі ренжіп қалар, аты-жөнін айтпай-ақ қояйын. Мен ол кісіні телеарнадан емес, тойдан таныдым. Туған өлкесі жайында керемет бір әні бар. Ол әншісіз аталған аймақта ешқандай той өтпейді.

4) Әнші болған соң, тойға шықпауы мүмкін емес деп ойлаймын. Мәселен, Сайлаубек те тойға шығып жатыр. Оның да өзінің тыңдарманы бар шығар. Әйтпесе, «Кэмэне бек» билейтін ән емес қой. Өзінше сыртта Сайлаубекті мазақ қылып, тойға келіп қалса артынан жүгіріп, суретке түсіп жататын азаматтарды көріп, жаным ашиды, қаным қараяды. Айттың ба жамандап, соңына дейін жамандау керек еді. Әйтпесе, жамандама мүлде.

Шыңғыс Тілеу, асаба: 

1) Танымал жұлдыздардан Абай Бегей, Асхат Тарғын, Мақпал Жүнісова, Нұрлан Еспанов, Меломен т.б. Өйткені, әндері хитқа айналған. Халықтың сүйікті əншілері  сұранысқа ие.

2) Кім тойға аз шығатын білмеймін. Халықтың таңдауы бойынша ғой бəрі. Нақты себебін білмеймін. Əндері хит емес шығар.

3) Эстрадада жүрген танымал емес өнер адамдары өте көп. Кейбірінің дауыстары əдемі болады, әндері жақсы болады.

4) Тойға мүлде шықпайтын эстрада жұлдыздары жоқ деп ойлаймын.

Нұржан Аташ, асаба: 

1) Тойда ең жиі кездестіретін әншілер – Абай Бегей, Асхат Тарғын, Нұрлан Еспанов, Серікбол Сайлаубек, Серік Ибрагимов. Осы азаматтар аптасына үш той болатын болса, соның екеуінен осыларды кездестірем. Ол жұлдыздардың әндері нағыз тойға арналған, той бағытында және аса қатты қымбат сұрамайды. Бір жұлдыздарымыз сияқты бір танылып алып, бағасын қатты көтеріп жібермейді. Сол себепті шығар тойға жиі шығатыны...

2) Медеу Арынбаев пен Қыдырәлі Болманов шығар...

3) Опера әншілері, дәстүрлі әншілер. Олар халыққа көп танымал емес, десек те ел олардың өнерін, талантын бағалайды.

4) Тойға мүлдем шықпайтын өнер азаматтары жоқ шығар қазақта. Өйткені, барлық табыс көзі тойда ғой, оны мойындау керек. Тойға мүлде шықпайтын өнер адамын танымайды екенмін.

Әсет Ақдәулет, асаба: 

1) МузАРТ, Мақпал Жүнісова, Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі, «Жігіттер» квартеті, Ғаділбек Жанай. Қазақылығымен, даусымен, үнімен ерекшеленеді.

2) Нақты мына кісі өте сирек шығады деп айта алмаймын. Мүмкін менің тойымда сирек көрсем де, басқалардың тойында жиі кездесетін шығар. Қазіргі эстрада жұлдыздарында қатып қалған баға жоқ. Сол жағына разы боласың.

3) Халық негізі танымалдыққа қарап шақырады тойға. Танымал емес, бірақ тойдың көркін қыздырып, халықты тәнті ететін әншілер өте көп. Өздеріне ғана тән ерекшеліктері болғандықтан халық оларды ерекше бағалайды.

4) Тойға мүлде шықпайтын эстрада жұлдызын атап көрсете алмаймын. Тойда бағамды түсіріп алмайын дейтіндер де бар шығар. Олай ойлау қате сияқты. Қазір тойға 600-1000 адам қонаққа келеді. Ол дегеніңіз нағыз өнерді паш ететін сахна.

Ерлан Еспенбетов, асаба: 

1) Төреғали, Қайрат Нұртас, Қайрат Түнтеков, Абай Бегей, Асхат Тарғын, Бүркіт-Аиша, Мәдина Сәдуақасова, Серікбол Сайлаубек, Нұрлан Еспанов, Нұрлан Албан, Роза Әлкожа, Еркін Нұржан, Кәмшат Жолдыбаева, Арман Дүйсенов. Себебі олардың әні халыққа керек бағытта, яғни, тойда билегенге ыңғайлы келеді.

2) Өнер базар сияқты, бірі шықса, бірі кіріп жатады. Көбінесе үлкен жасқа келген танымал тұлғаларды аз кездестіріп жатамыз. Себебі, заман басқа, талғам басқа. Қазір көбінде шоу жасап, тойда билете алмаса, канша әлемді мойындатса да, тойға келгенде тосылып жатады.

3) Танымал емес, бірақ өте талантты, дарынды өнерпаздар өте көп. Танымал болмаса да барған жерін таң қалдырып жатады.

4) Кейбір әншілерді тойға мүлде шықпайды деп естігенмен, кейін тойдың әнін жаздырып алып, тойда жұргендерді көз көріп, құлақ естіп жатады. Жалпы, өнер адамдарының негізгі табысы – той.

Сөз алған той жүргізушілерінің жауаптарынан түйгеніміз – тойға шықпайтын танымал жұлдыз жоқтың қасы. Ал сарапшылардың пікірінше біздің әртістер негізгі табысын үйлену тойлары, туған күн, мерей тойлар және басқа да мерекелерден табады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1166791-abay-begey-toydan-qalmaytyn-anshilerd/