Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп өмірден өткен қазақ журналисі туралы не білеміз? (фото)

Жарияланған күні:

Мамырдың 16-сы күні қазақ журналистикасында өзіндік із қалдырып, құйрықты жұлдыздай жарқ еткен Руслан Бөлебайдың туған күні өтті. Жас та болса, елдің сүйіктісіне айналып үлгерген марқұм журналист тірі болса бүгінде 32 жасқа келер еді. NUR.KZ порталы Руслан Бөлебай туралы естеліктерді назарға ұсынады.

2009 жылдың шілде айында талантты журналист Руслан Бөлебай жол апатынан көз жұмды деген ақпарат елді дүр сілкіндірді.

Небәрі 24 жасында елге танылып, халықтың сүйіктісіне айналған журналисттің қазасын қазақ жұрты ауыр қабылдады.

Ұлттық арнадағы "Таңшолпан" бағдарламасын жүргізген Руслан Бөлебай бүгінде тірі болса 32 жасқа келер еді.

Тілшілік қызметтен бөлек, Руслан әншілікті де қатар алып жүрді. "Кең дала", "Сен болмасаң", "Жанарым", "Елес", "Мөлдір моншақтар", "Кешікпей келем деп ең", "Махаббатпен ойнама сен", "Іңкәрім-ай" әндерін мәнеріне келтіре орындап, көрермен ықыласына бөленді.

Русланның өте еңбекқор, жастайынан көптеген істі тындырып үлгерген, ұлтжанды журналист екендігін оның әріптестері де еске алып, жылы естеліктерін жазады.

"Алақандай ғана өмірі қалды. Алатаудай есімі қалды... "Тоғыз да қазаққа киелі сан, менің тойым да 09.09.09 жылы болады", - деп жымиғаны бар. Иә, кім біледі, бәлкім.

Шынымен де сол күнді көңіліне түйіп жүрді ме екен?!", - деп еске алған жан досы Жігер Сәрсенбаев оның іске зерек, қадамы ширақ, алғанынан қайтпайтын жан болғанын айтады.

Русланмен бірге телевизияның қазанында біте қайнасқан құрбысы Татьяна Прилепина Руслан туралы естеліктерін жариялады.

"Ол менімен әдейі қазақша сөйлесетін. Рахмет. Соның арқасында мен қазақша түсініп, сөйлей алатын болдым. Ешнәрсеге мұңаймай, күліп жүруді үйретті. "Таня, койши!", - дейтін ол. Мұны қалай айтатыны да есімде", - деп еске алады ол.

"Мені КТК атты әлеммен таныстырған - марқұм досым Руслан Бөлебай. Русланмен оқушы кезімізде журналист балаларға арналған фестиваль, жиындарда кездесіп танысқан едік.

Бірде ол телефон шалып "КТК-ға келсейші, бізге Астаналық тілші керек", - деді. Ол кезде КТК-ның қазақ тіліндегі жаңалықтары сағат 16.00-де шығатын. Не ары емес, не бері емес. Көрермен жұмыста.

"Кел, бірге күресеміз! Жаңалықтарымызды ел көретін уақытқа қойғызамыз" деді. Мен біраз ойланып қалдым. Бірақ оның жанды сөздері құлағымнан кетпеді. Темір жол вокзалына бардым да, Алматыға билет алдым. Алматыға келгенімде вокзалдан қарсы алған да Руслан болатын. Қайран досым, жатқан жерің жәнатта болсын!

Мен үшін сен мәңгіліксің. Жаңалықтар қазір прайм таймда! Біз мақсатымызға жеттік!", - дейді Дина Төлепберген.

Оның досы болған қобызшы Ақерке Тәжібаева оның өмірінің соңғы кезеңдерін былай еске алады.

"Руслан өмірден озарынан 2-3 күн бұрын Көктөбеге шығайық деген. Көктөбеге шығып, Руслан: «Кейін мен сендерге Алматының төбесінен қарап тұрамын», - дегені бар".

Бұдан бір жыл бұрын Русланның туған күніне орай оның туған ауылы Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы орталық көшелердің біріне Руслан Әбсаттарұлы Бөлейбайдың есімі берілді.

Онда Русланды еске алу кеші ұйымдастырылып, онымен бірге істеген әріптестері мен өнер жұлдыздары де кешке қатысты.

Русланның қазасы оның отбасындағы жалғыз қайғылы жайт емес. Оның өмірден озардан бір жыл бұрын ағасы да жол апатынан қайтыс болғаны белгілі.

Бір таңданарлығы, Русланның жасаған соңғы хабары көлік апаты және одан сақтану жолдары туралы болған.

Бүгінде жыл сайын талантты журналисті еске алып, әріптестері әсерлі жазбалар жазуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1497038-quyryqty-zhuldyzday-zharq-etip-omirden/