Отандық өнер иелері балалар күнін қалай тойлайды? (фото)
Жарияланған күні:
Бүгін - Халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл күні көптеген ата-аналар бүлдіршіндерін шаһардың көрікті жерлеріне апарып, оларға айрықша көңіл-күй сыйлағысы келетіні айдан анық. Осыған орай, NUR.KZ тілшіcі еліміздің өнер майталмандарына хабарласқан еді. Осы орайда, өнер иелері бүлдіршіндерінің бұл күнді қалай өткізіп, оларға не сыйлайтынын айтып берді.
Тұрсынбек Қабатовтың жары, Мөлдір ханым бұл күнді асыға күтіп жүргендігін айтып, отағасының балаларға не сыйлайтынымен бөлісті. «Бұл күнді асыға күтіп жүрміз. Ертең балаларды саябаққа қыдыртамыз деген жоспар бар. Ал, алдын ала қандай да бір мерекелік шара ұйымдастырып, ешқайда тапсырыс берген жоқпыз. Жұрт қатарлы, ел қайда қыдырады, бізде сол жаққа барып қыдырамыз деген ойдамыз», - деді.
Ал, балаларға қандай сыйлық әзірледіңіздер деген сауалға: «Тұрсынбек қазір қыздарына гүл сыйлағанды ұнатады. Жалпы, Тұрсынбек балаларға әкелген кез келген сыйлығын ресми түрде сыйға тартқанды ұнатады. Ал, мейрамға келер болсақ, қыдырған уақытта, қалаған сыйлықтарын алып береміз»,-деп жауап берді.
Белгілі әнші, Ерлан Көкеевтің жары Анар Көкеева да мерекелік күнге қатысты жоспарларын айтып берген-ді.
«Негізінде 1 маусымда бізді балаларымызбен бүлдіршіндерге арналған шараларға шақырып жатады. Әрине, ондай салтанатты іс-шаралардан қалмауға тырысамыз. Кіші қызымызға келер болсақ, бүгін ол «Астана операда»өнер көрсететін болады. Одан кейін, яғни, қызымыздың концерті аяқталған соң, Сәтті мен Ақжанды Орталық саябақтағы әткеншектерге отырғызып, қыдыртамыз ба деген ойымыз бар. Ал, жалпы, демалыс күндері балаларды кино, бассейн, саябақтарға жиі апарып тұрамыз», - деді.
Ал, жас актер әрі режиссер Мерей Маханов атаулы күнге қатысты өз естеліктерімен бөлісті.
«Бұл мерекені кішкентай кезімізден бастап кәдімгідей күтетінбіз. Марқұм нағашы әжем әпкем екеуімізді жыл сайын түрлі саябақтарға апаратын. Әткеншектерге отырып, кәуәп, балмұздақ жеп, күнімізді әдемі өткізіп келетінбіз. Қазір өз балалаларыма да сондай мейрамды сыйлауға тырысамын.
Бұл жолы атасы мен әжесі немерелерін алып, саябаққа барып, өздері атап өтеді. Себебі, анасы екеуіміз біраз жұмыстардан қолымыз босамайтын болып тұр. Әлинұр атасының баласы, Диара әжесінің қызы. Сондықтан, бұл күнді өздері ойдағыдай өткізетініне сенімдіміз.
Арасында Астанадан ақмамасы (әпкеміз) бейнеқоңырау арқылы балаларды құттықтап, келер уақытына орай жаңа сыйлықтарға тапсырыс алады.
Өзіміз болсақ, ұлымызға робот, қызымызға қуыршақ сынды ойыншықтарды әзірледік. Кешке отбасылық дәстүр бойынша бәріміз бірге жайлы дәмханаға барып, кешкі ас үстінде мерекемізді жалғастырамыз. Бәрі де балаларымыздың көңілі үшін ғой. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Үйде жақсылықты көп көріп өсуіне барымызды саламыз. Бала бақыты – ата-ана парызы», – деді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1510125-otandyq-oner-ieleri-balalar-kunin-qal/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.