Танымал әнші бірінші әйелін соққыға жықты деп айыптағандарға жауап берді (фото)
Жарияланған күні:
«Қара қызым" деген әні хитке айналып, танымал болған әнші Асан Пердешов биыл екінші рет үйленеді. Көптен бері ел алдына шықпай кеткен әнші бірінші әйелімен неліктен ажырасқанын, қазіргі таңда не істеп жүргенін және елді шулатқан Төреғали "оқиғасына" қатысты пікір білдірді деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
Ол порталға арнайы сұхбат берді.
- Қазір қайда жүрсіз?
- Алматыдамын. «Алматыдамыз» дегенмен, бір аяғымыз ауылда. Өйткені, әке-шешем ауылда. Жетісайда, ағамның қолында тұрады. Көп сағынамын, жиі барамын. Оларды қартайған шағында қатты сағындырып алғым келмейді. Қоңырау шалса, жаным қалмай жетіп келемін. Сондықтан ауылда да біраз боламын. Шымкентке тойға көп шақырады. Тойға келгенде ауылға соқпай, Алматыға қайта кетіп қалсам, «ата-анамның көңілін қалдырып аламын ба» деген де ой болады. Шымкентке келіп тұрған соң, ауылға дейінгі 250 шақырымды қиын көрмей, ауылға тартып кетемін. Көбісі «Асан Шымкентте, Жетісайда» деп ойлайды. Бірақ олай емес. Алматыға барғанымызға біраз болды. Әндерімді Алматыда жазамын. Студия бар. Оранжировкасын сонда істеймін.
- Тойларға неше теңгемен шығасыз?
- Қатып қалған баға жоқ. Жолға, маршрутымызға байланысты өзгеріп отырады. 1 000 долларға да, 2 000 долларға да келген кезіміз болды. 200 мың теңгеге де, 100 мың теңгеге де шыққан кездеріміз бар. Халықтың жағдайына да қараймыз. Кейде бір тойда боламыз.
Тойда бастан аяқ отыра бермейсің. 2-3 ән айтқан соң, тост береді. Сол аралықта ары барса 100 метр жердегі тойханада той өтіп жатады. Өтініш деп келіп тұрады. Не өтінішін алдын ала білдіреді. «Қолымыздан келгенімізше атағанымызды берейік, біздің де тойымызға да ән айтып беріңізші» дейді. Шын мәнінде жағдайы жоқ кісілер болады. Барып, 2 ән айтып, қайтып келіп бастапқы тойымызда отырмыз. Арзан сомаға. Ыңғайымыздың келгенінше ғой.
- Сіз өзіңіз жазған әндерді өзіңіз орындайсыз. Бұдан бөлек, Ернар Айдардың орындайтын «Ғашықпын», «Тым болмаса», Қайрат Нұртастың «Сен барда», Жігіттер тобының «Келсеңші, күнім» сынды әндерін сіз жазған екенсіз. Тағы кімдерге қандай ән жазып бердіңіз?
- Ерекше, жаңа стильде ән жазғым келді. Бір себептерге байланысты әншілік жолымды тоқтатып, сазгерлігімді қолыма алдым. Әр нәрсені мойныңа алған соң, оның бір нәтижесі болу керек. Рок стиліндегі әнімді жазып, Жігіттер квартетіне ұсындым. «Айдар аға, мынадай ән жазып едім, тыңдап көріңізші, ерекше болып, бұрынғы сарыннан басқаша шығыңыздаршы» дедім. Айдар жігіттермен ақылдасып, ертеңіне хабарласып: «Бізге ұнады, осы әнді шығарамыз, ешкімге берме» деді. Төреғалиға сөзін жаздыртып, бір аптадан кейін шығарды. Бұдан бөлек Руслан Мамытовта «Сен жылама» деген ән бар. Жангелді Бағдатта бір-екі әнім бар.
- Әндеріңізді сатасыз ба?
- Жоқ, сатқан емеспін. Егер сазгер атанып, содан нәпақа тауып жүрсем, онда кәсіпқой сазгер болып, сататын едім. Өзім сахнада ән айтып, әнші болып жүрмін. Өз әріптестеріме әнімді сатуға дәтім бармады. Олар әнімді орындайтын болса, «қолың құр қайтпасын, осы әннің рахметі» деп атағанын беріп жатса, жоқ демеймін, аламыз. Бірақ, ешқандай бағасын қоймаймын.
- «Әндерім бір қызға арналған» деп айтқан едіңіз. Осы рас әңгіме ме?
Рас әңгіме. Алғашқы әндерім бір қызға арналған. «Қара қызым», «Ұмыта алмаймын» («Жоқ»), «Сен кеттің», «Көздерің», «Туған күнің», «Қош бол, сүйгенім» әндерім. Көп енді. Бірталай әнім сол қызға арналды. Бірақ тағдырдың жазғаны шығар, біз қосылмадық. Бір-бірімізді жақсы көрдік, тек қана ғашық болдық.
- Ютубта «Жылама қызым» деген әніңізбен өткізілетін қыз ұзату тойларының видеолары өте көп. Осы ән қалай туды?
- Бір тойға бардым. Сол тойда үлкен ағамыздың көзіне жас алғанын көрдім. Ержүрек, өте батыл, сөзін кімге де болсын өткізе алатын, нақ сөйлейтін, мінезді кісі еді. Сол маған әсер етті. Қызының жылағанын көріп, жылап жіберді-ау. Сосын тойдан үйге келіп, «Жылама қызым» деген сөзді ғана қайталай беріп, ән шығардым. Шыдай алмай таңертең Зікірә Қожаев деген ауылдас ағама барып, «сөз жазып беріңіз, мен жаза алмадым, қыз ұзатып көрмегенмін» дедім. «Болды балам, әннің буындарын бер» деді. Диктофонға жазып бердім. Кешкісін хабарласып: «кел балам, сөзін жаздым» деді. Бірден ұнады. Ешқандай тұсын ауыстырмай, өзгертпей, сол қалпында әнге айналды.
- Алматыда қайда тұрасыз?
- Пәтер жалдап тұрамын. Алда «үй аламын» деген жоспар бар.
- Төреғалидың Павлодар сахнасындағы оқиғасына қатысты қандай пікір білдіресіз?
- Бұл жерде ештеңе айта алмаймын. Өйткені, мен ол концертте болған жоқпын. Сол жердегі жағдай қандай болды, Төреғалидің жағдайы қалай болды, білмеймін. Сыртынан тон піше алмаймын. Ұйымдастырушының тірлігі нашар болғаны шығар.
- Жаңашылдық демекші, қазір q-pop деген жанр пайда болды. Соңғы екі жылда Ninety one, Black Dial, Madmen, Renzo, Moonlight сынды топтар құрылды. Оларға қатысты қарсылық та ұйымдастырылды. Найнти уанның концертіне қарсы шығып, оларды шашын бояйды, сырға тағады деп кінәлағандар болды. Әндерін тыңдайсыз ба, клиптерін көресіз бе?
- Олардың өнеріне, орындау мәнеріне ешқандай әңгіме айтпаймын. Бірақ, сахнада жүрісіне қарсымын. Қазақ жігіттеріне жараспайды. Мүмкін басқа бір жанр шығар. Мәдениетімізге, ұлттық болмысымызға бұзбайтын нәрсе болса, келісер едім.
- Сізге осындай топтардан бірге дуэт орындайықшы деген ұсыныс түссе, қайтесіз?
- Мен келіспеймін. Дұрыс киініп шықса, сырғаны алып, шашын дұрыстаса келісемін. Тобының атында тұрған ештеңе жоқ.
- Қай бір жылы «Асан Пердешов келіншегіне қол жұмсады» деген ақпарат тарады. Сол қалай болды?
- Құрсын. Әйел баласын ұрғаннан. Әйелді ұрғаның – өзіңді ұрғаның. Әйеліңе қол көтергенің – өзіне қол көтергенмен бірдей ғой. Бұл енді Жан Ахмадиевтің алып жүрген сұқбаты ғой. Қазбалай келіп, қазбалай келіп, әзілдеп болсын айтқызып алды. Ондай болған емес. Сосын дәл сол тұсын қиып алып, салып жіберді. Бұл жерде олай айтқым келген жоқ. Оны кейін де өзіне айттым. Бірақ шоу болған соң істеу керек болған шығар. Гу ете қалды. Ол әңгіме. Құдай сақтасын, әйел баласына қол көтеретін адам емеспіз.
- 2014 жылы үйленіп, бір жылдан кейін ажырастыңыз. Не себеп?
- Шапалақ бір қолдан шықпайды. Мен оны да кінәлі демеймін, өзімді де кінәлі деп санамаймын. Ұзын сөздің қысқасы: дәм-тұзымыз жараспады. Сөзіміз үйлеспеді. Ойымыз бір жерден шықпай қойды. Ұрыс-керіс көбейіп кетті. Шығыса алмағаннан кейін «бөлек тұрғанымыз дұрыс» деп шештік.
- Араларыңызда бала болмады ма?
- Жоқ. Бала болмады. Ондай көп те тұрған жоқпыз. Бір-бірімізге үйренісе алмадық. Қайдан бала? Көбісі «бала болмағаннан кейін ажырасты ма екен» дегенді айтады. Бала болмағандықтан ажырасқан жоқпыз. Сөзіміз жараспады. Көп ұрсып қала бердік. Менің айтқанымды тыңдамады. Мүмкін оның көңілінен мен де шықпаған шығармын.
- Қашан үйленесіз?
- Құдай қаласа, биыл деп отырмын.
- Үйленгелі жүрген қызыңыз бар ма?
- Бар. Ең алдымен оны анама барып көрсетуім керек.Үйдегілерге көрсетейін. Бәрі дұрыс болса, халқыма көрсетемін ғой.
- Әлеуметтік желілерде мешітте «Әйелді ұру керек, бірақ сүйегін сындырмай ұру керек» деген мазмұндағы уағыз видеосы таралды. Қоғамда дау болып жатыр. Отбасындағы ерлі-зайыптылардың қарым-қатынас қандай болуы керек?
- Қазір қиын заман болып кетті. Кейбір отбасыларда қызға дұрыс тәрбие бермейді. Еркелетіп өсіреді. Ертең баратын жерін ойламайтын шығар. Еркелеп өскен қыз сенің дегеніңе жүрмейді. Ұрсаң, допты жерге ұрғанмен бірдей болып, одан әрі өршиді. «Есекті қанша ұрсаң, өз жолымен жүреді» деген сөз бар қазақта. Ұрып береке таппайсың. Әйелге қол жұмсау деген дұрыс емес. Қол жұмсағаннан гөрі қоя салған дұрыс.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1711288-tanymal-nsi-birinsi-jelin-sokkyga-zykty-dep-ajyptagandarga-zauap-berdi-foto/