Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Танымал қазақ журналисінің ұлы туралы жазбасы елді жылатты (фото)

Жарияланған күні:

Жуырда ғана 25 жастағы ұлынан айырылған қазақтың танымал журналисі Сәуле Әбілдаханқызы желідегі парақшасында баласы туралы естеліктерімен бөлісті. Ол баласының дүние мен ақшаға қызықпағанын және білімге құштар болғанын айтты деп хабарлайды NUR.KZ.

Ұлынан айырылған танымал қазақ журналисі баласы туралы айтты. Коллаж: NUR.KZ
Ұлынан айырылған танымал қазақ журналисі баласы туралы айтты. Коллаж: NUR.KZ: UGC

"Дүниеге қызыққан жоқ. Ақшаға қызыққан жоқ. Үйге қызыққан жоқ. Машинаға қызыққан жоқ. Киімге қызыққан жоқ... Досы көп болды. Туыстар арасында сүйкімді болды. Көпшіл болды. Ақылды, білімді болды. Көп оқыды. Көп білді. Өнерлі болды. Талантты болды. Қайтпас қайсар мінезі болды. Ол осындай еді...

Құдай маған ай десе аузы бар, күн десе көзі бар, ой десе ойы бар, бой десе бойы бар, талапты да талантты бала берді. Сол үшін бақыттымын. Абзалдай балаға ана болғаным үшін Аллаға мың алғыс. Менің балам болғаның үшін саған рахмет, құлыным. Бара ғой. Алла алдыңнан жарылқасын!..",-деді Сәуле Әбілдаханқызы.

Сәуле Әбілдаханқызы ұлымен. Фото: Facebook
Сәуле Әбілдаханқызы ұлымен. Фото: Facebook: UGC

Аз ғана уақыт ішінде туған ұлынан, әкесі мен бауырынан, туған жездесінен айырылған журналист өзі үшін бар қазақ даласы күңіреніп жатқанын айтып, қайғысын бөліскен жандарға алғыс білдірді.

Сәуле Әбілдаханқызының марқұм ұлы. Фото: Facebook
Сәуле Әбілдаханқызының марқұм ұлы. Фото: Facebook: UGC

"Адам адам болғалы көргені осы екен.... Жалғыз менің ғана емес, бүкіл адамзаттың басында бар жағдай. Мен түгілі, Адам атаның сүйікті ұлы өліпті. Тіпті, сүйікті пайғамбарымыздың сүйікті екі ұлы бірден өліпті. Дәуіт пайғамбардың отыз ұлы бір күнде өліпті. Олардың жанында мен кіммін..... Көнбегенде қайда барамын? Баламды тым қатты уайымдап кетіп едім, Алла тас төбемнен сарт еткізді. Мүмкін, ана болудан да басқа шаруа жүктегісі келген шығар.... білмеймін.... Бірақ.... құдай анық қаласа, бірдеңемен айналысарым анық.... Ал әзірше, бүкіл қазақ даласы, аспан да, жер де күңіреніп тұрғандай...Тек уақыт емші. Көңіл айтып, қайғымды бөліскендеріңіз үшін мың алғыс!",-деп жазды ол желідегі парақшасында.

Еске салсақ, қаңтар айының басында Сәуле Әбілдаханқызының ержеткен ұлының көз жұмғанын жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1712700-tanymal-kazak-zurnalisini-ly-turaly-zazbasy-eldi-zylatty-foto/