Ләйлә Сұлтанқызы: Алтынайға деген құрметім төмендеген емес
Жарияланған күні:
Еліміздегі ең танымал тележүргізуші, 2 кітаптың авторы Ләйлә Сұлтанқызы NUR.KZ порталына эксклюзивті сұхбат беріп, жеке өмірі мен мансабындағы жаңалықтарымен бөлісті.
— Ләйлә ханым, жеке мансабыңызда соңғы кездері көп өзгерістер орын алды. Ұлттық арнадан кейін "Хабарға" бардыңыз, кейіннен " Жетінші арнаға" басшылық қызметке ауыстыңыз. Сіз бірнеше жыл басқарған "Әйел бақыты" да мәресіне жетті. Осының бәрін тарқатып айтып берсеңіз.
— Кез-келген тақырыптың циклы, жүйесі болады. Менің ойымша, «Әйел бақыты» әйелдерге дос ретінде, кеңесші ретінде өзін көрсете алған бағдарлама. Бағдарламаның жабылғаны мен үшін ауыр соққы болды деп айтпаймын. Себебі, жаңа, тың дүние іздедім. Бағдарлама жабылғанын естіген «Хабар» арнасы ұсыныс тастап, біз оны қабыл алдық. Осылайша «Тікелей эфир» дүниеге келді. Жалпы, жұмыс орны ауысқанымен, барлығы бір сала ғой. Мен өзімді тікелей эфирде ыңғайлы сезінемін және одан еш уақытта қорықпаймын.
Ал жеке меншік арнаға келетін болсақ, желтоқсанның ортасында " Жетінші"арнаның акционері Кеңес Рақышевтан шақыру алдым.
«Сізді сонау радио кезінен жақсы білеміз, сізге осындай ұсынысымыз бар. Қалай қарайсыз?» деді. Бұған дейін жеке меншік арналардың біразында қызмет атқарғандықтан, жаңа жұмысымнан еш қорықпадым. Бастысы - бәсекелестік туғыза алатын контент жасау. Сен қандай платформа, қандай алаңда жасасаң да бәсекеге төтеп бере алатындай болуы тиіс. Біз кейде идеологияны көрсетеміз де шектен тыс шығып кетіп жатамыз. Жеке меншік арнадан ұсыныс алғанда өзіме: «Енді нағыз өзіңді көрсететін уақыт келді. Мемлекеттік арнада істесең де, істемесең де сол бір жалақыңды алатын болсаң, енді сол жылдамдықты үш есе көбейту керек. Қаржыны да, басқаны да іздейсің, табасың. Бәрі тек өзіңе байланысты» дедім. Қызық енді басталады деп ойлаймын. Наурыздың ортасынан бастап бағдарлама жүргіземін.
— «Балапан» арнасында басшылық қызмет атқарып, еліміздегі миллиондаған қаракөз бүлдіршіндердің қазақ тілінде мультфильмдер мен түрлі бағдарламаларды көруіне үлес қостыңыз. Сіз үшін басшылық қызметте жүрген қиын ба, әлде, тележүргізуші болған қиын ба?
— Басшының басшысы кім, сенің басшың кім және алдыңа қойған міндеттерің қандай? Бәрі тікелей осыған байланысты. Адамның қолынан бәрі келеді, бірақ біз көзін таба алмаймыз. Бар проблема сонда. Біз бастап кетуге қорқамыз. Өзіміз ойымызға сол қорқынышты ұялатып аламыз да, шыға алмай жүреміз. Негізі, адам кей кезде көзсіз болуы керек, әсіресе, журналист. Мүмкін бұлай айту маған оңай шығар. Жасым қырыққа келген соң бұлай айту маған өте оңай шығар. Бірақ біздің кезіміздегі журналистика қазіргіге қарағанда өте қиын жағдайда болды. Қазір қазақ тіліне сұраныс бар. Біздің кезімізде не қазақ тіліне, не қазақ тілді контентке сұраныс жоқ еді. Журналистер де жоқтың қасы. Кім –кіммен бәсеке туғыза алады? Өмір сүруге ақша таппай жүрген адамнан сен қандай шарықтау, креатив күтесің? Сол себепті мен қазіргі заманғы жастарға риза боламын. Біздің кезеңде YouTube-ке қолжетімділік жоқ еді, Ducat картасымен интернетке жарты сағатқа ғана кіретінбіз. Қазіргі жастар өте бір әдемі кезеңде.
— Бір сұхбатыңызда өзіңізді еліміздегі гонорары ең жоғары тележурналистпін деп айтқан едіңіз. Бәсекелестік пен қиындыққа толы медиа саласында осындай биік деңгейге жетуіңіздің құпиясы неде?
— Гонорары жоғары деген сұрағыңызға жауап беріп кетсем, ол жерде әңгіме: «Instagram-нан пайда табасыз ба?» дегеннен шықты. Мен әрине дедім. Ол бір айда он мың теңге болуы мүмкін, миллион болуы мүмкін. Сен қалай келісесің, соған байланысты деген едім. Соның он мың теңгесі қалып қалды да, миллион теңге болу керек дегеннен әдемі бұрмалауға келе салған сөз. Мен кейде жұмыс істемей-ақ, үйде отырсам күйеуім соған риза болатын еді деп айтамын. Менің күйеуім мені асырай алатын жағдайдағы жігіт. Қайрат кейде: «Сен бар тапқаныңды өзіңнің кәкір-шүкіріңе жаратып, рахат өмір сүресің» деп күледі. Мен: "Әйел дегеннің өзі сондай емес пе, әйелге еркек сондай мүмкіндік жасаған", - деймін. Бәрібір әйел бірінші тапқанын өзінің балаларына емес, ыдыс-аяғына жұмсайды. Оның күйеуі байқай бермеуі мүмкін. Құдайға шүкір, қоғамдық жұмыстар бар, кітабым бар, басқа да жобаларым бар, желідегі жарнама да қосымша табыс көзін әкеледі.
Жетістікке жетудің құпиясына келсек, кішірек кезде біз "мотивация", "стимул" деген сөздерді білмейтін едік. Біздің отбасымызда «ниетің түзу болу керек», «ешкімді алдамауың керек» деген сөздерді жиі айтатын. Қазақтың «ұят болады, қателік жасасаң мойында, болмайды, кешірім сұраудан ұялма» деген тәрбиесінің өзі кез-келген мотивациядан да мықты нәрсе. Бабаларымыз мұндай дүниелерді баяғыда айтып кеткен ғой. Қазір осының бәрін психологтардың кеңесі, мотивациялық семинарлар, көзіміз ашылды деп қабылдап жатамыз. Не нәрсе болсын адамның ниетіне қарай беріледі деген рас екен.
Менің ойымша, ондай дүниелер адамның негізінде, тегінде болады. Оның үстіне ол өмірдегі сенің жарыңның қандай екенін де тікелей байланысты. Неге қазір ақылды адамдар қасына бәсекеге қабілетті, табысты адамдарды жинайды? Былай қарасаңыз арамдық ол. Егер оның жағдайы болмаса, сен ескі досыңды айырбастап жіберіп, табысты адаммен дос болу керексің бе? Бұл жерде астары мүлдем басқа. Яғни, өзіңнен табысты, өзіңнен биігірек адамдармен аралассаң, сен олардан көп нәрсені үйрене аласың. Соларға қарап бой түзейсің. Біз Ләззат Танысбай, Дана Нұржігіт сынды әпкелерімізге қарап бой түзеп өстік (Опра мен Элленди көруге мүмкіндік болмады). Сондықтан мотивацияң, рухыңның мықты болуы тікелей тәрбиең мен қасыңдағы адамыңа байланысты. Әр адамның тағдыры өз қолында. Пешенеңе жазылғаны болады.
— Осыншалық тығыз жұмыс кестесімен қоса жар ретіндегі, ана ретіндегі міндетіңізді алып жүруге қалай үлгересіз?
— Мен күнде тамақ істемеймін, күнде кір жумаймын. Көмекшім бар. Осының барлығын мен өзім жасап, күніне бес көйлек үтіктеп, күніне екі баламның бар киім-кешегін жуып, кілем қағып, тазалар болсам үлгермейтін едім. Телеарнадағы жұмысымның өзі көп уақыт алады деп айта алмаймын. Бағдарлама жүргізу ол бір бөлек. Бір бағдарламаның өзінде жиырма-отыз адамнан құралған үлкен команда жұмыс істейді. Мен олардың өнімдерінің ең соңғысымын, олардың дайындап бергенін эфирден көрсетемін. Маған көмектесетін ол-тайм-менеджмент. Осы арқылы әр күніме мықтап жоспар құрып үйрендім.
Сіз айтқанның бәрін бір өзім істесем, көп нәрсеге үлгермейтін едім. Мысалы, бір кітапта он адам жұмыс істейді, желідегі парақшаны жүргізуге кемі екі-үш адам отырады. Қазір бұл ауқым көбеюде. Болашақта Аружан Саинмен үлкен канал ашқымыз келіп отыр. Жұмыс процесінде ойыма неше түрлі жаңа дүниелер келе береді. Осының бәрінде мен жалғыз емеспін. Командам, көмекшілерім, кеңесшілерім бар.
— Ел алдында жүрген танымал тұлғалардың сөзі халыққа өтімді келеді. Алысқа бармай-ақ, көршілес Ресейде «Дом-2» ток-шоуынан шыққан Ксения Собчактың президенттік сайлауға түсіп жатқанын білеміз. Болашақта сізді депутаттық немесе президенттік сайлаудан көруіміз мүмкін бе?
— Менің атқарып жүрген қоғамдық істерім өте көп. Оның бірі айтып жасасам, кейбірін айтпай жасаймын. Әйел тақырыбында әлемдік деңгейге шықсақ па деген жоспарларымыз бар. Менің белгілі нақты бағытым, жоспарым бар. Сондықтан саясат мені қаншалықты өзінде көргісі келеді, ол бөлек әңгіме.
— Бүгінде Instagram желісінде түрлі психологиялық кеңестер жазып, тренингтер өтіп, кітап шығаратын танымал әйелдер көбейді. Сіздің екінші кітапты шығарудағы мақсатыңыз қандай? Бұл кітап оқырманға не береді?
— Күнде сағат он бір мен бірдің арасында хаттар оқимын. Әлеуметтік желіде мессенджерге келеді. Facebook желісінде де өте белсенді адамдар бар. Сол хаттарды алып, саралап шығамын. Ондағы мақсатым қолымдағы хатты қай бағытта саралау керек, оны кімге жіберу керек, қалай көмектесуге болады. Өзіміз қолұшын соза алмайтын, байланыса алмайтын жерлерді сол саланың мамандарына бағыттаймыз. Міне, осы кітап соның бәрінің жиынтығы. «Әйел бақыты» бағдарламасында да біз үнемі кері байланыста отыратынбыз. Сондай 93 хатты іріктеп алдық. Бір хатқа менің өзім кеңес беріп, жауап бере салуыма болатын еді. Жоқ мен одан да соған жауап бере алатын кәсіби психолог, гинеколог, сексапотолог, психиатрды жалдайын, отырғызайын деген шешімге келдім. Осылайша 93 адамның басына түскен мәселенің шешу жолын айтып бердік. Екінші кітап сол туралы. Онда кейіпкерлердің аты-жөні айтылмайды. Жалпы біздің мақсат— осыған ұқсас тағдырлар өз жағдайларына керек жауапты кітап арқылы тауып, соларға қолұшын созсақ. 123 әйелдің артында 123 мың әйелге көмек болуы мүмкін.
— Соңғы кездері батыста сексуалды зорлық көргендерін ашық айтатын танымал тұлғалар саны күрт көбеюде. Жуырда ғана «Алтын глобус» шарасына сексуалдық зорлыққа қарсылықтарын білдірген жұлдыздар қара киім киіп келді. Өкінішке қарай, қазақ қоғамында бұл мәселені батыл айта бермейді. Қазақ әйелдерінің проблемасынан хабардар адам ретінде осыған қатысты не айтасыз? Сізге хат жазатын келіншектер көпшілік жағдайда қандай проблемаларымен бөліседі.
«Екіқабат болып қалдым, отбасымды сақтағым келеді, өзіме көңілім толмайды, күйеуім ішеді, ұрады, бала көтере алмай жүрмін» деген хаттар легі өте көп. Кейбіреуін оқудың өзі қорқынышты. Сондай ашық жазылған хаттар да бар. Менің бір түсінгенім, мына өмірде кездейсоқтық деген нәрсе мүмкін емес. Біздің бағдарламаға келген қыздардың барлығы сол хаттың арқасында келгендер. Сол хат арқылы мына кейіпкерді қайтсеңдер де алдырыңдар деген сәттер болды. Өйткені «ертең мен асыламын» деген хаттар да болды. Тіпті бір әйелдің: «Он жыл ішінде екі рет тұрмысқа шықтым. Бұл хат менің соңғы үмітім» деген хатын оқығанда, Байқошқароваға хабарласып: «Хабарымызға келіңізші, мында бір келіншек бар. Жәй ғана соны тыңдаңызшы» дедім. Сол әйелдің бүгінде кішкентай баласы бар. Сондай оқиғалар көп қой. Әкесімен табысқан, жиырма жылдан кейін анасын тапқан, екіқабат болған, бала көтере алмай жүрген. Айта берсем таусылмайды.
- Байқап отырсаңыз, көк жәшіктегі бағдарламалардың ең көп пайызы әйелдерге арналған. Ерлер аудиториясына бағытталған арнайы жоба жоқтың қасы. Оның себебі неде деп ойлайсыз?
— Өйткені олардың тілінде дәл солай көрсете алатын қазақ тілді контент жоқ. Олардың көретін арналары «Охота и рыбалка», «Discovery», бизнес арналар. Кезінде барлық арналар сағат, көлік туралы арнайы рубрикалар шығарды. Бірақ олар өтпеді. Біз ортаны ұстай алмаймыз. Бірінші контентті кімге беруіміз керек, ол қандай орта? Соны зерттеуіміз керек. Біздің қазақ жігіттерінің көпшілігі YouTube-те отыр. Қайтару керек оларды. Керектерінің бәрін сол YouTube-тан алады. Танкі ойнайды, кино көреді, UFS қарайды. Тура сондайды біз өте түсінікті, өте қарапайым қазақ тілінде беруіміз керек. Ол динамикасы бар, монтажы мықты контент болуы тиіс. Біз оған ақырын келеміз және бір ескеретіні ерлерімізді ұсақтап жібермеуіміз керек. Кейде біз еркектердің өміріне тым араласқыш болып кеткенбіз. Байқап отырсаңыз әйелдер оларды басқарғысы келеді. Қалай жүру керек, не кию керек, қалай сөйлесу керек екеніне дейін үйретіп жібереді. Соған дейін ұсақталып кетпесек болды.
— Ләйлә ханым, сізді еліміздегі ең танымал тележүргізуші ретінде білеміз. Танымал тұлғаларға қатысты алып-қашпа әңгімелердің де жүретіні бар. Оған дәлел - Алтынай Жорабаева және Айгүл Орынбектің сізге қатысты айтқан пікірлері. Бұл мәселеге қатысты сіз БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, әлеуметтік желіге пост жазбадыңыз. Жалпы, осы оқиғалардың қаншалықты рас-өтірігін өзіңіз айтып бере аласыз ба?
— Иә, неше түрлі пікірлердің болғаны рас. Бірақ мен мінезім мен тәрбиемнен болар, көп жағдайда сабыр сақтап, қызып тұрған отқа май құюдан аулақпын. Алтынаймен арадағы нәрсені түсініспеушілік деген бір-ақ сөзбен қорытындылағым келеді. Екеуміз жиырма жылдан бері таныспыз. Алтынайға деген құрметім жоғары, оның өнерін де, өзін де ерекше сыйлайтын адамдардың бірімін. Сол кезде Алтынайдың жаман ойы болмағанын білемін. Мүмкін, эмоция күш алып, басым болған шығар. Көрген жерде сәлеміміз түзу. Бұл мәселе туралы екеуміздің міндетті түрде сөйлесіп, мәмілеге келетініміз анық. Ал блогер Айгүл Орынбекке қатысты айтар болсам, оны өмірімде бір-ақ рет, бағдарлама барысында көргенмін. Айнұр Махметова есімді заңгердің айтуымен сарапшы ретінде эфирге шақырғанбыз.
Айгүлді қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп жүрген блогер ретінде сыйлаймын. Ал сол кездегі кикілжіңге келер болсақ, телевизия саласындағылар бағдарламаны дайындап шығару үшін біраз адамның тер төгетінін біледі. Атап айтар болсақ, эфирге шығу үшін жүргізушіден бөлек әкімші, продюсер, бағдарлама редакторы, жобаның жетекшісі еңбек етеді. Ал мен жүргізуші ретінде соңғы нүктесін қоятынмын. Айгүл ханымның айтып отырғаны - ұйымдастырудағы қателер, бұл мәселені жоба жетекшісі, продюсермен шеше беруге болатын еді. Мен өз тарапымнан эфирде оның игілікті істерге себепші болып жүргенін айтып, төбеме көтердім. Соңғы кезде Айгүлдің жазбаларынан мен туралы жаман ойда еместігін байқадым.
— Арман Сқабылұлы сізді ас дайындайтын таңғы бағдарламаға жұмысқа алуға қарсы болғанын айтқан еді. Оған не дейсіз?
— Арман Сқабылұлы қайда, Ләйлә қайда? Арман Сқабылұлы мені жұмысқа алмады екен деп үйде отырып жылағаным дұрыс па, әлде, әрі қарай ізденіп жұмыс істегенім жөн бе? Менің түсінігімде мынандай дүние бар: Жиырма жылдан кейін мен Арман Сқабылұлының жағдайына барған кезде де анау сөйтіп жатыр деп, сол кісінің жасына келгенде кезінде жұмысқа алмаған адамым туралы сұхбат бермеймін. Арман ағаның алдына мен барған емеспін. Серік Абас-шахтың алдына барғанмын, оны талай жерде айтып жүрмін. «Ләйлә, енді кадрға сыю керек қой» деген әзіл содан пайда болған. Арман аға адамды әдейілеп тұрып таңдайтын сияқты. Байқап отырсаңыз кім туралы сын айтты?
— Баян туралы, Қоянбаев туралы, сіз туралы...
— Тағы?
— Есімде қалғаны осылар...
— Көптің есінде де сондай. Арман аға көптің есінде қалатындарды әдейі таңдап алатын сияқты. Мен ол кісі туралы ешқандай пікір айтпаймын. Әркім өз пікірін білдіруге құқылы.
— Бірнеше ай бұрын журналист Тоқтар Жақаш желідегі парақшасында сіздің отбасыңызға киллерлердің шабуыл жасағанын жазды. Сол оқиға қаншалықты рас?
Тоқтар Жақаштың мақаласын оқып шықтым. Расында да Тоқтар менің күйеуіммен бірге бір мектеп те, бір ауылда өскен. Тоқтарды одан бөлек әріптес ретінде сыйлаймын. Өйткені оның журналистикада өзіндік орны бар. Менің тарапыма айтылған кей пікірлер Тоқтардың ашуына тиген болуы керек. Киллер деген тақырыптың растығы бар. 2008 жылы желтоқсанның соңында күйеуімнің бизнесінде бір күнде қиын жағдай орын алып, серіктесі сотталады.
Бизнесте енді –енді аяғыңнан тұрып келе жатқан кезде көре алмай, аяғыңнан шалушылар табылады. Оны сол салада жүрген жандар түсінер. Сол оқиға қарсыластарының іс-әрекеті болған болар. Ол киллердің мақсаты мені немесе басқа біреуді өлтіру болмаған шығар. Ол жағын білмедім. Бәрі өтті де, кетті. Жағдай түзелді. Ақырын-ақырын бәрін нөлден бастауға тура келсе де, араға 8-9 жыл салып өзіміздің кішігірім тіршілігімізбен өмір сүріп жатқан жағдайымыз бар. Ол мемлекеттік қызметтегі адам. Тоқтардың менің тарапыма айтылған алып-қашпа әңгімелерден арашалап қалғысы келген көңіліне алғысымды білдіремін!
Менде мынандай түсінік бар: Шындық қашан да жеңеді. Біреудің алдына барып: «Мен шындықты айтып тұрмын» деп дәлелдеу ең қиыны. Әрине эмоцияға беріліп, осыншама айтылған алып-қашпа әңгімеге сол сәтте жауап беріп, сол сәтте соттасып жатуға да болатын еді. Жеңіп шығатыныма сенімдімін. Уақыт, жүйке... Дәл сол сәтте уайымдайсың, көңіліңе тиеді. Қазір өзім туралы жазылғандарды оқыған да күлемін де, қоямын. Байқамай сөйлегеннен өзім де сабақ алдым. Кейбір өтірік әңгімеге иммунитетім қатайды. Одан да маңызды, құнды, үйренетін нәрсе бар. Кітап оқу, біл үйрену, саясат, шетелмен байланыс, спорттық жарысқа қатысу, детокс әлемін зерттеу. Қызығатын дүние көп емес пе?! Ал шындықты мен және менің қасымдағы адамдар ғана біледі.
— "Әйел бақыты" бағдарламасының жүргізушісінің алдына келіп тұрып, бұл сұрақты қоймау мүмкін емес. Сіздің ше әйел бақыты дегеніміз не?
— Әйел ана болуға, жар болуға, әдемі болуға міндетті. Әдемі болу дегеннің астарында өзін жақсы көруі керек деген сөзді айтқым келеді. Әйелдің қолынан осы нәрселер келу керек. Қалған нәрсенің бәрін жары жасауы тиіс. Әйел жақсы жар болып, ана атанып, өзін жақсы көре білсе шынайы бақытты деп ойлаймын!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1713437-ljl-sltankyzy-altynajga-degen-krmetim-tmendegen-emes/