Бауыржан Ибрагимов қонақүйдегі қызды не үшін балағаттағанын айтты
Жарияланған күні:
Елімізге белгілі сатирик, "Бауыржан шоу" театрының директоры Бауыржан Ибрагимов бір кездері ел шулатқан қонақүйдегі даулы видеоға қатысты пікір білдірді. Әртістің сөзінше, қызметкер қыз бірінші болып оның ашуына тиген деп хабарлайды Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ.
"Сол кезде маған Украинадан бір достарым ұшып келетін болып, оларға қонақүйді өзім жалдаймын деді. Өзімнің аталған мекемеде 50 пайыз жеңілдігім бар екенін және сол жердің құрметті қонағы екенімді де айтып, мақтанып қалдым. Сөйттім де көздерінше отырып, хабарластым. Тұтқаны Шыңғыс деген бала алды. Мен одан: "Жеңілдігімнің қонақтарға әсері бар ма?" деп сұрап едім, ол бар екенін айтты. Осылайша "Екі Deluxe нөмірге бронь жасап қой" дедім",-дейді оқиғаның қалай басталғанын айтқан әртіс.
Кейіннен тапсырысты қабылдаған жігіт жұмыста болмай, қабылдау бөліміндегі қыз бен әртістің арасында түсінбеушілік орын алған.
"Ол бала біз келген кезде кетіп қалған. Шикіліктің бәрі осыдан болады. Сосын мен келемін шалқайып, ресепшндағы қыз нөмір жоқ екенін айтады. Өзі қазақ тіліне шорқақтау Петропавлдың қызы екен. "Кто вы такой? Что вы себе позволяйте?" деген болуы керек. Жасыратыны жоқ, өзім қызумын. Содан ашуға булығып, жаман сөздер айтып қойыппын.
Қасымдағы жігіт: "Ол қыз ұрысқа сізді өзі итермеледі" дейді. Жаңағы қонақтарымның алдында абыройым жерге төгілді. Оның үстіне өзім күйіп кеткенмін ғой. Сонымен жаңағы қыздан барып кешірім сұрадым. Директоры да хабарласып: "Сіздің бронь жасаған нөмірді таптық, қыздар байқамаған. Оларды біз жұмыстан шығарамыз, сіз сотқа беріңіз" деді. Бірақ мен оларды "сотқа бермеймін, жұмыстан да шығармаңдар" дедім",-деп ағынан жарылды әртіс.
Бауыржан Ибрагимовтың сөзінше, аталған оқиғадан кейін өзі қызмет істейтін орында жиналыс болып, көпшілігі әріптестерін жақтаған. Жас қызға бейәдеп сөз айтқаны үшін ұялдым деген әртіс қонаүй қызметкерінен кешірім сұрауды жөн санапты.
"Біздің Университетте жиналыс болды. Мені ондағылардың бәрі қолдады. Бәрінен бұрын, жас қызға жаман сөз айтқаным үшін қысылдым. Менің де қызым, қарындасым бар. Гүл берген кезде де: "Қарындасым, мен саған айтқан жаман сөзім үшін кешірім сұрап тұрмын, сенің жаман қылығың үшін емес!",-деп айттым",-деді Бауыржан Ибрагимов.
Еске салсақ, бұдан екі жыл бұрын Бауыржан Ибрагимовтың қонақүй қызметшісін балағаттаған видеосы желіні шарлап кеткен еді. Әртіс кейіннен өзі тіл тигізген қыздан арнайы барып, кешірім сұраған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1713952-bauyrzan-ibragimov-konakjdegi-kyzdy-ne-sin-balagattaganyn-ajtty/