Бибігүл Төлегенова үш рет тұрмыс құрса да, өзін түсінетін адамның жолықпағанын айтты
Жарияланған күні:
Елімізге ғана емес, барша ТМД-ға аты әйгілі қазақтың бұлбұл әншісі Бибігүл Төлегенова "Үш рет тұрмысқа шықсам да, мені шын түсінетін азамат жолықпады" дейді. «Бақытты әйел» бағдарламасына келген қарт әнші күйеулерінен көрген қиындығын ашып айтты деп хабарлайды NUR.KZ.
«Менің жеке өміріме ер мінезімнің әсері тиген болуы керек. Үшінші жолдасым: «Маған қатын керек, тамақ істеп, киімімді күтіп, кір жуатын әйел керек» деді. Бірақ мен одан қашқан жоқпын. Қашан да қарапайым отбасында өскендіктен өз қолыммен кірімді жуып, үйімді жинап, әктейтінмін. Бірақ мен өзімді көтерген жұмысымды тастай алмаймын ғой.
Өз мамандығыма инабаттылық пен үлкен кәсібилікпен қарадым. Сондықтан болар оның ойына неше түрлі дүниелер келеді. Үстімнен талай-талай сынап та келген уақыттары болды. Бірақ ер адам жалғыз үйде қалса балаға да қарамай, өзімен-өзі жүре береді екен.
Қазіргі заманда біздің білімді қыздар жігіттерге көп бой бермейді. Мәселен, мен күйеуіммен қонаққа барғанда: «Мынау Бибігүл Төлегенованың күйеуі» деп таныстырады. Ол ыза болып: «Қалай ол Бибігүл Төлегенованың күйеуі? Ол менің қатыным. Неге оны менің әйелім» демейді деп ұрсатын.
Сосын мен: «Елдің аузына қақпақ бола алмаймын ғой, ел айтып отыр. Қайтемін енді?!» дейтінмін. Ерлі-зайыптылардың арасында іштарлық болады. Ешкімге құпия емес, біздің еркектер әйелі өзінен кішкене жоғары болса көтере алмайды", -деді ол.
Әншінің бірінші жары өзінен 14 жасқа үлкен болғандықтан, көп қызғанып, тіпті сахнаға шығуына да тыйым салған.
«Ол Қалалық мәдениет бөлімінде басшы болып істеген, сол кезде танысқанбыз. Ол кісі менен бұрын екі рет отбасылы болған екен. Бірінші әйелінде баласы бар. Мен ол кезде 18 жастамын. Мен Алматыға келген соң, ол артымнан келді. Екеуміз пәтер жалдап тұрдық. Ол кезде мынандай заман емес, тойымыз да болмады.
Әйел адам тұрмысқа шыққанда ол ең әуелі өзіне бала табады. Баласы ең бірінші жолдасы. Себебі ер жігіт үйленген соң, бәрін әйелінің мойнына асады. Ол кір жуып, қонақ күтіп, бала тауып, оны бағуы тиіс. Біраз уақыттан кейін біздің жанымызға оның шешесі де келді. Бірсыпыра уақыт бірге тұрдық.
Ол менен 14 жас үлкен болды, өзі сұлу әрі білімді жан еді. Мен ауылдан келгенмін, қалаға келген соң кітаптар оқи бастадым ғой. Алғашқыда оның түрлі айтқан сөздерін түсінбей, күліп қойып жүре беретінмін. Кейін ол кісі жолдастарымен жүріп, арақ іше бастады. Мені бәрі бала деп санайды, пысқырып та қарамайды. Оған әйелінің жас болғаны мақтаныш болып көрінген болуы керек",- дейді Бибігүл Төлегенова.
Айтуынша, бірінші жары жұмыс орнына барып, көп кедергі жасаған. Сол себепті олардың ажырасуларына тура келген.
"Мен Консерватория бітіргеннен кейін ол кісі маған кедергі жасай бастады. Әуелі маған театр сахнасына шығуға тыйым салды. «Сенің сахнаға шығып, басқа адамдармен құшақтасып тұрғаныңды көре алмаймын. Керек жоқ маған» деді. Мен басында айтады да, қояды деп жүргенмін.
Кейін маған күш көрсетуді шығарды. Ішіп алып, театрда айқайлатын болды. «Менің әйелім мында біреумен бұзықтық жасап жатыр, қайда менің әйелім?» деп. Мен болсам дайындықпен басым қатып жүреді. Ол кезде екі балам бар. Анам менімен екі-үш жылдай хабарласпай қойған еді.
Мынандай жағдайға түскеннен кейін, анама хабарластым. Ол кісі ештеңе айтқан жоқ, келді де екі баламды алып кетті. Одан кеткеннен кейін басым босап, емін-еркін жүре бастадым. Сахнаға шыққан кезде қиыншылықтарды көп көрсетіп, қарап тұратын", - деді бүгінде 88 жасқа келген қазақтың бұлбұлы.
Әртістің сөзінше, үш рет тұрмыс құрса да, өзін шын түсінетін ер азамат жолықпапты.
"Өкінішке орай, мені шын түсінетін ер адам кездескен жоқ. Сүйген адамдар болған шығар. Бірақ қайсысы келсе де менің мойныма мінетін болды. Бірінші күйеуім қаншама уақыт жұмыс істемеді. Екінші күйеуім де сондай болды. Отбасы жағынан бағым ашылмады деп айта алмаймын. Өмірге үш бала әкелдім. Жалғызсырамағаным халықтың ортасында жүргенім",-деді әнші.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1714352-bibigl-tlegenova-s-ret-trmys-krsa-da-zin-tsinetin-adamny-zolykpaganyn-ajtty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.