Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Танымал журналист Ұлттық арнадан қол үзген Ләйлә Сұлтанқызымен қарым-қатынасы туралы айтты

Опубликовано:

Көпшілікке «Айқын» газетіндегі сұхбаттарымен танылған белгілі журналист Мақпал Қаратайқызы бүгінде тележурналистикаға бет бұрып, ұлттық арнада «Бақытты әйел» бағдарламасын жүргізіп жүр. Мақпал Қаратайқызы NUR.KZ порталына сұхбат беріп, ұлттық арнадан «қол үзген» Ләйлә Сұлтанқызымен қарым-қатынасы туралы айтты.

Танымал журналист Ұлттық арнадан қол үзген Ләйлә Сұлтанқызымен қарым-қатынасы туралы айтты
Танымал журналист Ұлттық арнадан қол үзген Ләйлә Сұлтанқызымен қарым-қатынасы туралы айтты: UGC

- Мақпал ханым, көпшілік сізді ең алдымен «Айқын» газетіндегі сұхбаттарыңыздан біледі. Қазір мерзімді басылым беттеріндегі қызметіңізді қойып, тележурналистикаға бет бұрдыңыз. «Бақытты әйел» бағдарламасына қалай келдіңіз?

- Бұл жобаға кездейсоқ келген жоқпын. Егер маған оны 5 жыл бұрын, үлкен жобалар жасап жүрген кезімде берсе, дәл мұндай халықтың жүрегіне жететін бағдарлама жасай алмайтын едім деп ойлаймын. Жобаны жасау үшін, мен де іштей өзгеруім керек болды. 2-3 ай бұрын Әлия есімді әріптесім әрі құрбыммен осы тележобаның жобасын жасап, ұлттық арнаға ұсындық. Негізі, мен соңғы екі жылда журналистикадан қол үзіп қалған едім. Былтыр «Тұмар» бәйгесінде әріптестерімді көріп, өзімді тасада, жағада қалған жандай сезіндім. Сол себепті, осы салаға қайта бет бұрғым келді. Арна басшылары төртінші жүргізушіні іздегенде, ойланбастан өзімнің кандидатурамды ұсындым. Басшылық «неліктен мұндай шешімге келдің» деген сауалға, «құлақта» (авт. тележүргізушіге сырттан бағыт-бағдар беріп отыратын адам) отырып шаршадым деп жауап бердім. Әрине, өзімді мақтағаным емес, бірақ сұхбат алғанды жаным қалайды, адамның ішкі дүниесіне үңіліп, сырын ақтарғаннан ләззат аламын.

«Әйел бақытында» жұмысым жоқ: Мақпал Қаратайқызы Ләйлә Сұлтанқызының бағдарламасына қатысты пікір білдірді
«Әйел бақытында» жұмысым жоқ: Мақпал Қаратайқызы Ләйлә Сұлтанқызының бағдарламасына қатысты пікір білдірді: UGC

- Бағдарламаның аты «Әйел бақытына» ұқсас... Неге? Жоба белгілі аудиторияға бағытталған бағдарламаның «көшірмесі» деп ойламайсыз ба?

- «Әйел бақытында» жұмысым жоқ, бұл мүлде бөлек, басқа жоба. Бағдарлама негізінен, әйелдердің өмірге деген құштарлығын арттыруға, еңсесін көтеріп, ілгері қарай жылжуын, бақытты етуін мақсат етеді. Мәселен, әйел адам асханада үнемі дәмді тағам даярлап, отбасының көңілінен шыға білуі тиіс. Сондықтан, Айнұр Тұрсынбаева дәмді тағамдар ұсынса, Құралай ханым нәзік жандыларға ақыл-кеңесін айтады, Айсұлу сұлулыққа қатысты кеңестерімен бөліседі, мен өмірде қателікке жол берсе де, өз бақытын қайта тапқан әйелдердің жолын көрсетіп, олардың өмірлік тәжірибесімен бөлісуге тырысамын.

- Бағдарламаның өткен санында Ләйлә Сұлтанқызын шақырдыңыз. Сұхбат барысында, Ләйлә ханым бастан-аяқ сынап отырғандай болды... Ләйлә Сұлтанқызымен қарым-қатынасыңыз қалай?

- Ләйлә Сұлтанқызына деген құрметім ерекше. «Әйел бақыты» өз аудиториясын тапқан, халықтың көңілінен шыққан бағдарлама. Ләйләмен өмірде құрбы болып сырласпасақ та, аман-сәлеміміз түзу, алда да шәй деспейтініміз анық. Жалпы, мен кез келген адаммен сұхбаттасқанда, оның жүрегін елжіретіп, жанына бататын сұрақтарды қоюым мүмкін. Өткенде бағдарламаға Асхат Садырбай қонаққа келгенде, мен оған «қазір саған ауыр сұрақтар қойылуы мүмкін, бірақ сен одан қорықпа, сол жауабың арқылы көптеген адамдарға жол көрсетіп, үлгі боласың, халықтың саған деген пікірі өзгеріп, көрермен керісінше мені жек көріп кетуі мүмкін» дедім. Халық танымал тұлғаларды құрметтеп, соларға қарап бой түзейді ғой, мен рейтинг қуып, адамның абыройын түсіре алмаймын.

- «Жеті ән» бағдарламаларының продюсері болдыңыз. Сол уақытта Меруерт Түсіпбаевамен араларыңызда түсініспеушілік орын алғаны баршаға мәлім, әнші тіпті, сізді сотқа беремін деп жариялаған еді. Осы оқиға немен аяқталды?

- Ол оқиғадан кейін, Меруерт Түсіпбаевамен «Ел аузында» бағдарламасында да тура сондай жағдай болған. Десе де, мен Меруерт Түсіпбаеваны қатты құрметтеймін. Меруертті жақсы танимын, талай рет дәмдес болдық, туған күнінде болдым. Ол "өзім дегенге" өзегін жұлып береді. Меруерттің бір ерекшелігі, шырылдап шындықты айтуында, мінезінің тіктігінде шығар. Оның интеллектісі жоғары, өте сауатты әнші, әртістігі бір төбе. Әрине, ондай жағдай болғанын жасырмаймын, ұмытпасам, сол оқиғадан кейін мен кешірім сұрадым. Қазір менің оған деген қандай да бір өкпе-ренішім жоқ. Көптен бері онымен бетпе-бет кездеспедім, егер кездесе қалсам амандасатыным анық.

«Әйел бақытында» жұмысым жоқ: Мақпал Қаратайқызы Ләйлә Сұлтанқызының бағдарламасына қатысты пікір білдірді
«Әйел бақытында» жұмысым жоқ: Мақпал Қаратайқызы Ләйлә Сұлтанқызының бағдарламасына қатысты пікір білдірді: UGC

- Бұрындары тележурналистерге дикциясын тексеру, дауыс қою сияқты талаптар қойылатын. Қазір, екінің бірі эфир тізгінін өз қолына алатын болған. Бұл әсіресе, әртіс-әншілерге қатысты болып отыр. Себебі неде? Мықты маман жоқ па? Әлде сол баяғы рейтинг мәселесі ме?

Уақыттың сұранысы. Қазір, интеллектісі жоғары, сауатты журналистерге қайтадан жол ашылып жатыр. Әртістердің тележүргізуші бола алмайтындай интеллектісі төмен деп айта алмаймын. Сәкен Майғазиев, Мейрамбек Бесбаев болсын, қаншама елдің алдында жүрген өнер адамдары, өте сауатты жандар. Мүмкін бағдарламаны жүргізген сәтте тәжірибе аз болатын шығар. Өзіңіз ондай әншілерге кімдерді жатқызатын едіңіз?

- Мысалы, 2011 жылдары қысқы Азиада ойындарында Мәдина Сәдуақасова тікелей эфир тізгінін алып, ұятқа қалғанын білеміз...

Ол сауатсыздық емес, тәжірибесінің аздығы деп айтатын едім.

- Сонда өнер иелерінің бағдарлама жүргізуіне қарсы емессіз ғой?

Біз кездері бағдарламаға бет-әлпеті әдемі адамдарды шығару үрдісі болған шығар, қазір көріп отырсыздар, Қымбат Досжан, Дана Нұржігіт, Берік Уәлилер эфирге қайта оралды. Уақыт бәрін өз орнына қойды.

-Түрік бауырларымыздың, біздің телеарналардың контентімен танысып, іліп алар ештеңе жоқ екенін, 20 жыл артта қалғанымызды айтқан екен. Бұл пікірмен келісесіз бе? Салмақты бағдарламалар жасай алмай отырмыз ба, әлде көрермен талғамы сондай ма?

Түрік ағайынның жасап отырғаны сонда «Қалаулым» ба? Неге жоқ? Мүлде түк жоқ деп, «барды» жоққа шығаруға болмайды. Рейтинг қуып, бәрі жылтырық шоулардан аса алмайды қалды деп айта алмаймын. Біздің телеарналарда да салмақты бағдарламалар бар. Тек «Қазақстан» ұлттық арнасында «Келбет», «Мәселе», «Дара жол», «Қарекет», «Басты тақырып», «1 студия», «Парасат майданы» сияқты қаншама жобалар бар. Осы ретте, рейтингке емес, идеологияға баса мән беріп отырған Ерлан Тынымбайұлы Қариннің еңбегін ерекше атап өткім келеді. Біздің жобамызға да қолдау көрсеткен телеарна басшыларына алғысым білдіремін. Егер ел үдесінен шықсақ, мақсатымыз орындалды деп толық сеніммен айта аламын.

- Жаңа өзіңіз атышулы «Қалаулым» бағдарламасын айтып қалдыңыз, осы бағдарламаға қатысты сіздің де пікіріңізді білсек деп едік...

«Қалаулым» «атың шықпаса жер өртенің» кері, өзім оны қолдамаймын. Себебі, қандай да бір бағдарлама жасамастан бұрын, көрермен алдындағы ар-ұятты ойлап, бағдарламаның идеологиясын анықтау керек. Қазақ телевизиясында да мықты мамандар бар, бірақ рейтингтің жетегінде кетпей, халыққа жақсы, тың дүниелерді ұсына білуіміз керек.

- Журналистикадан бөлек, сіздің өз бизнесіңізді дөңгелетіп жүрген бизнес ханым екеніңізде де білеміз. Кәсіпке бет бұруыңызға не себеп болды?

Негізі «Бақытты әйелге» дейін тек бизнеспен кетемін деген ойым болды. Бизнес деген қазіргі заманның талабы ғой. Алдағы уақытта құрбым екеуміз Астанадан дәмхана ашуды жоспарлап отырмыз. Әрине, бір өзім бәріне үлгере бермеймін, үш балам, жолдасым бар, ата-енеммен бірге тұрып жатқаныма он жылдай уақыт болды. Көмекшілерім мен командам бар, солармен бірге бірлесіп жұмыс жасаймыз.

- Instagram парақшаңыздағы бір жазбаңызда «толықпын» депсіз. Осы «толықтығыңызға» қатысты қандай да бір комплекс болмады ма?

Қазір менің бойымнан комплекс көріп тұрсыз ба? Болмады деп айта алмаймын, болды. Тек мен өзімді сол қалпымда қабылдап, өзімді осындай толық қалпымда жақсы көруге тырыстым және сол шешімім дұрыс деп санаймын.

Әңгімеңізге рахмет!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1715854-tanymal-zurnalist-lttyk-arnadan-kol-zgen-ljl-sltankyzymen-karym-katynasy-turaly-ajtty/

pixel