Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әнші болу үшін өз мамандығын тастаған тележурналист туралы не білеміз? (фото)

Жарияланған күні:

Қазақ эстрадасы күнделікті жаңа есімдермен толығып келеді. Күннен күнге дамып жатқан шоу бизнес әлемінде топ жарып шығу оңай емес. Алайда Ләззат Оразай өнер жолында өз жүрегінің қалауын орындау үшін журналистикадан ән әлеміне ойысқан. Өз сұқбатында ол шоу бизнестегі алғашқы қадамы туралы айтып берді.

Әнші болу үшін өз мамандығын тастаған тележурналист туралы не білеміз? (фото)
Әнші болу үшін өз мамандығын тастаған тележурналист туралы не білеміз? (фото): UGC

- Өзіңіз жайлы айтып берсеңіз. Қай жердің тумасысыз? Қайда білім алдыңыз?

- 1985 жылы Алматы қаласында туып өстім. Алғашқы алған білімім «Журналистика», екінші жоғары білімді «Қаржы», магистратурада «Журналистика» мамандықтары бойынша білім алдым. Студент кезімнен өз мамандығым бойынша «Қазақстан», «Хабар», «31 арна» телеарналарының жаңалықтар бөлімінде жұмыс жасадым. Кейін екінші мамандығым бойынша банктерде қызмет істедім. Жеке наубайхана, дүкендерімді ашып, бизнесімді жүргізіп те көрдім. Осылайша, бірнеше саланың басын қосып меңгеріп үлгердім. Дегенмен, жүрегімнің қалауымен ән айтуға бет бұрдым.

- Ән өнері сізге кімнен берілген? Жанұяңызда өнер адамы бар ма?

- Менің нағашы әжем ән салғанда, бәріміз ұйып тыңдайтынбыз. Кезінде ол кісі Орал қаласынан Алматыға арнайы келіп, консерваторияға оқуға түскен. Содан жанұялық жағдайға байланысты, белгілі себеппен оқуын қалдырып, Оралға қайта оралуына тура келген. Өзімнің әкем де түрлі отырыстарда гитарамен ән айтады. Бәріміз қосылып, қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі әндерді орындаймыз. Әнге деген ерекше сүйіспеншілік сол кісілерден берілген болса керек.

- Журналистикадан әншілікке неге ауыстыңыз?

- Қай салада болмасын, жұмысты сүйіп жасағанда ғана жақсы нәтижелер шығады ғой. Бұған дейін қолыма алған істердің бәріне барынша ықыласпен кірісіп, әжептеуір жүргізгенмін. Әйтсе де, уақыт өте келе бала арманым маза бермегендей болды. Сахнаға шығып ән айтқым келді. Бейнебаяндар түсіргім келді. Қиял қуып, ойларымды іске асыра бастадым содан.

- Халықтың алдына шыққан соң, үнемі назарда боласыз. Көптеген сындар айтылатынын білесіз. Осы тірлігіңізге "еріккеннің ермегі ғой" деген пікір айтса, не дейсіз?

- Түрлі пікірлерді естіп жүрмін. Олардың ішінен керегін аламын да, ал қалған орынсыз сындарға мән бермеуге тырысамын. Және бұл тірлігім еріккендіктен жасалмады. Өмірге бір рет келген соң, армандарға қол созып, оларға жетуге әркімнің де қақы бар деп есептеймін.

- Онсыз да қаптап жүрген əншілердің санын көбейтіп қайтем деп ойламадыңыз ба?

- Қай мамандықты алсақ та, бір ғана адам болмайды ғой. Әрине, ел алдында жүрген танымал әншілер көп. Дегенмен, әрқайсысының орны ерек, жолы бөлек.

- Жалпы қазіргі шоу-бизнес туралы ойыңызды айтсаңыз. Өзіңізді қай әншімен салыстырасыз? Кімнен артық, кімнен кем тұстарыңыз бар деп ойлайсыз?

Елімізде шоу-бизнес саласы басқа салалармен салыстырғанда көбірек назарда. Әншілер саны ай сайын артуда десем артық айтпаспын. Себебі, жаңа есімдердің көптеп шығып жатқанын көріп жүрміз. Дегенмен, мен өзімді ешкіммен салыстырмаймын. Менің бағытым басқа. Ешкімнен артық та, кем де емеспін.

- Жаңа әнді қалай таңдайсыз? Ең әуелі әуенін ұнатасыз ба, әлде мәтініне көбірек мән бересіз бе?

- Ең алдымен, әуенін ұнатамын. Көңіліме қонған соң, сөзін жазуға кірісеміз.

- Қандай авторлармен жұмыс жасайсыз?

- Елімізге танымал Мархаба Сәби, Самат Рыспанбет, Мирас Қадырмұрат, Зарина Гафиатуллина, Асқар Дүйсенбі сынды майталмандардың шығармаларын орындап жүрмін.

- Жақында жазылған жаңа «Өкпелеме» әніңіздің бейнебаянын желімізде сүйіншілеген болатынбыз. Әлеуметтік мәселені қозғаған тақырыпты өзіңіз таңдадыңыз ба, немесе авторлардың кеңесі бойынша алынған ән бе?

- Бір күні шетелдік аянышты әнді тыңдап отырып, маған идея келді. Сосын оны композиторға түсіндіріп айттым. Әуенін тапқаннан кейін сөзін жаздық. Осылайша, ән туды. Әннің мағынасын өмірден алынған тұрмыстық жағдайды көрсету арқылы ашуды ұйғардық. Бейнебаянның режиссері шетелде білім алған Малик Зенгер есімді мықты маман. Жарыққа шыққаннан кейін көптеген пікірлер айтылды. Содан көрермендердің жүрегіне жеткендігін байқадық.

- Жалпы қоржыныңызда қанша ән бар? Қай жанрда?

- Жарық көрген үш әнім бар. Төртіншісін дайындаудамыз. Бұйырса жақында халық тыңдауына шығаруды жоспарлап отырмыз.

- Продюсеріңіз бар ма? Жұмысыңызды қалай жүргізесіз?

- Әзірге продюсерім жоқ. Жұмыстарымды жеке жүргіземін. Болашақта белгілі бір продюсер тарапынан ұсыныс түсіп жатса, бәлкім бірлесіп жұмыс жасармыз.

- Алда қандай жоспарларыңыз бар?

- Бұл жылы қарқынды жұмыс жасауға бел будым. Жаңа әндер жазсам, әдемі бейнебаяндар түсіртсем, елдегі түрлі концерттік шараларға қатысып, өнерімді халыққа паш етсем деген ниетім бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1724297-nsi-bolu-sin-z-mamandygyn-tastagan-telezurnalist-turaly-ne-bilemiz-foto/