Самал Еслямованың әкесі қызын орыстанып кетті деп сөккендерге жауап берді (фото)
Жарияланған күні:
71-ші Канн фестивалінде "Aika" фильміндегі рөлі үшін ең үздік әйел рөлі номинациясын жеңіп алған қазақ актрисасы Самал Еслямованың әкесі алғаш рет сұхбат беріп, қызының өмірі, балалық шағы және жүлде алғаннан кейінгі айтылып жатқан сын туралы ашық айтты деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ.
Басылымның жазуынша, актрисаның ата-анасы егде жастағы кісілер. Әкесі алдағы желтоқсан айында жетпіске толса, анасы қазір алпыс тоғызда. Олар Петропавл қаласында тұрады.
"Біздің екі қызымыз бар. Үлкен қызымды үйленген соң үш жылдан кейін, екінші қызым Самалды алты жылдан кейін барып бауырыма алдым. Самал кенже қызымыз. Осындай екі қыз беріп, бақытты әке еткен Аллаға шүкір. Әрбір ата-ана секілді екеуіне қолымыздан келгенше жақсы тәрбие бердік", - дейді Ілияс Еслямов.
Әкесі Ілияс Еслямовтың айтуынша, Самал "әкемнің ұлы боламын" деп тентектеу өскен қыз екен. Әкесіне қолғабыс етіп, дала шаруасына көп араласқанын айтып отыр.
"Қарап отырсақ, Самал сондай өткір, өтімді, өжет қыз болып өсіпті. "Папамның ұлымын" деп атқа мініп, мал қайыратын. Орманшы болған кезімде жазда арба, қыста шана жегіп, жанымда жүретін. Шыны керек, ерке, ойына келген дүниені істемей қоймайтын бала болды", - дейді ол.
Мектепте жақсы оқыған, ұстаздардың алдында беделі бар, өнері мен талабы үшін көпке сыйлы Самал "ә" дегеннен оқуға түсе алмаған.
"Ауылда онжылдықты аяқтаған соң, қалаға кетті. Негізгі мақсаты, арманы журналист болу еді. Бірақ, ол мамандық бұйырмады. Бар-жоғы бір-екі балл жетпей, грантқа іліне алмады. Ал ақылы оқытуға шамамыз жетпеді. Ол кезде, 2000 жылдардың басында ел дағдарысқа ұшырап, ауыл-аймақ адамдары жұмыстан қысқартуға ілінген, ақша жоқ, қиын жылдар еді", - дейді қызын оқуға ақша таба алмай қысылғанын еске алған әке.
Қызы грантқа іліне алмаған соң, әкесі екеуі ауылға қарай жинала бастапты. Бір кезде Ілияс атаның жолдастары хабарласып, Петропавлдың Өнер колледжінде жаңа факультет ашылғанын айтыпты.
"Қызың өнерге жақын, факультет биыл ғана ашылған, барып көріңіздер" деген соң, кеш батса да сол колледжге жол тарттық", - дейді Ілияс Еслямов.
Бұйырып тұрған болар, Самал мен әкесі құжат тапсырып үлгереді де ертеңінде Самал шығармашылық емтиханға ең алғашқы адам болып кірген.
Самал колледждің үшінші курсында "Тюльпан" фильмінің кастингіне қатысып, басты рөлге ие болған.
"Фильмге түсіп келген соң, 2004 жылы бізді қалаға көшіріп әкелген де осы қызым. Әйтпесе, жолдасым екеуміз ауылда, елдің шетінде тұратынбыз", - деп есіне алады әкесі.
Әр ата-ана сияқты, Ілияс және Гүлмайра Еслямовтар қыздарының тұрмысқа шығып, бала сүйгенін қалайды. Ал егер Самал шетелге кетіп, карьера мен өмірін басқа жерде жалғастырамын десе, әкесі қарсы болмаймын дейді.
"Самал Канн жүлдесін алғаннан бері көп сөз естіп жатырмыз. Тілекші ағайыннан басқа, "баяғыда мен түсейін деп тұрған грантқа түсіп кетті" немесе "қазақ тілін білмейді екен, орыстанып кеткен" деген сөздерді де естіп жатырмын. Бірақ, қызым қазақ мектебін тауысқан, үйде де ұлттық тәрбие алды. Оның бойында қазақи тәрбие мен өркениеттің білімі қатар тұр. Ол енді менің қызым ғана емес – елдің қызы. Тек бақыт пен береке тілеймін", - дейді сөзін аяқтаған Ілияс Еслямов.
Естеріңізге сала кетейік, қазақ қызы Самал Еслямова 71-ші Канн кинофестивалінде үздік актриса атанған. Актриса 1984 жылдың 1 қыркүйегінде Петропавлда туған.
Сұхбаттасқан: Кенжекей Тоқтамұрат
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1733062-samal-eslamovany-kesi-kyzyn-orystanyp-ketti-dep-skkenderge-zauap-berdi-foto/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.