"Қалаулымға" Оңтүстік Кореядан арнайы келген үміткер қызу талқыға түсті (видео)
Жарияланған күні:
21 қаңтар күні қазақ тілінде жүргізілетін атышулы "Қалаулым" бағдарламасының Youtube-тағы тікелей эфирі орыс тілінде жалғасты. Оған басты себеп, жоба қатысушысы Айя есімді аруға Оңтүстік Кореядан арнайы келген үміткер болды. Қазақ және орыс тілдерін түсінбейтін азамат қазақ қызымен танысу үшін аудармашысын ілестіріп келген екен деп жазады NUR.KZ.
Айяның желідегі парақшасын бақылап, оны ұнатып қалған 40 жастағы Чон Чан Хо жобаға Оңтүстік Кореядан арнайы ат басын бұрған екен. Сеул қаласының тұрғыны бүгінде косметика өндіретін және Орта Азияға көлік тасымалдайтын кәсіпкер көрінеді.
Чан Хо "Қалаулым" бағдарламасын ғаламтордан тамашалап, қатты қызыққанын айтады. Осылайша, қазақ қыздарының сұлулығына тәнті болған ол ойланбастан жобаға үміткер болуды шешіпті.
Ал жоба қатысушысы Айя оңтүстік кореялықтың 20 жас үлкен екенін алға тартса да, алыстан ат терлетіп келген үміткеріне мүмкіндік беруді жөн көрген.
Осылайша, жұп студияда вальс билеп, келесі кездесуге бару туралы шешім қабылдады.
Жанұя құру мақсатында келген Чан Хо "Қалаулым" қатысушылары қойған сұрақтарға да мүдірмей жауап берді. Ол болашақта туған балаларына кәрісше де, қазақша да есімдер қойылатынын, болашақ жары қажет деп тапса, екі елде де тұратынын айтты.
"Кәріс қыздарына ешқандай теріс көзқарасым жоқ. Бірақ, мен қазақ қыздарының сұлу екенін, өте инабатты екенін естігенмін. Сондай-ақ, олар жанұяға, балаға қатты көңіл аударатынын білемін", - деді азамат.
Бұл шығарылымды көрген желі қолданушылары қазақ қыздарын шетелдік азаматтармен таныстырып жатқан жобаға наразылығын білдірді.
"Мынаны көрген адамның өзі де ұялады екен", "Ар-намыс қайда?", "Үндістер мен африкалықтар" келіп жүрмесін", "Қазақ қызын тек қазақ алсын дегендерің қайда?", "Ата-бабалардың қарғысына қалатын болдыңдар", - деп күйінген олар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1774428-kalaulymga-otstik-koreadan-arnajy-kelgen-mitker-kyzu-talkyga-tsti-video/