"Бәрі жақсы болады": Есей Жеңісұлы алты жылға сотталған Әлімбековаға жұбату айтты
Жарияланған күні:
Құрбысынан 40 мың АҚШ долларын алып, "алаяқтық" бабымен істі болған Гауһар Әлімбековаға танымал журналист жұбату айтты. Спорт комментаторы Есей Жеңісұлы өзінің де кезінде жұрттың арандатуына ұшырағанын жасырмады деп жазады NUR.KZ.
Журналистің айтуынша, біраз жыл бұрын өзінің басынан да пәтер мәселесіне қатысты қиындықтар өткен.
"Алматыдағы үйіме 22 жыл жүріп қол жеткіздім. Ешкімнен көрмеймін. Өзімнің сорлылығымнан, бір керемет күнге және біреулер ешқашан жасамайтын жақсылыққа сенгенімнен және бос үміттенгенімнен бәрі. Осылай қиялданып жүріп, мен де ақшамнан айырылғанмын. Түрлі тәсілдер арқылы зорға дегенде соның жартысынан астамын әрең алғаныма шүкір деймін. Шын алаяғым осы күні түрмеде отыр.
Ал Гауһар әпкем сияқты жақсылық жасағысы келіп, тым "шаруақор" біреуге қоса алданған адамдарым осы күні мені көрсе, кірер тесік таппай қысылып кетеді. Әрине, мен 40 мың доллар берген жоқпын. Сондықтан орайсыз сөйлеп отырған болармын. Бірақ Гауһар әпкемді 1998 жылдан бері білетіндіктен, оның табиғатын түсінетіндіктен, бірнеше әніне автор болып бірге жұмыс істеп көргендіктен, аяулы әншіні "қылмыскер" деп атауға қимаймын", - деп жазды Есей Жеңіұлы Instagram парақшасында.
Сондай-ақ спорт комментаторы Гауһар Әлімбекованың адалдығын сөз етті.
"Қателескен болар! Заңның әділ салтанат құрып, шын алаяқтың ақша алғаны дәлелденетініне сенген болар. Гауһардың біз білетін әлемі - қиянаттан ада. Ақша берген адаммен арасында түсініспеушілік болмағаны анық аңғарылады. Бірақ жөнсіз күстәналамайық. Өнерге адал қазақтың бір қызы болса, ол Гауһардың өзі.
Неше жыл пәтерде тұрып, Алматының қуыс-қуысын аралап көшіп жүргенін көзіммен көрдім. Бәрі жақсы болады, әпке", - деп сөзін аяқтады Есей Жеңісұлы Facebook парақшасында.
Естеріңізге сала кетейік, 30 қаңтар күні Гауһар Әлімбекованың "алаяқтық" үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылғаны белгілі болды.
Ал танымал журналист Бибігүл Дәулетбекқызы көпшілікке әншінің қарыз болған 40 мың АҚШ долларын жинап беруді ұсынды.
Отандық әншілер де журналистің сөзіне қолдау білдіріп, Гауһар Әлімбековаға көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1776037-bri-zaksy-bolady-esej-zeisly-alty-zylga-sottalgan-limbekovaga-zbatu-ajtty/