Ақталып шыққан Әлімбекова халықтың ақшасын қайтарып бермекші (видео)
Жарияланған күні:
Алаяқтық бабы бойынша айыпталып, алты жылға бас бостандығынан айырылған Гауһар Әлімбекованың ісіне бүгін нүкте қойылды. Әншінің айыбы дәлелденбей, бостандыққа шықты. Өнер иесі өзінің Insta-stories-інде көпшілікке шексіз алғысын білдірді деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Алла разы болсын. Қуаныштымын шексіз. Әділдік бар. Бастапқыда маған қызық көрінді. "Енді не болады" деп, түсінбей жүре бердім. Ешкімге айтпадым. Бірақ біздің Қазақстанның полициясы қалай жұмыс істейтінін көрейінші дедім", - деп ағынан жарылған әнші әріптестерінің халықтан жинаған ақшасын қайтарып беретінін жеткізді.
"Ешқашан да "Халықтан ақша жинасын" деп сұраған емеспін. Керек десеңіздер, түрмеде отырған кезде Шынқуат Байжанов ағамызға жылап, айқайлағанмын. "Аға, не үшін жинап жатырсыздар ақшаны? Қайта мен халыққа беруім керек шығар. Неге мен халықтан ақша жинауым керек? Ақшаны қайтарыңыздар", - деп жылағанмын.
Әрине мен бұл іске әншілерді кінәлайын деп отырғаным жоқ. Олар да маған жанашырлық танытып, ниеттес, тілектес болып, халыққа жария етіп, "дұғада болыңыздар" деді.
Ерғали Әбдірайымовқа, Ақбота Керімбековаға алғысым мол. Кім кінәлі, кім кінәлі емес, басында бұл кісілер істің мән-жайын білген жоқ қой. Ол кісілерге де алғысым шексіз.
Негізінде мен де жәбірленушімін. Осы уақытқа дейін айтпай келдім. Ол бір үйден ұтылса, мен үш үйден ұтылдым. Ол 1,5 жыл бойы үйін жалға беріп отырды. Көп халық оны түсінбей жатыр. Ол да, мен де тұрдым. Егер менің ойым дұрыс болмаса, көрші қылып пәтер алып беремін бе?
Халықтың ақшасының мен бір тиынын да алмаймын. Кім қанша берді, барлығы өздері қайтарып алады деп айтайын дегенмін. Мен халықтан бір тиын алуға хақым жоқ. Керісінше мен беруім керек", - деді әнші видеода.
Сондай-ақ, өнер иесі Алматыда қайырымдылық кешін өткізіп, көпшілікті концертке шақыратынын да жеткізді.
Алла қаласа, Алматы қаласында үлкен бір қайырымдылық концерт жасап, дұғада болған халқымды шақырғым келеді. Халыққа ризамын. Сіздерге ризамын", - дейді видеода Гауһар Әлімбекова.
Естеріңізге сала кетейік, алаяқтық үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылған әншінің кезекті сот отырысы 11 сәуір күні Алматы қалалық сотында өтті. Сот отырысында әншінің айыбы дәлелденбей, әнші ақталып шықты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1788263-halyktan-aksa-zinasyn-dep-sramadym-bostandykka-sykkan-limbekova-ty-mlimdeme-zasady-video/