Суы қасиетті "Жылаған ата" сарқырамасы туралы не білеміз?
Опубликовано:
Түркістан облысы Кентау қаласы Қарнақ елді мекеніндегі Қаратау тауы аңызға толы мекен. Сол аңыздардың бірі - Жылаған ата сарқырамасы жайлы. Суы қасиетті саналатын жер туралы аңызды сол мекеннің шырақшысының көмекшісі баяндады деп жазады ERNUR.KZ.

Қасиетті мекендегі шырақшының көмекшісі айтып берген аңызы бойынша, қазақ жеріне ислам дінінің келген кезде, шамамен VI-VII ғасырдың тұсында Гүрзіхан және оның жары Шаш-Ана деген кісілер өмір сүріпті.

Олар өте бай-қуатты болған екен. Жастары келген ерлі-зайыптылар перзент сүймеген соң Алла Тағаладан тілеуін тілеп, құрбандық шалып, дұға етуден жалықпапты. Жылдар салып олардың тілегі қабыл болып, ана құрсағына бала біткен.

Гүрзіхан түс көріп, түсінде "Месте туған баланы жармаңдар, уақыты келгенде өзі шығады" деген аян беріледі. Шаш-Ана айы-күні жетіп перзентін өмірге әкеледі.
Бірақ бала мес сияқты қабаттың ішінде дүниеге келеді. Осыған шүкіршілік еткен отбасы баланы месте алып жылдар бойы көтеріп жүріпті. Күндердің күнінде көтеріп жүруден шаршаған ана қолындағы месті жерге қатты қойғанда мес жарылып кетеді де, ішінен бала шығып, тау беткейіне қарай жүгіріп кетеді.

Артынан қуып келе жатқан ата-анасының шөлдегенін білген бала, аса таяғымен жерді ұрғанда құдық пайда болады.
Аңыздың жалғасында тау арасына жатып алған бала ата-анасын күтіпті. Бүгінде сол жер "Ана жатыры" деп аталып кеткен.
Ата-анасы келгенде бала үңгірге қаша жөнеледі. Сөйтіп, бала үңгірге кіріп кетіпті. Әке-шешесі қанша жалынса да шықпай қойған ол "Елдеріңе оралыңдар, арттарыңа қарамаңдар" дей беріпті.
Алланың жазғаны ғой деп кетіп бара жатқан Шаш-Ана баласының жүзін соңғы рет көрейін деп артына бұрылғанда бала ғайып болып кеткен екен.
"Жылаған ата" сарқырамасына қарсы бетте "Ана жасы" тау қатпары орналасқан. Таулы қатпар үнемі намданып, одан су тамшылап тұрады екен.







Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1809635-suy-kasietti-zylagan-ata-sarkyramasy-turaly-ne-bilemiz/