"Қатыным деген мәртебе": Атышулы әннің орындаушысы Шахановқа жауап берді
Жарияланған күні:
Бүгінде жасы 80-ге таяған қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов Әзімбек Байлиннің орындауындағы "Қатыным" әнін сынап тастады. Ақын бұл туындыны "тыңдаудың өзі ұят" деп отыр. Аталған әннің орындаушысы мен авторы өз кезектерінде әйгілі жазушыға жауап берді деп хабарлайды "Айта берсін" бағдарламасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Қазіргі әндерге көңілі толмайтын жазушы көп туындылар тексерістен өтпейді дейді.
Соның ішінде соңғы уақытта тыңдарманға кеңінен таралған "Қатыным" әні де бар екен.
"Жуырда бір "Қатыным" деген ән шықты. Тыңдаудың өзі ұят. Өте бір ыңғайсыз жағдайда қалады екенсің. Қазір Ырбикүлдер мен Жырбибайлар қаптап кетті. Басып қалсаң, түкке тұрмайтын, мәні мен мағынасы жоқ әндер беріп жатады. Оның көбісін өздері жаза салады екен",- деді ақын.
Ал атышулы әннің орындаушысы Әзімбек Байлин "қатын" сөзінен еш ерсілік көрмейтінін алға тартты.
"Қатыным деген кірме сөз емес, қазақтың төл сөзі. Керісінше, әйел деген сөзді кірме сөз деп жатады. Бұл тақырыпты жазар алдында көп ақындармен сөйлестім, ақылдастым. Ұстаздармен ақылдастық.
Әйелдерге байланысты "Күнім", "Жаным", "Айым" деген әндер көп. Елдің бәрі қолданады. Ал елді елең еткізетін, төл сөзімізді қайта жаңғыртатын "Қатыным" деген сөзге неге ән шығармасқа?!",- дейді ол.
Әннің сөзін жазған айтыскер ақын Айтбек Тұрсынбай да тарихтан келе жатқан көне сөздің әбестігі жоқ деп отыр.
"Бұл ән шыққаннан бастап кейбіреулер "дұрыс" деді. "Бұрыс" деп сынап жатқандар да жоқ емес. Бірақ, "қатыным" деген қолданыстан шығып бара жатқан сөз және ол сөздің ешқандай әбестігі жоқ.
Шын мәніне келгенде, ол тарихтан алса да, қай заманда да мәртебе болған. Елдің анасы, еліне үлгілі және сыйлы.
Қағанатта қаған болған, соның ақылшысын, кеңесшісін "қатын" деп атаған болатын. Сондықтан, "қатыным" дегенде тұрған ештеңе жоқ. Бұл әнді өнердегі, өлеңдегі ағаларымыз сынауы мүмкін. Әннің тақырыбы дөрекі сөз болып естілуі мүмкін. Әннің сөзін дұрыс естісе, ешкім әңгіме айтпайды деп ойлаймын", -деді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1816296-katynym-degen-mrtebe-atysuly-nni-oryndausysy-sahanovka-zauap-berdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.