Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Асхат Маемиров Нұр-Сұлтанда басшылық қызметке тағайындалды

Опубликовано:

Елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына директор болып Асхат Маемиров тағайындалды деп хабарлайды Елорда Инфо.

Асхат Маемиров Нұр-Сұлтанда басшылық қызметке тағайындалды
Асхат Маемиров. Фото: Елорда Инфо: Instagram

Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі мәлімдеген.

  • Асхат Максимұлы 1974 жылы 12 наурызда Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген.

1991-1995 жылдары Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетінде білім алған.

1996 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын драма режиссері мамандығы бойынша бітірді.

Еңбек жолын 1997 жылы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында актер болып бастады. Кейін қоюшы-режиссер, облыстық халық шаруашылығы орталығында бас режиссер болып жұмыс істеді.

Бұдан соң Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде оқытушы, Құрманғазы атындағы Орал музыкалық колледжінің актер шеберлігі бөлімінің меңгерушісі, «Қазақстанның рухани даму қоры» АҚ вице-президенті, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жанындағы «Қазақ әуендері» АҚ президенті болып қызмет етті.

2008 жылы «Болашақ» халықаралық стипендиясымен Сорбонна университетінде және Париж ұлттық өнер консерваториясында білімін жетілдірді. 2010 жылы Ресей театр өнері институтының магистратурасын тәмамдады.

Асхат Маемиров мемлекеттік және халықаралық ауқымдағы сексеннен астам мәдени іс-шаралардың режиссері болды. Қазақстанның театр сахналарында  жиырмадан астам қойылымдарды сахналап, республикалық және халықаралық өнер фестивалдерінің бірнеше мәрте лауреаты атанды.

Соның ішінде М.Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрында – А.Чехов «Ваня ағай», А.Володин «Қоштасқым келмейді», М.Омарова «Ақтастағы Ахико», Б.Беделхан «Ұлым, саған айтам» қойылымдарын, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында - Г. Хугаевтың «Қара шекпен» әфсана-драмасын, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында – М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсын, Е.Брусиловский, Ғ.Мүсіреповтің «Қызжібек» операсын,  «Astana Musical» мемлекеттік театрында - Ж.Пресгурвик «Ромео мен Джульетта», А.Оренбургскийдің «Астана – менің махаббатым», «Шәмші» және «Қызжібек» этно-фольклорлық мюзиклдерін сахналады. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына С.Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсының либреттосын жаңартып жазып шықты.

Сахналаған қойылымдары арқылы Жапония, Франция, Австрия, Германия, Бельгия, Чехия, Израиль, Ресей, Түркия, Грузия, Армения т.б. мемлекеттерде өткен халықаралық фестивальдер мен форумдарда қазақтың театр өнерін шет елдік көрермендерге паш етті.

2017 жылдың 12 мамырында ҚР Мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен «Қазақконцерт» өнер бірлестігінің бас директоры болып тағайындалды. 

2018 жылдың 12 ақпанында М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына жетекшілік етті. 

Маемиров Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры қызметін де атқарды.

Айта кетейік, «Қаллеки» театрын бұған дейін Жаудыр Айболат басқарған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1820080-ashat-maemirov-nr-sltanda-bassylyk-kyzmetke-tagajyndaldy/

pixel