Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Димаштың Нью-Йорктегі кешіне әлемнің түкпір-түкпірінен жанкүйерлері ұшып келмек

Опубликовано:

10 желтоқсан күні Димаш Құдайберген Нью-Йоркте (АҚШ) жаңа «Arnau tour ENVOY» концерттік бағдарламасын ұсынады. Концерт билеттері сатылым басталғаннан-ақ санаулы сағаттың ішінде өтіп кеткен. Димаштың сиқырлы үні жүректерінің төрінен орын алған әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлер ұшаққа билет алуға асығып, өз кумирімен кездесуді тебірене күтіп отыр деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Димаш Құдайберген. Фото: instagram.com/kudaibergenov.dimash
Димаш Құдайберген. Фото: instagram.com/kudaibergenov.dimash: Instagram

Концертті АҚШ-тағы Қазақстанның мәдениет күндері аясында Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырады.

Алдағы бірегей концерт жайлы жер жаһанның жетекші халықаралық ақпараттық алаңдары мен видеохостингтері - Mashable.com, The Guardian, Dailymotion және тағы басқалары жарыса жазып жатыр. Басылымдардың мәліметінше, бүкіл әлемнің әнсүйер қауымының жүрегін жаулап алған Димаш – қайталанбас дарын иесі. Ол – дүние жүзіне танымал Barclays Center аренасында өнер көрсететін тұңғыш қазақстандық музыкант болмақ.

Әншінің өзі «Dears» деп атайтын Димаштың жанкүйерлері күн санап артуда. Жас қазақстандықтың шығармашылығының шарықтағаны соншалық, әлемнің 50 еліндегі фанаттарының саны 10 миллион адамнан асып кеткен. Жанкүйерлер өз кумирінің әнін тыңдап қана қоймай, әртүрлі елдерде өтетін концерттерін асыға күтеді, әуежайда топ-топ болып күтіп, әнін әлемнің түрлі тілдеріне аударады, Қазақстанның тарихы мен мәдениетін білгісі келеді.

Бір қызығы, қазақстандық музыка жайлы мүлде бейхабар адамдар бүгінгі таңда қазақ тілін үйреніп жатыр. Бұл тұрғыда Димаш өзін нағыз «ENVOY» (ағылшын тілінде – елші) – бүкіл әлем бойынша қазақ мәдениеті мен музыкасының елшісі деп атай алады. Сонымен бірге, менталитеті, жасы, шыққан жері, әлеуметтік мәртебесі мүлде бөлек адамдарды біріктіре білетін Димаштың шығармашылығы шынайы өнерде шекара жоқтығын дәлелдей түседі.

Әлемнің түкпір-түкпіріндегі dears-тардың алдағы концертті қалай күтіп жатқаны жайлы фанаттар өзі ойымен бөлісті.

Димаштың Техас штатында тұратын америкалық табынушысы Сара Монтес оның «S.O.S» әні алғашқы ноталарынан-ақ оның жүрегін жаулап алған. Сара әлемге ерекше музыкантты сыйға тартқан Димаштың ата-анасына, мұғалімдеріне және Қазақстанға зор алғысын білдіреді.

«Димаш – бұл ғажайып тұлға! Әлемнің ең таңғаларлық әншісінің қолын ұстағаным үшін мен өзімді шексіз бақытты санаймын. Мен ол күнді ешқашан ұмытпаймын. Нью-Йорктегі әншінің қошемет пен құрметке бөленетін кешіне барғанша тағат таппай отырмын», – дейді Сара.
Сара Монтес и Эльза Патрисия. Фото: жеке мұрағаттан
Сара Монтес и Эльза Патрисия. Фото: жеке мұрағаттан: Instagram

Ал Мексикадан келетін Грасиела үшін бұл концерттік сапары – өміріндегі алғашқы саяхаты болмақ. Ол бұрын ешқашан елден шығып, ұшаққа отырып көрмепті. Оның осынау батылдығының себебі – Димаш.

«Мен оның музыкаға деген адалдығына қатты сүйсінемін. Димаш жас болғанымен, оның музыкаға адалдығы, жоғары кәсібилігі мақтауға тұрарлық қасиет», – деп әсерімен бөліседі Грасиела.

Димашты бір көру деген арман жолында жанкүйерлерге ештеңе кедергі бола алмайтын секілді. Осындай «батыл» адамдардың бірі – Колумбиядан келетін Эльза Патрисия. Одан бөлек, тағы үш колумбиялық жанкүйер Димаш өнер көрсеткен композитор Игорь Крутойдың концертіне Нью-Йоркке барып қайтқан. Колумбиялықтар ол жерден бүкіл әлемнен дос тауып қайтыпты.

«Мұның бәрі – Димаштың жер жаһанға махаббат пен бауырмалдық таратуының арқасы. Артистің артынан еріп кеткенім, фан-топтарға қосылғаным да өмірімде бірінші рет болып отыр. Солайша, «Dears» атанғаныма мақтанамын. Димаш Құдайбергенді көрер күнді тағат таппай күтіп отырмыз», – дейді бізге Эльза.

Ал Франциядан жететін Итзуко Косуда қазақ, орыс, ағылшын тілін ұқпайтынына қарамастан, Нұр-Сұлтандағы «АRNAU» концертін тамашалап қайтқан. Ол Қазақстанға жалғыз келіп, зор әсерге бөленген:

«Өкінішке қарай, мен Нью-Йоркке бара алмадым. Болашақта мүмкіндік болып жатса, мен оның Еуропа немесе Ресейдегі турларының біріне барып қайтамын», – деп жоспарлап отыр Итзуко Косуда .
Грисиела, Хельга, Итзуко Косуда и Джефф. Фото: жеке мұрағаттан
Грисиела, Хельга, Итзуко Косуда и Джефф. Фото: жеке мұрағаттан: Instagram

Димаштың жанкүйерлерінің ішінде ер адамдар да аз емес. АҚШ фанаты Джефф өзі аса бағалайтын әншісінің концерті ғаламат әрі есте қаларлық оқиға болып қаларына сенімді.

«Димаш – бұрын біз кездестірмеген әлемдік сенсация. 2019 жылдың 10 желтоқсаны тарихқа еніп қалары хақ. Мен осынау керемет оқиғаның куәсі боламын!», – дейді толқыған ол.

Исландиялық Хельга Нью-Йорктегі концертке күйеуімен бара жатыр. Алдағы сапарын ол қажылыққа, ал Димаштың дауысын сұлулықтың, қуаттың, махаббат пен рақымшылықтың бастауына балайды.

«Оның дауысы бей-берекет әлемдегі үйлесімнің оазисі. Өмірімде жасаған соңғы ісім болса да, мен оның ән салғанын бір көрсем деймін», – дейді Хельга.

Мұндай пікірлер мен мақтауларды мыңдап, жүз мыңдап кездестіруге болады. Қазақ әншісінің дауысы мен жаны, шығармашылығы біріктіріп тұрған әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдардың сезімі қазір бір толқында: бәрі де аңсай күтіп, қуана үміттенеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1829749-dimasty-nu-jorktegi-kesine-lemni-tkpir-tkpirinen-zankjerleri-syp-kelmek/

pixel