Белгілі Абайтанушы Бейсен Құранбек туралы қауесет таратып жүргендерді сынға алды
Жарияланған күні:
Жазушы әрі абайтанушы ғалым, халық арасында "Харекет" атты еңбегімен танылған Омар Жәлелұлы желіде қауесет таратандырға шүйлікті. Ол тележүргізуші Бейсен Құранбек туралы жалған ақпарат таратып жүргендерді дұға жасауға шақырды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.
Бұл туралы ғалым Instagram желісіндегі парақшасында жазды.
"Бейсен Құранбек. Қазақтың жақсысы. Қауесетті доғарыңдар! "Алғыс түбі ақ май, қарғыс түбі қара қан". Бисекең елдің алғысын алған азамат. 100 жасайды. Оған күмәндарың болмасын. Қайта дұға жасаңыздар. Тез айығып кетсін деп. "Достан дұға" деп осындайда айтылады. Жұртты шошытып, үрейін алмаңыздар", - деп жазды Омар Жәлелұлы.
Жазушының сөзін Панақұл Ғалымжан атты Instagram оқырманы да қолдады.
"Бейсен аға (Бейсен Құранбек - ред.) туралы соңғы уақыттары көп деген өсектер таралып жатыр. Тек ағамызға денсаулық тілейік. Аллаға сансыз шүкір, ағамыз аман-есен. Жалған ақпаратты таратқанды доғарайық", - деді ол.
Еске сала кетсек, бұған дейін Бейсен Құранбек желідегі парақшасында жансақтау бөліміне түскенін, дәрігерлердің бір жарым жылда екінші рет өмірін аман алып қалғанын жазған болатын.
Кейін өзінің денсаулығы жақсарғаны туралы да баяндаған еді.
Ал жақында желіде Бейсен Құранбектің сырқаттанып жүргені жайлы хабар тарады.
Бұған қатысты тележүргізушінің әріптестері пікір білдіріп, елді дүрлікпеуге шақырған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1834774-belgili-abajtanusy-bejsen-kranbek-turaly-kaueset-taratyp-zrgenderdi-synga-aldy/