Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Желіде Бейсен Құранбектің ауыр дертке шалдыққаны жайлы хабар тарады

Опубликовано:

Әлеуметтік желілерде белгілі отандық тележүргізуші Бейсен Құранбектің аса ауыр дертке шалдыққаны жайлы хабарлама тарап кетті. Онда танымал журналист үшін "дұға тілеп қойыңыздаршы" деп айтылған. Ақпарат өкілімен бірге жұмыс істеген әріптестері оның қазіргі жағдайы жайлы сыр шертіп, бар шындықты айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Фото: Instagram/beiseinkuranbek. Коллаж: KAZ.NUR.KZ
Фото: Instagram/beiseinkuranbek. Коллаж: KAZ.NUR.KZ: Facebook

Бейсен Құранбекпен "Қаракет" бағдарламасында бірге жұмыс істеген продюсер Әлия Құдайбергенова тележүргізушінің дертіне қатысты мәліметпен бөлісті.

"Бейсен аға туралы уатсапп желілерінде бір хабарлама жүр. Жан-жақтан минут сайын тілектес жандар хабарласып жатыр, жазып жатыр.

Бәрі алаңдаулы. Дұға, тілек, бата артық емес, әрине. Бірақ, дүрлігудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Ол кісінің жалпы ұстанымын, қалауын жақсы білесіздер.

"Даурықпаңдар!" деді. Біз де көп мазалап жүргеміз жоқ. Иә, аға сырқаттанып жүр. Бірақ, қарап отырған жоқ. Барлық жолды қарастырып, жан-жақты емделуде.
Отбасы, бауыр, жанашыр, достары жанында. Алаңдамаңыздар. Алланың көзі тура болсын, бәрі жақсы болады" , - деп жазды ол Facebook парақшасында.

Оған қоса, "Жетісу" телеарнасы директорының орынбасары Серік Әбәкенұлы ақпаратты таратпайынша оның рас-өтірігіне көз жеткізіп алу керектігіні алға тартты.

Ол Facebook желісінде ауқымды жазба қалдырды.

"Қадірлі ағайын, әлжеліде, уатсапта Beysen Kuranbek бауырымыз туралы хабар жүр. Оны көріп қаншаңыз бізге хабарластыңыздар?! Бейсекеңнің аздап сырқаттанып қалғаны рас, сол үшін де жабыла тілеуін тілеген баршаңызға көп рақмет. Елі сүйген, елін сүйген ұл ғой.

Бірақ, тілеуін тілегенде де сөзге абай болайықшы, бір аудиожазбада "азамат еді" деп өткен шақпен айтылыпты, құдай сақтасын, жігіттер, Алла дем берсе Бейсекең әлі-ақ құр аттай болып шыға келеді.

Сол үшін дәрігерге қаралып, диагнозын анықтау үшін шетелге де барып тексерліп жүр. Жатып қалып жамбасы тесілген түгі жоқ, өз аяғымен барып-келіп жүр! "Әлдеқандай ауыр кесел болса Еуропаға емдетейік" деп облыс әкімі Амандық Баталов та шешім күтіп отыр.

Диагнозы толық нақтыланбаған, күдік көкейін мүжіген адамға "анау екен, мынау екен" деген қауесеттің қатты әсер ететінін ескерсеңіздер.

Сөзде - қаңқу, дертте -шаншу жаман. Белден шаншу қадалған азаматты қаңқумен одан ары жүдетпейік.

Бауырымыздың амандығына дұға еткен қалың қазаққа рақмет, баршамыз аман болайық. Бейсекеңнің сырқатын жеңіл, шипасын жедел етсін Алла" , - деп жазды ол.

Айта кетейік, бұған дейін Бейсен Құранбектің өзі де сырқаттанып жүргенін хабарлаған болатын. Тележүргізуші жанын аман алып қалған дәрігерге де өз алғысын білдірді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1833591-zelide-bejsen-kranbekti-auyr-dertke-saldykkany-zajly-habar-tarady/

pixel