Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Құдайдың сыйы": Мейрамбек бастаған өнер өкілдері Батырхан Шүкеновты есіне алды

Жарияланған күні:

"МузАрт" тобының әншісі Мейрамбек Бесбаев қазақ өнерінде өз ізін қалдырып кеткен Батырхан Шүкеновты есіне алды. Эстрада жұлдызы осыдан бес жыл бұрын қайтыс болған әртіске жантебірентерлік жазба арнап, оны құдайдың берген сыйына теңеді деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Фото: Instagram/zhunusova.makpal/m_besbaev/r_nurzhigit. Коллаж: KAZ.NUR.KZ
Фото: Instagram/zhunusova.makpal/m_besbaev/r_nurzhigit. Коллаж: KAZ.NUR.KZ: Instagram

Мейрамбек Бесбаев өнердегі сыйлы ағасы Батырхан Шүкенов туралы естеліктерімен Instagram парақшасында бөліскен. Ол аңыз әншіге деген құрметі әрдайым жоғары болғанын айтты.

"Өмірде туыстан бетер жаныңа жақын, қимас адамдар болады. Ол меніңше қандық жағынан емес, жан туысқандығы жағынан, бір-бірін тартып тұратын рухани байланыс арқылы болатын жылы тартылыстан болатын сияқты. Сондай қимас, жақсы көріп, құрметтейтін жандардың бірі - Батыр ағам еді. Мінезі көркем еді, болмысы таза еді, жарықтықтың. Қазақ өнеріне құдайдың өзі сый қып тартқан ерекше талант болатын.
"МузАРТ"-қа, әрқайсымыздың шығармашылығымызға көңіл-ниеті айрықша еді. Қашанда жылы пікірін айтып, ағалық қамқорлығын аямайтын. Батыр ағамның қайтқанына да биыл бес жыл болыпты. Зырлаған уақыт. Бірақ, мен үшін ол мәңгі жасайды. Қазақ барда оның салған әндері де мәңгі жасамақ. Себебі, ол - таза адам еді. Рухыңыз пейіште шалқысын, жақсы аға" , - деп жазды Бесбаев.

"МузАРТ" мүшесінен бөлек, бірқатар өзге шоу-бизнес өкілдері де Батырхан Шүкеновке жазба арнаған.

Димаш Құдайберген де өзінің ресми парақшасы арқылы марқұм әншіге деген сағынышын жеткізген.

"Батыр аға, мәңгі жүрегіміздесіз. Өзіңіздің нұрлы жүзіңізді, жұмсақ әрі қуатты қоңыр даусыңызды қатты сағындық. Жатқан жеріңіз жайлы болсын" , - деп жазды ол.

Мақпал Жүнісова да Батырхан Шүкеновты есіне алып, қайтыс болған күнінде оған құран бағыштаған.

"Бүгін Батырхандай ардақты әншіміздің өмірден озғанына бес жыл өтіпті. Топырағы торқа болсын, еске алып құран бағыштадық, артындағы баласымен, бауырларына ұзақ өмір берсін" , - деп жазды әнші.

Әнші Рүстем Нұржігіт де өнердегі ағасына деген құрметін білдіріп, онымен түскен естелік суретімен бөлісті.

Белгілі журналист Асхат Садырбай да әлеуметтік желіде Шүкеновтың өұрметіне жантебірентерлік жазба жариялады.

"Дауысы да, өзі де дара Батыр еді. Батырдың ерекшелігі оның үлкен әрі таза жүрегінде сияқты. Әр әні жүрекке тиеді, шымырлатады, жанды баурайды. Батыр әрқайсымыздың жүрегімізде Батыр боп қалады. Оның әндері ешуақытта сәннен шықпайды. Қанша жыл өтсе де тыңдалады, айтылады, орындалады деп ойлаймын. Батыр жәй ғана әнші емес. Батыр эстрададағы музыкалық құбылыс деп санаймын. Алла мейіріміне бөлеп, Рақымына алсын! Жүрегіміздесіз, Батыр аға" , - деп жазды ол.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1853498-kdajdy-syjy-mejrambek-bastagan-ner-kilderi-batyrhan-skenovty-esine-aldy/