"Некесін қиды, қолдан ұзаттық": Төреғали қарындасының тұрмысқа шығып кеткенін айтты
Жарияланған күні:
Отандық танымал әнші Төреғали Төреәлі қарындасын қолдан ұзатып, құтты ұясына қондырғанын хабарлады. Белгілі болғандай, Дархан Нортаев пен Фариза Төреәлі үйлену тойлары болмаса да некелерін қидыртып, ерлі-зайыпты атанып алған деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Төреғали Төреәлі бұл жайтқа елімізде белгіленген ТЖ режимі себеп болғанын алға тартты. Оның айтуынша, қос тарап үйлену тойының күнін белгілеп қойып, оған барын сала дайындалып жатқанда мемлекетте карантин басталып кеткен.
Сол себепті, жұлдызы әулет Фаризаның бағын байламай, сүйіктісі екеуіне некесін қидыра беруіне келісімін берген көрінеді.
Алайда, өнер иесі тұрмысқа шығып кеткен қарындасын қимай жүргенін жасырмады. Ол тіпті Instagram парақшасында оған әсерлі жазба арнап, оның үйлену тойында айтпақ болған әнін паш еткен.
"Қыз баланың өмірге келген сәтінен бастап бір күні теңін тауып, жат жұртқа кететініне көндігесің, мойындайсың. Бірақ...бірақ шынымен кететін болса жібере салу қиын, өте қиын. Өзіміз де біреудің қызын әкеп алдық қой оп-оңай , ал үйден ұзату қиын. Жүрегіңнің бір парасын жұлып берген сияқты деп теңеу бекер емес.
Бір анамыздың құрсағынан шығып, бір әкенің құшағында өскен қарындасымның өмірлік жарына жолығып, рұқсат сұрап келген күнінен бастап, беймаза күй кештік. Қуаныш пен қимастықтың ортасындағы түсініксіз сезім. Әкемнің қызын қалай қимай тұрғанын қайдам, менің өзім зорға-зорға жүрдім.
Аты-Фариза. Күйеу бала-Дархан. Екеуі некесін қиды, қолдан ұзаттық. Енді үлкен тойын белгілеп, әні-міні деп отырғанда мына жағдайлар басталып кетті. Сосын "қарыз алсаң қайтаруға, өмірден өткен кісіні жерлеуге, бойжеткен қызды ұзатуға асығыңдар" деген шариғаттың шарттарымен құтты ұясына қондырдық құсымызды.
Алла барған жерден бағын ашсын, тастай батып, судай сіңіп, әулетінің дәулетін арттыратын, ырысын тасытатын, жарының жан тыныштығы, көз қуанышы болып жүре берсін, жан Фаризам менің. Сіздердің де дұғаларыңызға мұқтажбыз, көптің тілегімен қалқайып жүрміз ғой, менің қарындасыма да бақ тілеп қойыңыздар" , - деп жазды ол.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1854240-nekesin-kidy-koldan-zattyk-tregali-karyndasyny-trmyska-sygyp-ketkenin-ajtty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.