Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Соғысқа өзі сұранып барған қазақтың бірімін": Нұрғиса Тілендиевтің өмірі, өнері, майданнан жеткен хаттары

Опубликовано:

Нұрғиса Тілендиев
Нұрғиса Тілендиев. Фото: Егемен Қазақстан

"Қазақ саз өнерінің сайыпқыраны" атанған Нұрғиса Тілендиевтің өнердегі жолы көпшілікке аян. Алайда төлқұжатына екі жас қостырып жаздырып алып, соғысқа өзі сұранып барған майдангер Нұрғиса туралы қазіргі ұрпақтың біле бермейтіні анық. Жеңіс күні қарсаңында қазақ музыкасының майталманы Нұрғиса Тілендиевтің өмірі мен өнерін сөз ете отырып, майдангерлігіне қатысты деректер ұсынуды жөн көрдік.

Майдангер Нұрғиса

Нұрғиса Тілендиев туралы көлемді мақала жариялаған "Қазақстан тарихы" жобасы атақты музыка маманының әскери өмірге де қатысы болғанын жазады. Әйгілі композитордың "әскери қызметті жалғастырсам" деген ойы да болған көрінеді.

Мақаладағы дерек бойынша, Нұрғиса Тілендиев 1943 жылы соғысқа аттанады. Сол кездегі өзге жастар сияқты 16 жастағы Нұрғиса да төлқұжатына екі жас қосып жаздырып, соғысқа аттанып кетеді.

Нұрғиса Тілендиевтің өмірі туралы "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған мақалада күйшінің өзі айтты деген мына сөзі келтіріледі:

"Мен кешегі Ұлы Отан соғысына өзі тіленіп барған қазақ­тың бірімін. Жасым әскер жасы­на жетпесе де басты "бәйгеге" тіккенім бар".

Нұрғиса Тілендиев 1943 жылдан 1945 жылға дейін Курск шайқасынан Берлинді алғанға дейінгі жолмен жүріп өтіп, бірнеше рет жараланған. Соғыс біткеннен кейін "Ерлігі үшін", "Берлинді алғаны үшін" және "Ұлы Отан соғысындағы жеңісі үшін" медальдерімен марапатталған.

Нұрғиса Тілендиевтің соғыста алған медальдары
Нұрғиса Тілендиевтің соғыста алған медальдары. Фото: almatymuseums.kz

Майдан даласынан жеткен хаттар

"Ана тілі" газетінде жарық көрген "Нұрғиса да қолына қару алған" атты мақалада Нұрғиса Тілендиевтің майдан даласынан ұстазы Ахмет Жұбановқа жазған хаттары жарияланған.

1944 жылғы 13 қазанда жазған хатында Нұрғиса Тілендиев былай дейді:

"Фронттан ініңіз Нұрғисадан Сәлем! Көке! Аман-есен денсаулықтың арқасында қызметіңізді істеп жүрген боларсыз. Сіздің денсаулығыңыздың жақсы болып, сіздің тәрбиелеп, оқытқан ұлдарыңыздың, қыздарыңыздың алтын саусақтарымен тартқан Домбырасының, Қобызының үндерінің Бұлбұлдай сайрап мәртебелі болып өсуіне мен де тілектес. Мен газеттен оқыған едім – Қуан ағай, Захара, Сабырлар Прибалтик фронтында өздерінің концертін көрсетіп қайтты деп еді, үлкен успехпен келген болар. Біз деген кісінің қалын білмек болсаңыз өте жақсы. Жалғыз-ақ мамамнан хат алмай жүрмін. Сізден ең болмаса жауап та алмадым".

Сарғайған хаттың ішкі үшбұрыш бетіне: "Осы хатты алысымен хат жазуыңызды сұраймын. Менен Шаргарадскийге көп-көп сәлем! Қош болыңыз! Тлендиев" деп жазылған. Бұдан кейін үшбұрыш бүктеліп, оның оң жақтағы қиығына майдан поштасының қос мөрі басылған. Сол жақтағы екінші қиығында: "Каз. ССР. Г. Алма-Ата. ул. Пушкинская, № 45. Казгосфилармония. Ахмета Жубанову. Полевая почта 49941 "ж" Тлендиеву Нургиса" деген жазу бар.

Нұрғиса Тілендиевтің майдан даласынан Ахмет Жұбановқа жазған хаты
Нұрғиса Тілендиевтің майдан даласынан Ахмет Жұбановқа жазған хаты. Фото: "Ана тілі" газеті

Нұрғиса Тілендиевтің майдан даласынан Ахмет Жұбановқа жазған хаты
Нұрғиса Тілендиевтің майдан даласынан Ахмет Жұбановқа жазған хаты. Фото: "Ана тілі" газеті

Екінші хатты майдангер Нұрғиса ұстазына 1944 жылғы 4 желтоқсанда Полевая ­почта 49941 "ж" мекенжайынан жазған.

"Ардақты көке! Фронттан Тілендиев Нұрғисадан Қымбатты Гвардиялық жалынды сәлем!

Сәлем соңында сіздің денсаулы­ғыңыздың, істеген қызметтеріңіздің аман болуына тілектестігімді білдіремін" деп басталатын хатында ол Берлиннен бір-ақ қайтатынын жазады.

Журналист Көсемәлі Сәттібайұлы "Майдангер және муза" мақаласында Нұрғиса Тілендиев туралы жазатындар әдетте, оның музасы тура­лы айтады да, майдангер ретіндегі қаһармандық жолына мән бермейтініне кейістік білдіреді:

"Абы­рой болғанда, күйші болар баланы сарыауыз балапан кезінен жыға танып, үлкен өнер жолына салған Ахмет Жұбанов 1945 жылы соғыс аяқталуға небары екі ай қалғанда елге демалысқа келген Нұрғисаны сол кездегі респуб­лика партия ұйымының бірінші хат­шы­сы Жұмабек Шаяхметовке алып барып, "Жеңістің төбесі көрініп тұр, домбырашыға қатпыз, Нұрғиса ауадай қажет боп тұр" деген қолқамен алып қалады. Бірінші хатшының сөзіне Түркі­стан әскери округінің бас қолбасшысы да қарсы болмайды. Десек те, көкірегі күйге толы асыл аға 1943-1945 жылдары майдангер ретінде қаншама тар жолдан, тайғақ кешуден өтті деген сауал мазалай береді".

Бала Нұрғиса мен Ахмет Жұбановтың таныстығы

Нұрғиса Тілендиевтің музыкант ретінде қалыптасуына әйгілі композитор Ахмет Жұбановтың ықпалы зор болғанын байқап отырмыз. Сонымен қазақтың маңдайына біткен екі дарынның таныстығы қашан, қалай басталған?

Нұрғиса Атабайұлы 1927 жылдың 1 сәуірінде Алматы облысы, Іле ауданындағы Шилікемер ауылында өнерлі жандардың отбасында дүниеге келген.

Небәрі бес жасында әкесінен домбыра тартуды үйренген талант иесінің ноталық сауатын анасы ашыпты.

Бір күні Ахмет Жұбанов Нұрғиса тұрған үйдің жанынан өтіп бара жатып, домбыраның үнін естіп қалады. Ұлттық аспапты сонша шебер тартып отырған кім екенін білгісі келген ол 6 жасар баланы көріп, қатты қайран қалады.

Ахмет Қуанұлы баланың домбыра тартысын ұйып тыңдап, оған музыка училищесіне баруға кеңес береді.

Ахмет Жұбанов
Ахмет Жұбанов. Фото: e-history.kz

Алайда училищеге барған соң оны композитор Латиф Хамиди би класына жазып қояды. Іссапардан келген Жұбанов талантты домбырашының балет сабақтарына барып жүргенін көріп, дереу музыка класына ауыстырады.

Домбырамен қатар, бала Нұрғиса бокспен де айналысқан. Алайда Ахмет Жұбанов: "Не бокс, не музыка!" деп шарт қойғаннан кейін Нұрғиса өнерді таңдайды.

Училищеде Тілендиевтің шеберлігі өсе берді. 12 жасында ол оркестрге концертмейстер болып тағайындалады, ал 14 жасында Науша Бөкейхановтың тәжірибесіне еліктеп, оркестрдің бас дирижеріне ассистент болады.

1948 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясына емтихан тапсырып, оқуға түскен дарын иесі оны бітірген соң Мәскеу консерваториясында да білімін шыңдайды.

Оқуын бітірген соң 1953 жылы Тілендиев Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының бас дирижері лауазымына тағайындалады.

Нұрғиса Тілендиев
Нұрғиса Тілендиев. Фото: "Алатау жұлдызы" газеті

Ал 1961 жылы ол академик Ахмет Жұбанов негізін қалаған қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестріне бас дирижер болып қызметке кіріскен.

Нұрғиса Тілендиев "Алтын таулар" операсы (Қ.Қожамияровпен бірге), "Достық жолымен" балеті (Л.Степановпен бірге), "Ортеке" балет-поэмасы, "Менің Қазақстаным" кантатасы, оркестрге арналған "Поэма", "Ата толғауы", "Ақсақ құлан", "Аққу", "Арман", "Махамбет", "Көш керуен" деп кете беретін мол мұра қалдырып кетті. Сондай-ақ 400-ге тарта ән мен романсқа қоса, 50-ден астам драмалық қойылымға, 19 көркем фильмге, 17 мультипликациялық фильмге, 14 деректі-хроникалық фильмге музыка жазған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1855001-kan-majdanda-zauga-karsy-sogyskan-nrgisa-tilendievti-erligi-turaly-bilesiz-be/