"Індет құрсауынан сен де шыға алмадың": Әртістер Дархан Дайырбекпен қоштасуда
Жарияланған күні:
Бүгін қазақ өнері үшін қаралы күн. Қауіпті індет салдарынан "Терісқақпай" театрының актері Дархан Дайырбектің қайтыс болғаны туралы суыт хабар жетті. Әртістің қазасы оның өнердегі барша әріптестеріне де аса ауыр тиген. Олар көпшілікті күлдіртіп жүретін жанның енді жоқ екеніне сене алмай, онымен асқан қимастықпен қоштасуда деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Дархан Дайырбек жақын араласқан жұлдызды жұп Қанат пен Айтгүл Құдайбергеновтер оның өлімін аса ауыр қабылдаған. Олар аты жаман аурудың құрбаны болған інісінің соңғы күндері туралы айтып берді.
Дәстүрлі әншілер актердың қазасынан бір күн бұрын оның қал-жағдайын біліп қайтқан болып шықты.
"Алтыным бұл аты жаман дерт сені алып кетеді деп кім ойлаған, "ағау, ақ женгем" деп жүрушеді, қайтеміз енді алланың жазганы осы шығар. Кеше барғанымызда күліп жатыр едің, "женге бәрі жақсы болады" деп. Иманды бол бауырым. Сенен бұлай айырылып қаламыз деп ешкім ойламадығой,жанып тұрған жұлдыз едің. Не бәрі 51 жаста жас кетті ғой. Қазақ кино саласына,театр саласына көп үлесінді қосқан едің.
Айтгүл екуміздің талай кешімізді жүргізуді саган сеніп тапсыратын едік,енді сенің дауысынды видеодан ғана естіп сағынышымызды басатын болдық. Айтгүлдің сырласы, маған үйге келгенде "саған келген жоқпын аға, женгеме келдім бәрібір женгем шешеді ғой" деп күлдіретін еді, "бұйрабасым менің" деп еркелетуші едім. Иманды бол бауырым Қазақ елі еш қашан ұмытпайды сені" , - деп жазды олар Instagram парақшасында.
Қалың көпшілікке "Тамаша" театры арқылы танылып "Терісқақпай" комедиялық театрын ашқан Асқар Наймантаев да жақын досымен қимастықпен қоштасты. Ол Дархан Дайырбекті емдету үшін қанша танысын қосса да, оның тынысын аша алмағанына күйінді.
"Қайтейін-ай! Алыста болып аңырап, жырақта жүріп жер сипап қалдым-ау, ағайын! Жаным-оу, Дархан-оу, енді қайтем! Таныстың бәрін жұмылдырсақ та тынысыңды аша алмадық қой. Жан досың, серігің Ұлан күндіз түні жоғыңды жоқтап, керегіңді жеткізсе де араша бола алмадық. сенің жұтар бұр жұтым суың, терең дем алар ауаң бола алмадым. Қабақ шытпай қиындықты жымиып жеңуші едің. Сенің қателігіңді де қайталай алмаймыз ау енді. Терісқақпайдың да қатары сөгілді халқым, оны енді бүтіндей алмаймын. Бақұл бол!" , - деп жазды ол.
Дархан Дайырбектің кино және театр саласындағы әріптесі Ұлан Нүсіпәлі де досынан тым ерте айырылғанына қапалы. Ол қаралы хабарды алғашқылардың бірі жеткізген.
"Өмірде де,өнерде де жанымда жүрген жан досым ай! Қу індеттің құрсауынан сен де шыға алмадың ау! Қайтейін,Алла жаныңды жаннаттық етсін, жан досым" , - деп жазды актер.
Бірқатар өнер иелері марқұм туралы естеліктерімен бөлісіп, оның жаөындарына қайғыра көңіл айтып жатыр.
"Елдің азаматы еді. Тағыда бір азаматтан айырылып қалдық. Туған туысына ,балашағасына, жарына қайғырып көңіл айтамыз. Иманы жолдас болсын" , - деген жазба қалдырды Тоқтар Серіков.
"Жүзі жарқылдаған ағатайым ау?! Алла алдынан жарылқасыншы. Жылы жүзіңізбен, жарқыр мінезіңізбен мәңгі есімде сақталасыз. Жақындарына көңіл айтамын" , - деп жазды Индира Расылхан.
"Бүгін түнде біздің керемет актеріміз Дархан Дайырбек қайтыс болды. Студия атынан оның жақындары мен отбасына көңіл айтамын. Дархан аға үнемі көңілді әрі жарқын жан еді. Біз ол кісіні дәл сол күйінде есте сақтап қаламыз. Дәке, рөлдеріңіз үшін, жұмысқа, адамдарға деген қарым-қатынасыңыз үшін рахмет. Иманды болыңыз" , - деп жазды Нұртас Адамбай.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1863940-indet-krsauynan-sen-de-syga-almady-rtister-darhan-dajyrbekpen-kostasuda/