Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Біртуар тұлға": Өнер жұлдыздары Кеңес Дүйсекеевпен қимай қоштасуда

Жарияланған күні:

Кеше, 9 шілде күні қазақстандық танымал композитор Кеңес Дүйсекеевтің өмірден өткені туралы суыт хабар келіп түсті. Белгілі сазгердің қазасы көптеген шоу-бизнес жұлдыздарына аса ауыр тиген. Марқұмның әндерін шырқап өскен өнер иелері онымен асқан қимастықпен қоштасқан. Олар қазақ өнеріндегі ерекше тұлға жайлы естеліктерімен бөлісуде деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Кеңес Дүйсекеев. Фото. strategy2050.kz
Кеңес Дүйсекеев. Фото. strategy2050.kz: Instagram

Әншілік пен актерлікті қатар алып жүрген Айгүл Иманбаева өнердегі ағасының отбасына көңіл айтып, онымен түскен видеосын жариялады.

"Қазақ халқының мәңгі жүрегіндесіз асыл аға. Аты аңызға айналған композитор Кеңес Дүйсекеев. Парақшама суық хабар, жаман жаңалық салмайыншы деп едім. Қайтеміз. Атпалдай азаматтар өмірден кетіп жатыр. Кеңес ағамның маған су жаңа әнін беріп, өзі айтып тыңдатып отырған сәтінен .Бақұл бол ағау" , - деп жазды ол Instagram парақшасында.

Мадина Сәдуақасова да белгілі композитормен қимай қоштасып, желіде оған жазба арнады.

"Біртуар Тұлға Кеңес Дүйсекеев ағамыз бақилық болды. Әлемдік деңгейдегі шығармаларымен, ерекше әндерімен, шынайы керемет мінезіңізбен мәңгілік есте қалдыңыз, Кең аға. Жаныңыз жаннатта шалқысын" , - деп жазды әнші.

Дана Нұржігіт Кеңес Дүйсекеевпен алғаш қалай танысқанымен бөлісіп, оның жазып кеткен әндері халық мәңгі жадында қалатынына сенім білдірді.

"Қош, Кеңес аға! 80-жылдардың ортасында оқушы- мені, әкем алдыңызға апарып таныстырған еді. Өсе келе қаншама рет сұхбат алған едім, сахнада бірге тұрдық, сапарлас та болдық. Қазақтың жүрегінде мәңгі қалған әндеріңіз мынау байтақ далада мәңгі әуелеп тұрмақ. Мен оған кәміл сенемін. Бақұл болыңыз" , - деген жазба қалдырды журналист.

Аты аңызға айналған композиторға жантебірентерлік жазба арнағандар арасында Ләйлә Сұлтанқызы, Бағым Мақсатқызы, Асхат Садырбай да бар.

"Қазақ өнерінің тағы бір алыбы бақилық болды. Әйгілі композитор Кеңес Дүйсекеев дүние салды. Кеңес ағаның үлкен шығармашылық жұмыстары бір төбе, бәріміз жатқа білетін хит әндері бір төбе. Аға, сіздің әндеріңіз мәңгі жасайды, қанша уақыт өтсе де әндеріңіз ұмытылмайды, атыңыз өшпейді деп ойлаймын. Барша қазақ халқына, Кеңес ағаның тыңдармандары мен көрермендеріне, жақындарына көңіл айтамын. Иманы саламат болсын" , - деп көңіл айтты Асхат Садырбай.
"А.В. Бычков, Ахмет Жұбанов болмағанда қазақ халқында Кеңес Дүйсекеев деген композитор болар ма еді, болмас па еді" деген еді Кеңес Дүйсекеев. Бақұл бол, қазақтың біртуар сазгері" , - деп жазды Ләйлә Сұлтанқызы.

Бағым Мақсатқызы да әріптестерінен қалыспай, Дүйсекеев туралы естілігін айтып, отбасылық мұрағатындағы фотомен бөлісті.

"Суретте менің әкем, Кеңес Дүйсекеев пен анамның құрбысы. Менің емтиханнан кейінгі фото. Айтарға сөзім де жоқ. Қазақстан біртуар тұлғасынан айырылды. Оның әндерін бүгін бүгінде күллі Қазақстан шырқауда. Кеңес ағаны бала күнімнен бері білемін. Өте өкінішті. Иманды болыңыз" , - деп жазды ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1864237-birtuar-tlga-ner-zldyzdary-kees-djsekeevpen-kimaj-kostasuda/