"Дөңгелетіп жатырмыз": Бағлан Әбдірайымов карантинде немен айналысып жүргенін айтты
Жарияланған күні:
Жігіттер тобының мүшесі, белгілі әнші Бағлан Әбдірайымов карантин кезінде қандай іспен айналысып жүргенін тыңдармандарына айтып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.
Өнер иесі карантин кезінде ән жаздырмағанын, алайда шектеу шаралары аяқталған соң халықпен жүздесуге дайын екенін жеткізді.
"Еліміз еңсесін көтеріп, мерекелік көңіл-күй болып жатса, әдемі кештерде әдемі әндерімізді айтып, "Жігіттер" болып жүре береміз", - деді Бағлан Әбдірайымов.
Ол тойдың табысына қарамай, басқа да іспен айналысып жүргеніме бір-екі жыл болды деп отыр. Өнер иесінің жақында екінші кітабы жарық көрген.
"Ақ пен қара" кітабы жазылған соң, кітапты сатып, бизнес жасадық. Биыл да Бақытжан Бұқарбаймен бірлесіп "Қарызсыз қазақ" деген кітап жазып шығардық. Ол да оқырманға жол тартты. Сонымен қатар, отбасыға, күнделікті ішуге деп қымыз, саумал шығарумен айналысып жүрміз. Әзірге осы істі дөңгелетіп жатырмыз", - деді әнші.
Сонымен қатар өнер иесі елде болып жатқан жағдайларға пікір білдіріп тұратынын, алайда саясатқа араласу ойында жоқ екенін мәлім етті.
"Әлеуметтік желіде белгілі бір тақырыпта ой бөлісіп, азаматтық пікірімді білдіріп тұратыным бар. Алайда саясатқа араласу ойымда жоқ. Соның бірі ретінде тойға тыйым салуға да тоқталып өтуге болады. Қазір азаматтардың асқа, жаназа, жиын, тойға барып инфекция жұқтырып алатынын көріп отырмыз. Сондықтан карантин енгізілген соң тек тойды ғана емес, басқа да кісі көп жиналатын жиындарға да шектеу қойған дұрыс деп ойлаймын", - деді "Жігіттер" тобының әншісі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1866791-dgeletip-zatyrmyz-baglan-bdirajymov-karantinde-nemen-ajnalysyp-zrgenin-ajty/