Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Танымал актриса Әлия Әнуарбектің күйеуі қайтыс болды

Жарияланған күні:

Әлия Әнуарбек жолдасымен
Фото: Instagram/aliya_anuarbek

Отандық кино саласының жұлдызы Әлия Әнуарбектің отбасы орны толмас қазаға ұшырады. Белгілі актрисаның жолдасы мезгілсіз өмірден өтті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Қаралы хабарды ерлі-зайыптылардың отбасылық досының бірі, дизайнер Гүлжан Аркен жеткізді. Ол өзінің Instagram парақшасында жантебірентерлік жазба жариялап, марқұм жайлы естеліктермен бөлісті.

Оның жазбасындағы ақпаратқа сәйкес, Азамат 17 қыркүйек күні қайтыс болған.

"Бұл сөздерді жазу үшін ұзақ дайындалдым. Жазып, өшіріп, қайта жаздым. 17 қыркүйекте біздің жақын достарымыздың бірі Азамат өмірден өтті. Сенгім келмейді. Бірақ, ол біздің жылағанымызды қаламас еді. Бұл өмірде біз түсіне алмайтын көп нәрсе мен мың түрлі сұрақ бар. Күні кеше ғана біз туған күндерімізді бірге атап өтіп, отбасыларымызбен Бурабайда демалып едік. Сенің әзілдеріңе тоқтамай күліп, асқан тапқырлығың мен ақылыңа тәнті болып отырушы едік.

Сен білмейтін тақырып жоқ секілді бұл өмірде. Кез келген мәселеге сен дәлелдер келтіріп отыратынсың. Сен өздігіңнен рэп шығарып, караокеде бәрін өзіңе қаратып алатын едің. "Әсіресе Эминемнің әндерін жақсы орындаушы едің. Ал енді сенің қандай қамқор перзент, үлгілі аға, Әлияның мінсіз жолдасы және қыздарыңның сүйікті әкесі болғаныңды айтып тауысу мүмкін емес. Сен сондай керемет дос бола білдің. Біздің армандарымыз бен мақсаттарымыз ұқсас еді.

Өмір не деген қатал. Біз көмектесе алғанымызда ғой. Бірақ сен ешкімге салмақ түсіргің келмей, нағыз жауынгердей соңына дейін күрестің, жеңіп шығарыңа сенімді болдың. Бұл бәріміз үшін орны толмас қаза. Сенің жоқ екеніңді мойындау аса қиын. Бірақ, жаратушының өз ойлағаны бар. Азамат сен әрдайым біздің жадымыздасың. Біздің жүрегімізде сен жас, көңілді, талантты әрі мейірімді жан ретінде сақталасың. Жатқан жерің жайлы болсын, досым" , - деп жазды ол.

Айта кетейік, Әлия Әнуарбек пен жолдасы 2014 жылдың 14 маусымында отбасын құрды. Олардың ортақ екі қызы бар. KAZ.NUR.KZ ұжымы марқұмның отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1877084-aktrisa-lia-nuarbekti-zoldasy-kajtys-boldy/