RU

Тойдан қағылған отандық жұлдыздар қалай күн көріп жатыр

Әнші2
Көрнекі фото: pixabay.com

Карантин кезінде тойдан қағылған әнші-бишілер қазір қалай күн көріп жүр? Жұлдыздармен жүздескен "Астана" телеарнасының тілшісі бұл сұраққа жауап іздеді.

Пандемия халыққа оның ішінде өнер адамдарына оңай соқпағанын елге танымал эстрада жұлдыздарының өздері де мойындайды.

Мәселен "Азия" тобының әншісі Ербол Шәріпов қазір шамамен хит болады-ау деген әндерді шығаруға талпынып отырмағандарын айтады. Себебі қазіргі жағдайда ән бәрібір өз-өзін ақтамайтынын жеткізді.

"Шынын айту керек қазір барлығы жан-жақтан қысып тастаған жағдайда жақсы хит болады-ау деген әндерді шығаруға талпынып отырған жоқпыз. Неліктен, өйткені қазір шығарып, ол хит болғанымен, бәрібір өз-өзін ақтап, өтемейді", - дейді әнші Ербол Шәріпов.

Той-томалаққа шектеу қойылғалы асаба-әншілеріміз табысынан қағылып отырғаны жасырын емес. Десе де, тұрақты жұмысы бар өнер адамдарына карантин аса ауыртпалық сала қоймаған.

"Мен мысалға Алматы әуендерінде жұмыс жасаймын. Республика сарайында. Жалақыны ай-сайын алып тұрамыз. Бізге ондай қатты қиын болып жатқан жоқ. Жұмыс жасамайтындар бар, оларға қиын енді, кішкене, той жоқ, концерт жоқ. Сондай қиналып қалған отбасылар бар, көріп жатырмыз барлығын", - дейді әнші Абай Бегей.

Асаба Нұржан Аташ та тұрақты жұмысы барын одан бөлек, тойдан жиған-тергеніне жеке кәсіп ашып алғанын айтады.

"Өзімнің тұрақты жұмысым бар. Одан бөлек, осы тойдың септігімен тапқан табысымыздың арқасында жасаған азды-көпті кішкентай кәсіптеріміз бар. Ал енді құр тоймен ғана өмір сүріп жүрген адамға, әрине, сөзсіз қиын", - дейді ол.

Коронавирус салдарынан оқшаулау өнер адамдарынан бұрын рестораторларға ауыр тиюде. Мамандардың айтуынша, еліміздегі көптеген мейрамханалардың жағдайы мәз емес.

"Карантин уақыты бүкіл шағын және орта бизнеске өте қатты әсерін тигізіп жатыр. Соның ішінде тойханалар, ресторандар, кафе. Әншілерге болсын, тамадалар болсын, басқа да осы той-томалақтардың деңгейінде қызмет көрсетіп жүрген азаматтардың барлығы қазір табыс деңгейінен айрылып отыр", - дейді экономист Мақсат Серәлі.

Ә. Лесбек

Еске салсақ, бұған дейін биыл әлем жұртшылығы Жаңа жылды қалай қарсы алатынын жазған едік. Жаңажылдық шаралардың арқасында шығындарын өтеуден үміттеніп отырған жұлдыздар карантинге қатысты өз ойын ортаға салған еді.

Одан бөлек, танымал отандық актер карантин кезінде әйелі асырағанын айтып, ағынан жарылғанын жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1885176-tojdan-kagylgan-zldyzdar-kalaj-kn-krip-zatyr/