"Қай атамыз ақиқа деуші еді": Елшібаева қазақ салтын арабшаға бұрмалайтындарға шүйлікті
Жарияланған күні:
Елімізге танымал дәстүрлі әнші Айгүл Елшібаева қазақтың салт-дәстүрлерінің атауын бұрмалап, арабшадан балама іздейтіндерді сынға алды. Әсіресе, қазақ халқында бар дәстүрлердің негізін арабқа теліп қоятындар оны әбден қынжылтқан. Жыраулар ізін жалғастырып жүрген әнші "қалжаны" арабша "ақиқа" дейтіндерді сынға алды деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Бір отырыста елімізге танымал жандардың бірі жаңа босанған әйелдің ақиқасын жеуге бардық деп, әңгімені соғып отыр. Ақиқа деген кәдімгі қазақтың қалжасы. Арабтар оны ақиқа деп атайды екен, ал біздің өз сөзіміз, өз дәстүріміз барда неліктен олай айтуымыз керек? Қазақ халқы әу бастан бәрін реттеп қойған. Әр нәрсенің орнын, салмағын саралай білген бабаларымыз.
Келіншек босанып, үйіне келгенде айналасындағылар қой сойып, қалжа беріп, жас анаға сорпасын ішкізген. Баланың мойны тезірек қатайсын деп, келіншекке мойын еттен берген ырымдап. Міне, қалжа дегеніміз бізде атам заманнан бар нәрсе. Алайда, арабша атаулар мен дәстүрлерді тықпалап, сәннен қалмау керек бәріне", - дейді Айгүл Елшібаева.
Әнші жаңа босанған келіншек сәбиімен бірге үйге келгенде жасалатын ырымдар мен дәстүрлерге де тоқталды.
"Қазақ сәбиді қырқынан шығарып, қырық қасық суды ырымдап құйып, жуындырып, шашы мен тырнағын алды. Дастархан жайып, шілдеханасын жасайды. Ақиқасын берді деген не? "Ақиқасын сойды" деген қай жақтан шықтан дәстүр? Қай бабамыз ақиқа деп айтушы еді? Қазақтың ұлттық дәстүріндегі жоқ атауларды тықпалай бермейік! Әр ұлттың өз ерекшелігі, салт-дәстүрі бар. Білмесеңдер, білгендерден сұрап алыңыздар. Біз қазақ деген ұлтпыз", - дейді Елшібаева.
Айта кетелік, жақында әнші белгілі психолог Құралай ханымның іс-әрекеттерін қатаң сынға алған болатын.
Одан бөлек, қызды ақ кілемге отырғызып ұзатқандар Қазнетті шулатқанын жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1886339-kaj-atamyz-akika-deusi-edi-elsibaeva-kazak-saltyn-arabsaga-brmalajtyndarga-sjlikti/