"Аузына түкірттім": Төреғали Бекболат Тілеухан мен Мұхамеджан Тазабектен не үшін бата сұрап жүр
Жарияланған күні:
Қазақ эстрадасының жұлдызы Төреғали Төреәлі ұлы Төренұрдың абыз ағалары Бекболат Тәлеухан мен Мұхамеджан Тазабекке ұқсап өскенін қалап, олардың алдына арнайы бұйымтайымен барған. Өнер иесі елге сыйлы қос тұлғадан бата сұрап, олардан баласының аузына түкіріп беруін өтінген деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Әдетте, өзі біреудің баласының аузына түкіріп беретін Төреғали бұл жолы үлгі тұтар ағаларына ұқсас шаруамен жүгінген. Шоу-бизнес жұлдызы жалғыз ұлы Төренұрдың Бекболат Тілеухан мен Мұхамеджан Тазабек сынды болашақта елге сыйлы халықтың адамы болып өсуін ырымдаса керек.
Ол өзін өнерде де, өмірде де әркез қолдап жүретін жанашыр ағаларының алдынан өтіп, перзенті үшін ақ батаны алып, оның аузына түкірткізген. Төреғали бұл мәртебені не себепті Тілеухан мен Тазабекке сеніп тапсырғанын Instagram парақшасында түсіндірді.
Оған қоса, өнер иесі сол кездесу кезіндегі видеомен де бөліскен.
"Бұл мен үшін және менің ұлым Төренұр үшін керемет тарихи күн болды. Алладан сұрап, артыңнан ерген қарасының алдынан тек ақ күн туғанын кім қаламайды дейсіз?! Ата-ананың қадірін балалы болсақ та толық біле алмай жүрміз ғой, бірақ бұрынғыға қарағанда сезініп келе жатырмыз енді.
Менің өмірде жеткен қандай аз-маз жетістігімде әуелі Алла сосын көпшіліктің берген батасы тұр. Кімнің батасы қабыл екенін білмеймін анық, бірақ менің әкем көп бет ашқан кісі. Сол бала кезімде есімде әкем беташардан соң екі жастан бөлек ақшаны аямай беріп тұрып ақсақалдардан маған бата алып беретін. Ауылдағы адамдардың ықыласы қандай ғажап, қабыл боларына күмәнсіз береді ғой.
Кейін мен Алматыға келгенде осы кісілердей болсам дейтін тұлғаларым болды. Солардың жуан ортасында Бекболат аға мен Мұхаммеджан аға тұратын. Алла сәтін салып, бұл кісілердің алдын көріп, алқасында болдық. Талай шалалық, шалығымызға көз жұма қарап, тек қолдау жасаумен келеді. Бұл кісілер туралы арагідік әртүрлі әңгіме естісем де сенген емеспін, себебі мен көрген Бекең мен Мұхаң мен естіген Мұхаң мен Бекеңе еш ұқсамайды.
Он жылдан аса бір кілт еткен кілтипаны, сезікті әрекеті болса ендігі байқар едік қой. Сондықтан кімге болса да жамандай кетіп, жала жабуға асыға бермеймін. Менің руымды, туған жерімді, айналамды сұрап жатпай-ақ бала күннен бауырға басты. Бізбен бірге бол деген жоқ, шақырсақ келеді, шақырады әкеме еріп мен барамын. Сонымен не керек Бекболат ағаның осында екенін естіп Мұха ағаға хабарласып, баламның аузына түкіртіп, батасын алып қайттым", - деді Төреғали.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1888344-auzyna-tkirttim-tregali-ly-sin-bekbolat-tileuhan-men-mhamedzan-tazabekten-bata-srady/